Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық қуаты бар елдердің бірі. Соңғы жылдары қаржы нарықтарын және әлеуметтік саласын белсенді түрде жаңғыртып келеді. Халықтың тұтынушылық шығындарын талдау қазақстандық отбасылардың қандай қиындықтарға тап болып отырғанын көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Негізгі шығын – азық-түлік
Қазақстандық бір үй шаруашылығының орташа ақшалай шығындары 2025 жылдың II тоқсанында 1 023 254 теңгені құрады. Оның 91%-дан астамы – 933 868 теңге – тұтынушылық қажеттіліктерге жұмсалған.
Тұтынудың мұндай жоғары үлесі, яғни жинақ пен инвестицияға аз мүмкіндік қалуы, табыс деңгейінің салыстырмалы түрде төмен екендігін көрсетеді.
Тұтыну құрылымында азық-түлік басым (52% немесе 536 210 теңге). Бұл көрсеткіш қазақстандықтар үшін тамаққа кететін шығын әлі де басты басымдық екенін айғақтайды. Кейінгі орындарда – азық-түліктен бөлек тауарлар (22%) және ақылы қызметтер (20%).
Айрықша назар аударатын жайт – қаржылық міндеттемелер. Несие мен қарызды өтеуге 66 451 теңге жұмсалады, бұл жалпы шығындардың шамамен 6,5%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш ақылы қызметтерге кеткен шығындармен шамалас, демек халықтың қарыз жүктемесі айтарлықтай жоғары.
Аймақтар арасындағы алшақтық
Қазақстан өңірлері арасында шығын деңгейі орасан зор айырмашылыққа ие. Ең жоғары шығындар Ұлытау облысында тіркелген – бір тоқсанда орташа 1 449 775 теңге. Сондай-ақ ең қымбат өңірлердің бестігіне Қызылорда, Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстары кіреді. Жеке жағдай – Астана мен Алматы: тиісінше 1 193 186 және 1 094 752 теңге.
Ал ең төменгі шығындар Шымкентте (831 393 теңге), сондай-ақ Қостанай, Абай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.
Ұлытау облысы (көшбасшы) мен Шымкент (аутсайдер) арасындағы айырмашылық – 1,74 есе.
Құрылымдық ерекшеліктер
Шығындары ең жоғары Ұлытау облысында қарыз жүктемесі де ең ауыр. Барлық шығынның 19%-ы, яғни 275 394 теңге несие мен қарызды өтеуге жұмсалады.
Қызылорда облысы азық-түлікке ең көп шығындалатын өңірлердің бірі (556 804 теңге), сонымен қатар қарыз жүктемесі де жоғары (129 014 теңге). Бұл адамдардың негізгі қажеттіліктерін жабу үшін де несие алуға мәжбүр екенін білдіреді.
Алматы мен Астанада мегаполиске тән шығын құрылымы байқалады: азық-түлік үлесі төмен, қызмет көрсету шығындары жоғары. Алматыда туыстарға қаржылай көмек (7 471 теңге) ерекше көзге түседі, бұл оның отбасылық байланыстар орталығы ретіндегі рөлін айқындайды.
Шымкентте барлық баптар бойынша шығын ең төмен, соның ішінде қарыздар (12 708 теңге). Бұл елдегі ең төмен қарыз жүктемесін көрсетеді.
Қала мен ауыл
Қалалық және ауылдық үй шаруашылықтарының шығындары айтарлықтай ерекшеленеді. Қала тұрғындары орташа есеппен көбірек жұмсайды (1 044 288 теңге) және олардың шығындары көбіне қызметтер мен азық-түліктен бөлек тауарларға бағытталған. Сондай-ақ олардың қарыз жүктемесі жоғары (69 305 теңге, ауылдықтарда – 60 009 теңге).
Ауыл тұрғындарының шығындары аздау (975 766 теңге), олардың бюджетінде азық-түлік басым (537 083 теңге). Олар несие мен қызметке азырақ тәуелді, яғни біршама “өзін-өзі қамтамасыз еткен” саналады.
Алайда бірқатар ерекшеліктер де бар:
– Алматы облысында ауылдықтардың шығындары (1 038 447 теңге) қаладағыдан (853 803 теңге) көп.
– Қызылорда облысында айырмашылық тіпті айқын: ауылдықтардың шығыны – 1 337 838 теңге, қалалықтардың шығыны – 1 029 390 теңге. Ауылдық жерлерде қарыз жүктемесі де өте жоғары (138 691 теңге).
2025 жылдың I тоқсанымен салыстыру
Қаңтар-наурыз айларында шығындар былай бөлінген:
– азық-түлік тауарлары – 50,1%;
– азық-түліктен бөлек тауарлар – 23,2%;
– қызметтер – 18,4%.
Қыркүйекке қарай жалпы көрініс айтарлықтай өзгерген жоқ: азық-түлік шығындары әлі де тұтынушылық шығындардың жартысынан астамын құрап отыр. Бұл экономиканың құрылымдық өзгерістерге баяу бейімделетінін көрсетеді.
Сонымен бірге аймақтық айырмашылықтар әлі де айқын. 2025 жылдың көктемінде азық-түлік шығындарының ең жоғары үлесі Түркістан (59,9%), Жамбыл (58,7%) және Алматы (57,5%) облыстарында тіркелсе, ең төменгісі Қарағанды (42,3%), Ақмола (43,5%) және Астанада (43,8%) байқалған. Қазіргі таңда оңтүстіктегі маусымдық жеміс-жидек пен көкөністің арзандығына байланысты жағдай өзгерді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, тамаққа аз шығындалатын елдердің тұрғындары бізден бай дегенді білдірмейді. Әр мемлекеттің тұтынушылық шығын құрылымы әртүрлі. Мәселен, Канадада азаматтар табысының 10%-ын ғана тамаққа жұмсайды, бірақ ақылы медицинаға отбасы табысының 20%-ына дейін шығын кетеді. Біз интернетке айына 10-15 доллар төлейміз, ал Торонто тұрғыны – 50 доллар. Біз жалақының 7-10%-ын коммуналдық қызметке береміз, ал канадалықтар табысының 18%-ына дейін жұмсайды.