in

Жастар жасампаздыққа жол бастайды

Яғни, жастар – еліміздің ең ірі әлеу­меттік әрі экономикалық ресурсы, қоғамдағы өзгеріс­тердің қозғаушы күші. Әсіресе, Алматы, Астана және Шымкент секілді мегаполистерде жастардың үлесі жоғары. Олар білім алу, кәсіпкерлікті меңгеру және жұмысқа орналасу мүмкіндігін белсенді пайдаланып келеді. 

Қазір жастардың көбі жоғары білімге ұмтылып қана қоймай, кәсіпкерлік дағдыларды меңгеруге, жаңа идеяларды іске асыруға ден қоюда. Инновациялық жобаларға, стартаптарға қызығушылық артып келеді. Бұл үрдіс экономиканың түрлі саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тың бастамалардың жүзеге асуына жол ашып отыр.

Мемлекеттік жастар саясаты – ел болашағын айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі. Оның түпкі мақсаты – жас буынның еңбекке араласып, кәсіби тұрғыда шыңдалып, бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашып, шығармашылық пен спорттағы қабілетін дамытуға септесу. Сонымен қатар кейінгі уақытта елімізде экологиялық сана-сезімін күшейтіп, жас отбасыларды қолдауға, әскери-патриоттық рухын қалыптастыруға ерекше назар аударылып жатыр. 

Мысалы, 2023-2029 жылдарға арналған жастар саясатының тұжырымдамасында жастар үшін ең өзекті мәселелер қамтылған: тұрақты жұмысқа орналасу, қолжетімді баспанаға ие болу, денсаулық пен құқықтық қорғаудың кепілдігі, сапалы білім алу мүмкіндігі. Бұл – жас қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамның бірі. Алайда сарапшылар жыл сайын елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал өзгеріп отырғандай, жастарды қолдауға бағытталған бағ­дарламалар мен жобаларға жаңа серпін қажет екенін айтып жүр

Дамудағы жаңа бастамалар

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев маңызды жайттарды атап өтті. Оның айтуынша, мектеп бағдар­ламасына IT-жобаларды енгізу – заман талабы. Себебі ол жастардың инновациялық ойлауын дамытып, жаңа технологияларды игеруге жол ашады. Яғни, елдің ин­тел­лек­туалды әлеуетін көтеретін буын дәл осы бүгінгі жастар болмақ.

– Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Бүгінде мектеп оқушылары мен студенттер алған білімдерін практикада қолданып, робот құрастыру, бағдарламалау, түрлі IT-жобаны жүзеге асыру арқылы дағдыларын дамытып келеді. Сонымен қатар Астананың бірқатар мектебінде оқу бағдарламасына жасанды интеллект негіздері енгізілуде. Бұл жас буынға тек заманауи технологияларды тұтынушы ғана емес, оны жасаушы, да­мытушы болуға жол ашып отыр. Мұндай бастамалар жастардың инновациялық ойлауын дамытып, елдің цифрлық болашағына өз үлесін қосуына мүмкіндік береді, – деді Самат Ибраев.

Жас буынға білім алу, тәжірибе жи­нақтау, өзін дамыту тұрғысында қолдау білдіріп жатқан бағдарламалар қатарында Joltap жобасы жұмысын жүргізіп келеді. Самат Ибраевтың айтуынша, бұл жоба аясында жастарға цифрлық мамандықтар (SMM, таргетолог, контент-криэйтор, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн) және жұмысшы мамандықтар (тігінші, модельер-конструктор, электро­газбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есептің негіздері, корпустық жиһаз жасау негіздері, автоспециалист, сауда) бойынша оқытулар жүргізіледі. Жыл басынан 2 мыңнан астам адам оқытудан өтіп, алған білімдерін тәжірибеде қолданып, тіпті өз кәсіптерін де ашуда. Сонымен қатар Еңбек мобильділігі орталығымен «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс» сияқты жастардың тәжірибе жинап, жұмыс істеуіне, жұмыс берушілердің көзіне түсіп, тұрақты орынға орналасуға бағытталған бағдарламалар іске асады. 

Дегенмен әттеген-ай дейтін сәттер де жоқ емес. Мысалы, жақында сенатор Би­бігүл Аққожина өзінің депутаттық сауалында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламаларына қатысушылардың жалақысының төмен екенін айтып, мәселе көтерді. Оның сөзінше, жас мамандар қазіргі төлеммен негізгі шығындарын жаба алмай отыр. 

