in

Президенттік сайлауда жеңіске жетсе, азық-түлік пен тағам өнімдеріне бағаны көтеруге тыйым салуға уәде берді

Quartz сайтында талданған соңғы 8 жылдағы экономикалық көрсеткіштерге сүйеніп, Aikyn.kz  биылғы АҚШ-тағы президенттікке үміткерлердің жеңіске жету мүмкіндіктерін бағалайды.

10 сайлаушының сегізіне 2024 жылғы президенттік сайлауда қабылдайтын шешім үшін экономикалық жағдай маңызды. Иллюстрация visasam.ru сайтынан алынды

АҚШ экономикасы президенттік пікірсайыстағы ең өзекті тақырып және америкалық сайлаушыларды алаңдататын басты мәселе болып қалуда. Бұрын солай болған, қазір де өзгеріссіз. 

Сауалнама нәтижелері 10 сайлаушының сегізі үшін экономикалық жағдай 2024 жылғы президенттік сайлауда олардың қабылдайтын шешімдері үшін маңызды екенін көрсеткен. Әрбір жаңадан сайланған президент үшін 4 жылда күтпеген оқиғалар болып, олар ең мұқият жоспарланған стратегияларды бұзып жіберуі мүмкін. Барак Обама қаржылық дағдарыстан кейінгі қиын экономиканы түзетуге мәжбүр болса, COVID-19 пандемиясы Трамп президенттігінің соңғы жылында экономиканы құлдыратты. Ал Байден кезінде инфляция көтерілді.

Президенттер өздеріне мұраға қалдырған экономикаға көп бақылау жасай алмаса да, олар сауда, иммиграция және бюджетті бөлу саясатына айтарлықтай әсер ете алады. Бұлардың бәрі – экономиканы жақсарту кілті.

Айта кету керек, қор нарығынан айырмашылығы, әртүрлі шешімдер мен оқиғалардың салдары экономикалық көрсеткіштерде кеш білініп жатады. Сондықтан президенттердің қызметінің өнімділігін тікелей салыстыру да қиын. Дегенмен басты макроэкономикалық көрсеткіштердің Дональд Трамп пен Джо Байден тұсында қалай өзгергенін салыстыру арқылы олардың қызметінің тиімділігі туралы пікір қалыптастыруға болады.

Трамптың президенттігі 2020 жылы COVID-19 пандемиясының басталуына дейін төмен инфляцияны сақтады. Кесте Quartz сайтынан алынды

Бірінші. Инфляция

Дональд Трамптың президенттігі кезінде (2017-2021) орташа жылдық инфляция деңгейі 1,9% құрады. Тұтыну бағасының индексі (ТБИ) ол қызмет еткен кезеңде 7,8%-ға өсті. Трамптың президенттігі 2020 жылы COVID-19 пандемиясының басталуына дейін төмен инфляцияны сақтады. Ал Байденнің тұсында инфляция күрт өсті, бірақ өсім көбінесе бұрынғы факторларға байланысты болды. Инфляция 2021 жылдың қаңтарында 1,4% болса, 2022 жылдың маусымында 9%-ға жетті.

Содан бері Байден келесі сайлауға түсетін болғандықтан, инфляциямен күрес күшейіп, 2024 жылдың қыркүйегінде оның деңгейі 2,4%-ға төмендеді.

Экономиканы қолдау үшін Федералдық резервтік жүйе (АҚШ-тың ұлттық банкі) 2020 жылдың наурызынан бері алғаш рет базалық мөлшерлемені 50 базистік пунктке төмендетті. Баспасөз мәслихатында ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл: «Біздің шыдамды көзқарасымыз өз нәтижесін берді – инфляция біздің мақсат еткен көрсеткіш жылдық 2%-ға әлдеқайда жақын. Инфляцияның өсу тәуекелдері азайды, жұмыспен қамту жақсарды», – деп мәлімдеді. 

Трамп президент болған кездегі жұмыссыздық деңгейі 4,7%, ал пандемияға дейін 3,5% болды. Кесте Quartz сайтынан алынды

Екінші. Жұмыспен қамту

Трамп пен Байден әкімшілігіндегі жұмыссыздық деңгейі бірдей 4%-дан басталды. Трамп президент болған кездегі жұмыссыздық деңгейі 4,7%, ал пандемияға дейін 3,5% болды. Алайда пандемия кезінде бұл көрсеткіш COVID-тік карантиндерге байланысты 14,8%-ға жетті. 2021 жылдың қаңтарында жұмыссыздық деңгейі 6,4% құрады.

Президент Байден қызметіне кіріскен кезде жұмыссыздық деңгейі төмендеуді жалғастырды, 2023 жылдың қаңтарында 3,4% -ға дейін төмендеді. Бұл АҚШ-тағы 70 жылдан астам уақыт ішіндегі ең төменгі деңгей болды. 2024 жылдың шілдесінде жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ға көтеріліп, қыркүйекте 4,1%-ға төмендеді.

