Яғни еліміздің саяси алаңының болашағы туралы мәселе ерекше өзекті болып отыр. Осы тұста біз 8-ші шақырылым депутаттарының кейінгі үш жылда немен айналысқанын және ел экономикасын қандай перспективалар күтіп тұрғанын білу үшін Мәжіліс депутаты Руслан Кожасбаевпен сұхбаттастық.
– Руслан Садуақасұлы, Мәжілістегі жұмысыңыздың аяқталуына қандай оймен келіп отырсыз? Болашақ заң шығарушы органның жұмысы қандай болады деп ойлайсыз? Реформаның негізгі идеясы неде?
– Әрине, атқарылған жұмысқа талдау жасалады: не істелді, нені одан да жақсырақ жасауға болар еді. Талдау – дамуға бастайтын жол. Құрылтайға келсек, мұндай реформа саяси ерік-жігерді талап етеді және бұл жай ғана «атауды өзгерту» емес. Бұл – заң шығару жүйесінің неғұрлым икемді архитектурасын іздеу. Қазақстан үшін әлемнің, технологиялардың қарқынды дамуына және өзгеріп жатқан парадигмаларға бейімделу өте маңызды. Мемлекет басшысы – өте тәжірибелі саясаткер. Ол бүгіннің ғана емес, ертеңгі күннің де көкжиегін көре алады, жаһандық өзгерістердің мән-мәтінін ескереді. Сондықтан еліміздің саяси аренасында жүріп жатқан қазіргі үдерістер бүгіннің ғана емес, болашақтың да сұранысына жауап береді.
Қазір екі маңызды нәрсені түсіну қажет. Біріншіден, мемлекетке Президенттің бағыты төңірегінде бірігу керек. Екіншіден, елге кәсіби мамандар қажет. Менің ойымша, бірігу экономиканы қарқынды реформалау және белгіленген бағытты жүзеге асыру үшін қажет. Реформаларды дәйекті түрде жүргізіп, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Қоғам, мемлекеттік институттар, бизнес және сарапшылар қауымдастығы бір мақсатта жұмыс істеген кезде, өзгерістер әлдеқайда жоғары нәтиже береді.
Қазіргі әлем халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілік басым бағыттарға жеткілікті ресурстарды шоғырландыру арқылы қамтамасыз етілетінін дәлелдеді. Мысалы, Қытайдың электромобильдерді әлемдік нарыққа шығару табысының артында ғылым мен технологияға салынған көпжылдық мемлекеттік инвестициялар тұр.
Ал кәсібилік туралы айтатын болсақ, халықтың сапасы мен құзыреттері – елімізге аса қажет капитал. Табысты мемлекеттерге қарасақ, олардың барлығын біріктіретін нәрсе – адамдардың жоғары деңгейдегі біліктілігі. Дұрыс бағдарламалар мен жақсы ниет жеткіліксіз, нақты нәтижеге қол жеткізе алатын тәжірибелі мамандар қажет. Сондықтан Құрылтай әртүрлі құзыреттері мен практикалық тәжірибесі бар кәсіби кадрларды шоғырландыратын маңызды алаңға айналады деп сенемін.
– Мәжілістің 8-ші шақырылымының жұмысы сарапшылар қауымдастығында көбіне экономикалық бағытқа басымдық берген кезең ретінде сипатталады. Сіз Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі ретінде еліміздің экономикасына тікелей әсер ететін заң шығару процесінің бел ортасында жүрдіңіз. Өзіңіз қатысқан бастамалардың ішінде Қазақстандағы бизнес жүргізу жағдайына айтарлықтай ықпал ететін қандай жобаларды атап өтер едіңіз?
– Шынында да, біздің шақырылымның жұмысы көбіне экономиканы дамытуға ықпал ететін нормаларды қабылдауға бағытталды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде біз елдегі экономикалық ахуалға тікелей немесе жанама әсер ететін жүздеген құжаттарды қарастырдық.
Кейінгі үш жыл ішінде мен жеке өзім 30-дан астам заң жобасын әзірлеуге қатыстым, шамамен 500 түзету енгізуге бастамашы болдым және бірнеше заң бойынша жұмыс топтарына жетекшілік ету мүмкіндігіне ие болдым. Біз әріптестерімізбен бірге нақты практикалық мәселелерді шешуге басымдық бердік. Мысалы, инвестициялық жобалар үшін жер учаскелерін беру мәселесін алайық. Бизнесте және облыс әкімдігінде жұмыс істеген тәжірибемнен инвестиция тартуға кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі әлі де болса бюрократия екенін жақсы білемін.
Алдымен депутаттық сауал жолдап, кейін бір жыл бойы орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен жүйелі түрде жұмыс жүргіздік. Өзгерістердің қажеттілігін дәлелдеуге тұтас бір жыл кетті. Нәтижесінде, 2024 жылғы 1 маусымда Әділет министрлігі Инвестициялық жобаларды айқындау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрықты тіркеді. Құжатта бизнес жүргізуді жеңілдететін бірнеше маңызды жаңашылдық қарастырылды.
