in

Сақтандырудың да санағы бар

Содан кейін баспананы міндетті сақтандыру жүйесін енгізу өзекті тақырыпқа айналып, Президент тиісті тапсырма жүктеді. Осыған орай биыл Ұлттық банк пен қаржылық реттеуші осы тетікті енгізуге кірісіп жатыр. Бірақ бұл бастама жүзеге асуы үшін Құрылтай тиісті заң қабылдауға тиіс. Сонда қазақстандықтар 2030 жылға дейін баспанасын табиғи апаттардан жаппай сақтандырып шығуға тиіс болады. Дамыған елдердің бұл тәжірибесі Қазақстанда қалай жүзеге аспақ? 

Қызыл судан қалған сабақ

Екі жыл бұрынғы тасқын ел бірлігіне сын болды. Рес­пуб­­ликаның 20 өңірінің 11-ін қар­­ғын су басты. Сын сағатта қа­зақ­­стан­дықтар жұрт болып жұ­мыл­ды. Үкі­мет, мемлекеттік ор­ган­дар, құт­­­қарушылар, волонтерлер, сар­баз­дар, тәртіп сақшылары, қоғам бел­сенділері, бизнес және былайғы жұртшылық бірлесе қи­мыл­дады, бір кісідей жұмылды. Ор­тақ істен ешкім шет қалған жоқ. Зардап шек­кен жандарға жап­пай қол ұшын соз­ды. Соның нә­ти­же­сінде 119 мың­нан астам адам дер ке­зінде қауіп­сіз жерге кө­шірілді. Оның 45 мың­ға жуығы – балалар. Ең бастысы, адам өмірін барынша сақ­тап қал­ды.

Сол 2024 жылғы 25 сәуірде Қ­а­­зақ­стан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сө­зін­де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың «өте ауыр ­сынаққа тап болғанына» на­зар аудартты. Сондай-ақ Қазақ­стан көш­басшысы қазіргі әлемде түрлі табиғат апат көбейіп бара жат­қанын қаперге салды.

– Шын мәнінде, апат деген ай­­тып келмейді екен. Қазақстан да үл­кен қатерге тап болды. Елі­міз­дің көп­теген аймақтарында ала­пат су тас­қыны болып жатыр. Со­ған сай Үкі­мет барлық қажетті іс-әрекет­тер­ді жасап жатыр, тиісті қаражат бө­лінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын бер­ді. Жой­қын су тас­қынынан бұ­зыл­ған үй­лерді қалпына келтіру, зар­дап шек­кен тұрғындардың қа­лып­ты өмір­ге қайта оралуын қам­тамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде ме­нің алдымда тұрған аса маңызды міндет! – деді Қ.Тоқаев. 

Сол бір қиын-қыстау кезде еш­­кім ескерусіз қалмаған, мемлекет өз міндеттемесін орындаған. Әйт­­кен­мен, болашақта табиғи апат­тар­дың салдарын жоюда шы­ғыстардың басым бөлігін сақ­тан­дыру ком­па­ния­лары өтейтін «мү­лік­ті сақтан­дыру жүйесін» жолға қою тапсырылды. 

– Біз алдағы уақытта аза­мат­тар­­дың мүлкін сақтандыру жүйе­сін одан ары жетілдіру жолдарын қарас­­тыруымыз қажет. Дамыған ел­­­дерде алапат апаттан келген шы­­­­­ғын­ның басым бөлігін сақтан­дыру ком­паниялары мойнына ала­ды. Әри­не, ол үшін экономика мен қар­­­жы жүйесін одан ары да­мы­тып, қо­ғамда тиісті мәдениет қа­лып­тас­тыру керек! Үкімет бұл мә­селемен ай­налыссын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ізінше, Президентінің 2022 жыл­­ғы 26 қыркүйектегі №1021 Жар­­лығымен «Қазақстанның қар­­­жы секторын дамытудың 2030 жыл­­­ға дейінгі тұжырымдамасы» бе­­­кі­тіл­ді. Онда осы міндет ресми бел­­­гі­лен­ді. Бұл құжатта ел өңір­лері­­нің едәуір бөлігі сел, су тас­қы­ны, жер сіл­кінісі, құрғақшы­лық сияқ­ты та­биғи тәуекелдерге бейім еке­ні атап өтіледі. 

«Халықты және азаматтардың мү­­ліктік мүдделерін табиғи апат­тар­­дан қорғауда сақтандыру те­тік­тері іс жүзінде іске қосылмаған. Шы­­ғын­­дарды өтеу бойынша шы­ғыс­­тар­дың ауыртпалығы негізінен мем­­лекеттік бюджетке түседі. Бұл фак­­торлар ұлттық экономикаға да, қа­рапайым азаматтарға да ай­тар­лық­тай шығын келтіреді. Ірі шы­­ғын­дарды азайту мақсатында мем­­ле­кет пен сақтандыру секторы қа­­ты­сатын апатты оқиғалардан сақ­­тан­дыруды енгізудің орын­ды­лы­­ғы­на талдау жүргізілетін болады», – деп белгіленген тұжырым­дамада.