– «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына қа­ты­сушылардың жалақысын инфляция деңгейін ескере отырып көтеру мүмкіндігін қарас­тыруды сұраймыз. Бұл бағдар­ламалардың жастар үшін тиімділігін және тартымдылығын арттыру қажет. Себебі әлеуметтік осал топ­тардан шыққан түлектер мен ата-ана­сының қолдауына сүйене алмайтын жастар қазіргі төлем деңгейінде баспана мен тамақ шығынын жаба алмайды. Соның салдарынан, олардың көбі қатысудан бас тартып, бейресми жұмыспен айналысуға мәжбүр болуда, – деді депутат.

Сенатордың сөзінше, 2022 жылдан бері бұл бағдарламалар бойынша төлем көлемі өзгермеген және 30 АЕК көлемінде белгі­ленген. Алайда қатысушылар қолына алатын нақты сома – 90 511 теңге. Осы уақыт ішінде азық-түлікке, көлікке және тұрғын үйге кететін шығындар ондаған пайызға өскен, бұл жастар үшін бағдар­ламаларды барған сайын тартымсыз етіп отыр.

Мәселен, 2024 жылы «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен 9,6 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде, 4,2 мыңы бағдарламаны аяқтаса, тек 2,2 мыңы ғана тұрақты жұмыс тапқан. Ал жастар практикасының нәтижелері сәл жоғары: 33 мың қатысушының 12,6 мыңы бағдар­ламаны аяқтап, олардың 7,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жалпы алғанда, сенатор төмен жалақы мемлекеттік жастар саясатының мақсат­тарына қайшы келетінін айтты. Ал саясаттың басты міндеті – жастарды еңбек нарығына тарту және олардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасау болатын.

Жастар ұйымдары да қоғам өмірінде белсенді рөл атқарады. Олар әлеуметтік мәселелерді шешуге, кәсіпкерлік пен инновацияны дамытуға, мәдениет пен спорт жобаларын жүзеге асыруға атса­лысуда. Табиғи апаттар кезінде жастардан құралған еріктілердің көмек көрсетуі – олардың жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымының айқын көрінісі.

– Қазір қалалық еріктілер штабы жұмыс істейді. Онда 6 мыңнан астам волонтерлер тіркелген. Оған қоса, басқа да белсенді жастар ұйымдарында бірқатар жалынды жастар бар. Жастардың еріктілікке, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы қоғам үшін үлкен өзгерістер әкелді деп айтуға болады. Мұндай бастамалар бірлік пен ынтымақ­тастықты нығайтады. Мысалы, ШЫҰ саммитінде 200 волонтер, ал Көшпенділер ойындарында 1 600 ерікті жұмылдырылды. Олар қонақтарды күтіп алу, аудармашы, жол сілтеуші, ұйымдастырушы қызметтерін атқарды. Бұл – жастардың халықаралық деңгейдегі ірі шараларға белсенді араласып, Қазақстанды бүкіл әлемге танытуына үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар волонтерлік жастарды отансүйгіштікке, мәдениетаралық түсіністікке тәрбиелейді, қоғамда сенім мен қолдау мәдениетін қалыптастырады. Қысқаша айтқанда, еріктілік тек жастардың дамуына емес, тұтас қоғамның дамуына серпін беріп отыр, – деді С.Ибраев.

Кәсіпкерлікке бет бұрған ұрпақ ұтылмайды

Елімізде жастарды қолдау бойынша білім алу, тәжірибе жинау және өз ісін ашу бағытында бірқатар мемлекеттік бағдар­ламалар бар. «Атамекен» ҰКП «Оқу орта­лықтары» кіші комитетінің төрайымы Гауһар Оразғалиева осындай жобалар туралы тарқатып айтты.

– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жастарды қолдауға арналған бірқатар маңызды бағыттар бар. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз гранттардың мөлшері биыл 400 АЕК (1,57 млн тг) құрады, бұл жаңа бизнесті бастауға немесе дамытуға беріледі. Оған жұмыссыз ретінде тіркелген немесе тіркелгеніне 3 жыл толмаған жеке кәсіпкер, жеңілдікті санатқа кіретіндер қатыса алады. Техноло­гияларды әзірлеу мен енгізуге 400 млн тең­геге дейін гранттар берілсе, «Жастар прак­тикасы» 35 жасқа дейінгі түлектерді уа­қытша жұмысқа орналастырады, жалақыны мемлекет төлейді. «Алғашқы жұмыс орны» – жастарды жұмыспен қамту бағдарламалары да жүзеге асып жатыр. Осы құралдар жастарға тек білім мен тәжірибе алуға ғана емес, өз ісін бастауға да мүмкіндік береді, әсіресе әлеуметтік маңызы бар немесе инновациялық жобасы болса, – дейді маман.