– Ал көп талқыланған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға келсек, кәсіпкерлер үшін қандай түбегейлі жаңалықтар енгізілді? Бұл заң экономика жұмысына қалай әсер етеді?
– Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға 2025 жылы қол қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл құжат рәсімдердің шамадан тыс созылуын, негізсіз шағымдардың көптігін жойып, жүйенің ашықтығын арттыруға тиіс болды. Біз дәл осы бағытта жұмыс істедік.
Жұмыс тобының жетекшісі ретінде мемлекеттік сатып алу саласында бедел мен адалдық нақты бәсекелестік активке айналатынын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды. Нақты фактілерге тоқталайық. Біріншіден, рәсімдерді өткізу мерзімдері түбегейлі қысқартылды. Бұрын конкурстар кем дегенде 60 күнге созылатын болса, енді тауарлар мен қызметтер бойынша қарапайым конкурс 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі. Ал құрылыс саласында жеңімпаз орта есеппен небәрі 5 жұмыс күнінде автоматты түрде анықталады.
Екіншіден, заң отандық компанияларға бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер қарастырды. Атап айтқанда, шарт сомасының 50 пайызы көлемінде міндетті аванс төлеу енгізілді. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлер банктік кепілдіктер ұсынудан босатылды, келісімшарт жасасуда басымдыққа ие болды және айыппұлдарға қатысты жеңілдетілген шарттар қарастырылды.
Үшіншіден, заң адал емес қатысушыларға қатаң тосқауыл қояды. Жалған компанияларды анықтау үшін жұмыс тәжірибесін тексеру талаптары күшейтілді.
Шағымданудың жаңа тәртібі енгізілді. Жаңа норма енгізілгеннен кейін негізсіз шағымдардың саны 23%-ға азайды. Тек екі көрсеткішті келтірейін: отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың саны 16%-ға артты, ал олардың жалпы сомасы 23%-ға өсті. Нәтижесінде, отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 456 млрд теңгеге жетті.
– Сіз экспорттық-кредиттік агенттік бойынша жұмыс тобын басқардыңыз. Алдағы 5-10 жылда шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлеріне қандай салалар айналуы мүмкін? Қазақстанның әлемдік саудадағы өз орнын нығайтуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Бұл заң жобасы бойынша біздің алдымызда нақты міндет тұрды – Қазақстанның әлемдік нарықтардағы экономикалық мүдделерін қорғайтын қуатты институт құру. Мемлекет басшысы оны KazakhExport АҚ базасында қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Негізгі мақсат – халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шикізаттық емес экспортты қолдаудың негізгі құралдарын бір орталыққа шоғырландыру болды.
Реформа аясында экспорт алдындағы қаржыландыру және халықаралық тендерлерге қатысуға кепілдіктер беру тетіктері енгізілді. Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік және химия салаларындағы жалпы құны 140 млрд теңгені құрайтын 7 ірі жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар агенттікті халықаралық қаржылық стандарттарға интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
Екі жылдық жұмыс қорытындысы бойынша, агенттіктің сақтандыру сыйымдылығы 950 млрд теңгеге жетті, ал экспорттаушыларға көрсетілген қолдау көлемі екі есеге жуық өсіп, 650 млрд теңгеден асты.
– Туристік агенттіктердің онлайн-сервистермен тең емес бәсекелестік жағдайына тап болғаны қоғамда кеңінен талқыланған еді. Қазір бұл мәселенің ахуалы қандай? Жалпы, туристік бизнестің болашақтағы дамуын қалай бағалайсыз?
– Меніңше, мәселе тек турагенттіктер мен платформалар арасындағы дауда емес. Бұл – жалпы бәсекелестіктің болашағына қатысты мәселе. Мемлекет технологиялармен күреспеуі және цифрландыруды шектемеуі керек, алайда нарықтың барлық қатысушылары үшін тең бәсекелестік жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.
Технологиялардың дамуы реттеуден озып жүруі – қалыпты құбылыс. Ерте кезеңдегі қатаң реттеу көбіне технологиялардың дамуын тежейді. Мұны бүгінде Еуропада жасанды интеллект саласының дамуынан да байқауға болады. Қазақстанда әзірге цифрлық сервистерге қатысты бірқатар мәселе туризм туралы заңнама, электрондық коммерция, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларының арасындағы «сұр аймақта» қалып отыр.
Саланың болашағын мен дәстүрлі және цифрлық бизнестің қарсы тұруынан емес, олардың өзара ықпалдасуынан көремін. Болашақтың турагенті – кәсіби кеңесші.
– Сіз Алматы облысының әкімдігінде, кейін Жетісу өңірінде шамамен 5 жыл қызмет атқардыңыз. Бұл – Қазақстанның ең көрікті аймағының бірі. Сол өңірлердегі туризмнің қазіргі жағдайы қалай?
– Жетісу – менің туған өлкем және Қазақстандағы туризмді дамытуға ең үлкен әлеуеті бар өңірдің бірі. Кейінгі жылдары бірқатар туристік нысандарға апаратын жолдар салынды, инженерлік инфрақұрылым дамытылуда, курорттық аймақтар жаңғыртылуда, орналастыру орындарының саны артып келеді. Бұл – жоққа шығаруға болмайтын нақты нәтижелер.