Үйдің тыныштығы – елдің тыныштығы

Қаржы нарығын реттеу және да­­мыту агенттігі мен Ұлттық банк әзір­леп шыққан, 2030 жылға дейін­гі Сақ­тандыру нарығын да­мы­ту бағ­дарламасына сәйкес, тұр­ғын үйді та­биғи апаттардан мін­детті сақ­тан­дыруды кезең-ке­зеңі­мен енгізу көз­деледі. Негізгі үш қатер нақты бел­гіленген, бұлар – зіл­зала, су тас­қы­ны, сондай-ақ та­­биғи орман-да­ла өрті. Демек, Құрыл­­тай заң жобасын қазіргі күйін­де қабылдаса, аза­маттар өз бас­­панасын осыларға қа­тысты сақ­­тандыруға міндетті бол­мақ. Бас­­қа негіздерді қамты­ғы­сы келсе, ол әркімнің өз еркінде. Бұл жаңа жүйе алдағы 4 жыл ішінде ке­­­зең-кезеңімен іске қосылмақ. 

Агенттік мамандарының тү­сін­­діруін­ше, мұнда маңызды бір жайт бар. Сақтандыру нысаны кез кел­ген мү­лік, мысалы, гараж, қо­ра, дү­кен, ком­мерциялық жыл­жы­май­­т­ын мү­лік емес, жеке тұлғаның аты­на тір­келген, тұрақты тұруға пай­­да­ланы­латын үйі немесе пәте­рі болады. Жиһаз, тұрмыстық тех­­­ника, же­ке заттар және ау­ла­да­ғы тұрғын емес құрылыстар мін­дет­ті полиске кірмейді. Ендеше мем­лекет талап ете­тін қорғаныс те­тігі адамның бү­кіл мүлкін емес, ең басты материал­дық құн­ды­лы­ғын – басына пана бо­лар үйін қор­­­­ғауға бағытталады. Жүйе­нің мін­детті болуының себебі де осын­да: табиғи дүлей салдарынан адам ауқатынан айрылуы мүм­кін, бірақ далада қалмауы керек. 

Әзірге елімізде баспананы сақ­­­тан­дыру тек ерікті негізде жүр­гі­­зіле­ді. Бұл модель жағдайында Қа­зақ­стан­да тұрғын үйін табиғи қа­тер­лер­ден сақтандырған аза­мат­­тардың үле­сі небәрі 3,2%. Кейін­гі жылдары жер дүмпуін жиі се­зінетін Алма­ты­ның өзінде бұл көр­сеткіш – 7,7% ға­на. Тұрғын­дар­­­­дың басым бөлігі «апат болса, мем­лекет өтемақы бе­ре­ді» деп үміт­тенетін болса керек. Соң­ғы бес жылда ерікті мүліктік сақ­тан­ды­ру шарттарының саны 12%-ға, сый­лықақы көлемі 51%-ға өс­кенімен, тұрғын үйді қамту дең­гейі төмен күйінде қалып тұр. 

Әлемнің озық елдеріндегі тұр­­­ғ­ын үйді сақтандыру дең­­­гейі Қазақстанмен салыстыр­ған­­да әлдеқайда жоғары. Мысалы, АҚШ-та үйлердің шамамен 93%-ы сақ­тандыруымен қамтыл­ған. Фе­дерал­дық резервтің дере­гін­ше, үй ие­лерінің 7%-ы ғана сақ­­тандыру­сыз жүр. Ипотекалық не­сиесі бар тұр­ғын­дар арасында сақ­тандыру үлесі бұ­дан дажоғары – шамамен 97%. 

Еуропа лидері Германияда тұр­­ғын үйлерді табиғи апаттардан, со­­ның ішінде су тасқыны мен нө­сер се­кілді қауіптерден қорғайтын арнайы сақтандыру түрі бар. ГФР сақ­тандыру қауымдастығының мә­ліметіне сай, 2024 жылдың соңын­­да тұрғын үйлердің шамамен 57% табиғи апаттардан сақ­тан­дырылған. Бұл көрсеткіш 2019 жы­лы 45% еді. Яғни бес жыл ішін­де көрсеткіш 12 пайыздық тар­­­мақ­қа өскен.

Түркияның тәжірибесі Қа­зақ­стан үшін айрықша қы­зықты. Себебі бұл елде 1999 жыл­ғы жойқын жер сілкінісінен кейін зілзаладан міндетті сақ­тан­дыру жүйе­сі – DASK енгізілді. 2024 жылғы де­рек бойынша, Түр­кия­да 11,3 миллионнан астам тұр­ғын үй жер дүмпуінен міндетті сақ­тандырумен қамтылған. Бұл тұр­ғын үй қорының 57%-дайы. Ха­лықаралық тә­жіри­беге қара­ған­да Қазақстанда сақтан­дыру мә­дениетінің қалыптасу деңгейі әлі төмен екенін байқауға болады.