2024 жылдың екінші тоқсанында ЖІӨ 3% жылдық қарқынмен өскен. Кесте Quartz сайтынан алынды

Үшінші. Экономикалық өсім

Экономикадағы өсуді салыстыру пандемияның әсерінен қисынсыз болып саналады. 2020-2021 жылдары көптеген кәсіпорындар жабылғандықтан, экономикалық құлдырау өте үлкен болды. Пандемия Трамп әкімшілігіндегі ЖІӨ көлеміне кері әсер еткенімен, экономиканы қалпына келтіру шараларының арқасында Байден кезінде бұл көрсеткіш өсті.

2017 жылдың қаңтары мен 2021 жылдың қаңтары аралығында орташа жылдық өсу қарқыны 2,3%-ды құрады, бұл экономиканың баяулауын және COVID пандемиясынан кейінгі қалпына келуімен түсіндіріледі.

2020 жылдың 31 қаңтарында Трамп әкімшілігі ұлттық төтенше жағдай жариялады. Жеке адамдар мен бизнеске жеңілдіктер беру үшін 2 триллион долларлық коронавирустық көмек, жеңілдету және экономикалық ынталандыру шараларын іске асырды. Трамптың президенттігі қысқа мерзімді болса да зардабы ауыр рецессияға әкелді. Дегенмен экономика Трамптың кезінде қалпына келіп үлгерді. Бұл үрдіс Байден әкімшілігінде жалғасты. АҚШ G7 елдері арасында ең күшті қалпына келу көрсеткішін көрсетті.

2024 жылдың екінші тоқсанында ЖІӨ 3% жылдық қарқынмен өсті. Бұл бірінші тоқсандағы 1,6%-дан кейінгі жылдам өсу болды.

Трамп Харрис туралы: «Ол марксист. Оның марксист екенін бәрі біледі. Оның әкесі экономика профессоры, марксист және ол оны жақсы оқытты». Иллюстрация news.gallup.com сайтынан алынды

Ішкі экономикалық саясат Дональд Трамп пен Камала Харрис арасындағы президенттік бәсекеде шешуші рөлге ие болуда. Жұмыссыздық деңгейі, инфляция мен ЖІӨ-нің өсуі сайлаушылардың пікіріне айтарлықтай әсер етуде. Сайлаушылар өзін қаржылық жағынан қауіпсіз сезіну үшін екі үміткер ұсынған экономикалық стратегияны салыстырып, шешім қабылдайды.

Кандидаттар сайлаушылардың бұндай көңіл-күйлерін өз науқандарында пайдаланып, сайлаушыға ұнайтын шаралар қабылдауға уәде беруде.

Камала Харрис президенттік сайлауда жеңіске жеткен жағдайда азық-түлік пен тағам өнімдеріне «бағаны көтеруге» федералдық деңгейде тыйым салуға уәде берді. 

«Пандемия кезінде жеткізу тізбегі үзілгендіктен, бағаның көтерілгенін бәріміз білеміз. Бірақ біздің жеткізу тізбегіміз жақсарды және баға әлі де тым жоғары», – дейді саясаткер корпорацияларды айыптап. Бұдан кейін Харристі «социализмге бет бұрған» үміткер деген айыптаулар көбейді. 

Трамп болса одан да ары кетті:

«Ол марксист. Оның марксист екенін бәрі біледі. Оның әкесі экономика профессоры, марксист және ол оны жақсы оқытты».

Дональд Трамп: «Американы қайтадан ұлы жасайық (Make America Great Again)». Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Brandon Bell

Джорджия штатының Саванна қаласында өткен митингте сөйлеген сөзінде Дональд Трамп егер ол қайтадан президент болса, өндірістерін Америка Құрама Штаттарында ашатын компаниялар үшін «өте төмен салықтар мен шектеулер» бар арнайы федералды аймақтар құратынын, бизнес үшін ережелер мен процедураларды жеңілдететінін және халықаралық компанияларды өндірісті АҚШ-қа көшіруге үгіттейтін арнайы «Өнеркәсіп Елшісін» тағайындайтынын айтқан.

«Менің жоспарым бойынша америкалық жұмысшылар бұдан былай «жұмыс орындары шетелге кетеді» деп алаңдамайды. Керісінше, шетелдіктер Америкаға жұмыс орындары көше бастағанына уайымдайтын болады», – деп мәлімдеді Дональд Трамп.

Көптеген корпорациялар Харристің президент болып сайланғанын, ал республикашылдардың Сенатқа бақылау орнатуын қалайды (қазір Сенатта демократтар басым). Қаржыгерлер мұндай конфигурация демократтардың салықты көтеруіне кедергі жасайды және Харрис басшылық лауазымдарға көзқарасы орнықты кандидаттарды таңдауға мәжбүр етеді деп күтеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM   арнасынан табасыз.