Алайда ашық айтатын болсақ, өңірлеріміздің туристік әлеуеті мен туризмнің нақты даму деңгейі арасында әлі де елеулі алшақтық бар. Біз әлі күнге дейін жетістікті туристік экономиканың сапасымен емес, салынған нысандардың санымен өлшейміз. Көп жағдайда инфрақұрылымдық жобалар белгілі бір аумақтың бес, он немесе жиырма жылдан кейін қалай жұмыс істейтіні туралы нақты түсінік қалыптаспай тұрып жүзеге асырылады. Туристік ағындарды талдау, экологиялық жүктемені бағалау және қабылданатын шешімдердің экономикалық тиімділігін саралау секілді кешенді ғылыми тәсілдер әрдайым жеткілікті деңгейде қолданылмайды.
Мен туристік инфрақұрылымды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы дамытуда үлкен мүмкіндік көремін. Мемлекет базалық жағдайларды жасап беруі керек, ал бизнес қызмет көрсету сапасына және жаңа туристік өнімдерді дамытуға инвестиция салуы қажет.
– Маусым айының басында Мәжіліс телекоммуникациялар мәселелері жөніндегі заң жобасын қарады. Бұл құжат байланыс сапасы мәселесін көтереді. Жұмыс тобының жетекшісі ретінде айтып берсеңіз, елімізде ұялы байланыс тарифтеріне қатысты жағдай қалай?
– Бұл тақырып көпшілікті толғандырады деп ойлаймын. Желілерге түсетін жүктеме жыл сайын орта есеппен 18%-ға артып келеді. Байланыс тұрақты болуы үшін операторлар 2 жыл ішінде инфрақұрылымға 770 млрд теңге көлемінде қомақты инвестиция салды. Бұдан бөлек, операциялық шығындар да өсуде, электр энергиясының, базалық стансаларға арналған алаңдарды жалға алу құнының қымбаттауы әсер етуде. Сондықтан тарифтердің белгілі бір деңгейде өсуі байқалады.
Депутаттық корпус заң жобасымен жұмыс істеу барысында 140-тан астам түзету енгізді. Қазақстанның аумағы үлкен, ал халық тығыздығы төмен. Шалғайдағы ауылдарда желі салу операторлар үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бұл мәселені шешу үшін «соңғы мильді» субсидиялау қарастырылады, байланыс 1123 ауылға жетіп, шамамен 2,3 млн адамды интернетпен қамтамасыз етеді. Тағы бір шара – спутниктік арналар, ең шағын және шалғай ауылдар үшін KazSat ресурстары пайдаланылады. 2026 жылдың басына қарай 329 шағын ауыл қосылды, биыл жылдың соңына дейін тағы 31 елді мекен қамтылады.
– Ауыл мәселесін қозғаған екенбіз, онда агроөнеркәсіптік кешен тақырыбына да тоқталайық.
– Қазақстанда шетелдіктердің жерді жалға алу мүмкіндігі жоқ болғандықтан, АӨК-ке сырттан келетін инвестиция ағыны шектеулі. Сол себепті мемлекеттік қолдау шаралары арқылы инвестиция тарту мен саланың дамуын ынталандыру – өте маңызды. Атап айтқанда, менің сауалымда жеңілдікті мөлшерлемемен берілетін «ұзақ мерзімді» несиелер туралы сөз болды, олар дәл осы инвестициялық мақсаттарға бағытталады.
Қазір агросектордағы айналым қаражаты мәселесі шешілді деуге болады, фермерлер несиені 5%-бен алады, ал оның қайтарымдылығы 99%-ға жуық. Бірақ қолжетімді пайызбен инвестициялық мақсаттарға берілетін несиенің тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігінде өнеркәсіптік нысандарға арналған мақсатты несиелендіру бағдарламалары бар. Бірақ бұл бағдарламалар бойынша бюджеттен қаржыландыру жеткіліксіз, қаражат жетпей жатыр.
Меніңше, бұл мәселені жүйелі түрде шешіп, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың орнына, кеңауқымды әрі мақсаты көп өнім жасау керек. Сыйақы мөлшерлемесі 8-10% болсын, бірақ бұл коммерциялық негіздегі қазіргі 25-26%-дан әлдеқайда тиімді. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр және әлі де өзектілігін жойған жоқ.
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана мен тағы бір жүйелі мәселені – мемлекеттік қолдаудың тұрақтылығын көтердім. Бұл фермерлер уәде етілген төлемдерді жылдап күтетін субсидиялау бойынша «күту парақтары» (листы ожидания) туралы болып отыр. Мұндай бұлыңғыр үміттерді бизнес-жоспарлау кезінде есепке алмаған жөн.
Өз депутаттық сауалымда мен мынадай мәселе қойдым: «күту парағы» құралынан бас тартып, сонымен бірге өтінімдерді бекітілген бюджеттік лимиттер шегінде ғана қабылдау принципіне қайта оралуды және қалыптасқан қарызды кестеге сай өтеу мүмкіндігін қарастыру қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айна ХАСАН