Қауіптен қорғайтын қалқан

Жаңа жүйеге қатысты қо­ғам­да және сарапшылар ор­тасында ең көп талқыланып жат­қан мәселе – табиғи апат бол­ған­ға шейін әрбір азаматтың қал­тасынан шығаруға тиісті шығыны. Бас­тапқыда Үкімет халыққа үлкен ауыртпалық түсірмеу үшін тұрғын үйді міндетті сақтандырудың жыл­дық жарнасының мөлшері 1 мың теңгеден басталатынын ха­бар­­лап еді. Алайда Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агент­тігі ұсынған нұсқада жарнаның тө­менгі шегі 2 мың теңге деп көр­се­тілген. 

Бұл сома барлық азамат үшін бір­дей болмайды. Жарна мөлшері тұр­ғын үй орналасқан өңірдің та­би­ғи қауіп деңгейіне байланысты сараланбақ. Сәйкесінше, зілзала қаупі жоғары елді мекендердің – ауыл мен қаланың тұрғындары кө­бірек төлеуге мәжбүр болады. Бұл ретте әзірше «жарна 2 мың тең­геден кем болмайды және 20 мың теңгеден аспайды» деп бел­гі­ленді. Бірақ Құрылтай депутаттары заңды қарау барысында бұл со­маны өзгертуі ықтимал. 

Төтенше жағдай орын алған­нан кейінгі берілетін төлемдер кө­леміне де шек-лимит қойылды. Ағым­дағы ұсынысқа сәйкес, бі­рін­ші кезеңде сақтандыру төле­мі­нің мөлшері жарнаның өз сомасы­нан 500 есеге дейін жетуі мүмкін. Бас­қаша айтқанда, жылына 2 мың теңге төлейтін азамат 1 млн тең­ге­ге дейінгі тө­лем­ден үміттене ала­ды, ал 20 мың теңге тө­лейтін адам 10 млн теңгеге дейін ала алуы ық­ти­мал.

2024 жылғы су тасқыны ке­зін­де кейбір азамат мемлекет ұсынған өте­мақының тұрғын үйді қалпына кел­тірудің нақты шығындарын өте­­мегенін мәлімдеген-тін. Осы­ған байланысты жаңа жүйеде тө­лем сомасының нарықтағы құ­ры­лыс құнымен арақатысы да аса маңызды мәнге ие болады. Құ­жат­та атап өтілгендей, бастапқы ке­зең­де төлемдер қираған үйдің т­о­лық құнын өтеуге емес, тек зар­дап шеккен адамның бірінші кезектегі қажеттіліктерін өтеуге ба­ғытталмақ. Әйтпесе, барлық үй­дің толық құнын өтеуге қаржы жет­пейді. Жылдар өте келе, сақ­тандыру қоры қаражатының жиналуына қарай төлемдер мөлшерін ұлғайту жоспарланған: ол тұрғын үйді қалпына келтіруге немесе жаңа­сын сатып алуға жеткілікті дең­гейге дейін ұлғаюы мүмкін. 

Жарналарды жинау және төлемдерді ұйымдастыру үшін бірыңғай оператор (жеке қор) құру ұсынылады. Оның функ­­ция­лары тек қаражатты жинақ­таумен шек­телмейді. Оператор зардап шек­кендерге төлемдер жасауға жә­не ірі шығындарды қайта сақ­тандыруға қатыспақ. Мұндай тә­сіл табиғи апаттардың ерек­ше­лі­гі­не байланысты туындап отыр. Бір ауқымды су тасқыны немесе жер сілкінісі салдарынан мың­да­ған үй бір мезгілде қирап, бұзылуы мүм­кін. Мұндай жағдайда жекелеген сақтандыру компанияларына сонша көп шығынды еңсеру қиын­ға соғады. Сондықтан мем­ле­кет капиталды бір қорда шо­ғырлан­дыру және қайта сақтан­дыру арқылы ірі тәуекелдерді ең­серу әлдеқайда тиімдірек деп са­найды.

«Олай болса, жаңа тетік ен­гі­зіл­геннен кейін мемлекет дүлей апат­тан зардап шеккен жұртына жа­нашырлық көрсетіп, жәрдем­дес­пей ме?» деген сауал туындауы мүм­кін. Ұлттық банк маман­дары­ның түсіндіруінше, жаңа жүйе мемлекетті бұл міндеттемесінен жә­не жауапкершіліктен босатпайды. Мемлекет табиғи апаттардың ал­дын алуды, төтенше жағдайлар­ға дайындықты және олардың сал­­дарын жоюды ары қарай жал­ғас­тырады. 

Баспана – төрт қабырға мен ша­тыр ғана емес, әрбір шаңырақ­тың ертеңге деген сенімі. Сол құн­ды­лықты адамзаттың өзі бүл­дір­ген табиғаттың тосын мінезі­нен қор­ғау енді ортақ жауапкер­ші­лік­ке айналмақ.

Айхан ШӘРІП