Ал педагогика ғылымының кандидаты Айман Жүсіпованың айтуынша, бүгінде елдегі әрбір үшінші бизнес субъектісі жастарға тиесілі, ал кейінгі 5 жылда 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеген жеке кәсіпкерлік саны 2,4 есе өсіп, 293 мыңнан 699 мыңға жетті. 

– Бұл серпінге қолдау шаралары да ықпал етті. «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» бағдарламалары оқу курстарын, гранттар мен жеңілдетілген несие береді. Қамту деңгейі шектеулі болғанымен, дәл осы бастамалар жастар үшін табысқа жетуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалып­тастыруда. Дегенмен Қазақстандағы жастар кәсіпкерлігі қарама-қайшылық жағдайда дамып келеді. Бір жағынан, бұл салада бизнеске тән ортақ кедергілер бар: қаржыға шектеулі қолжетімділік, бюрократиялық рәсімдер және жоғары бәсекелестік. Ал жастар үшін бұл кедергілер, әсіресе өткір сезіледі себебі олардың жинақталған ка­питалы мен тәжірибесі жоқ. Екінші жағынан, жас кәсіпкерлер нарықта біртіндеп айтар­лықтай орынға ие бола бастады, – дейді ол. 

Сарапшының сөзінше, жастар тарапынан ең үлкен қызығушылық туындаған сала креативті индустрия болып отыр. Өйткені бұл жерде дәстүрлі бизнеске қарағанда нарыққа кіру кедергілері төмен, ал даму мүмкіндіктері әлдеқайда кең. Сонымен қатар кейінгі жылдары цифрлық контент, дизайн, IT және медиа саласында жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы алаңдар мен бастамалар қалыптаса бастады. Бұл бағытта жаңа буын өзін «суда жүзген балықтай» сезінетіні хақ. Басты себеп – ол үшін бастапқыда аз ресурс қажет және жастарға әуелден таныс цифрлық дағдылармен тікелей байланысты.

Десе де, түрлі мемлекеттік бағдарлама мен грант жастардың шығармашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік әлеуетін ашуға жол береді. Мәселен, былтыр 400 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Әр өңірде кәсіптік бағдар беру мен жұмысқа орналастыруға арналған бағдарламалар іске асырылып, жастардың кәсіби білімін тереңдетуге де мүмкіндік туды. 

Биыл қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған жан басына шаққандағы қаржы­ландыру көлемі 2 есеге өсіп, бір студентке 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін ұлғаятыны туралы айтылған еді. Ғылым бюджеті де өсіп келеді. Кейінгі жылдары университеттердегі гранттар саны да 1,5 есеге өсті. Менеджер ретінде мемлекетке пайда әкелгісі келетіндер Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысуға шақырылады. 

Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде. Соның дәлелі, еліміз Қытай, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және өзге де елдермен бірлесіп, 10 халық­аралық жобаны қолға алды. Колледждерге алғаш рет халықаралық сертификаттау енгізілді. Нәтижесінде, отандық студенттер өз құзыреттерін әлемдік стандарттар бойынша дәлелдеп, шетелдік тағылымда­маларға, халықаралық еңбек нарығына шығуға зор мүмкіндік алады. 

Биыл жыл басынан бері 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші маман да­йындалды, мектептерде 352 бейіндік сынып ашылды, 1 300-ден астам оқушы жұмысшы ма­мандықтарының негіздерін меңгеріп үлгерді. Шефтік қамқорлыққа алған кәсіпорындар саны 7 есеге артса, кәсіпорындармен дуалды оқыту келісімшарттарының саны 2 есеге көбейді. 185 колледжде материалдық-тех­никалық база жаңартылып, студенттердің жатақханамен қамтылуы 96%-ға жетті.

Жетістігі көп жас мамандар

Мемлекет жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында «Жастар кәсіпкерлігі» жобасын іске асырып отыр. Бұл жоба арқылы жастар бизнес негіздерін меңгеріп, өз ісін ашуға мүмкіндік алады. 

Жастардың кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды бастама – «Президенттік жастар кадрлық резерві». Бүгінде оның аясында 315 жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда бас­шылық қызметке тағайындалды. Бұл жас­тардың саяси процестерге қатысуына және ел дамуына үлес қосуына жол ашып отыр.

Елімізде жастарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Тұрғын үй бағдарламаларының басты мақсаты – саладағы кадрларды сақтап қалу. Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылында» қоғамда еңбекқорлығы мен кәсібилігін қатар алып жүрген жандарды қолдауға басымдық беріліп келеді. Ондай жандардың еңбегі қашан да еленуге тиіс әрі көпке үлгі. Солардың бірі – Ердос Исақ, Сарыағаш қаласының тумасы. «Серпін» бағдарламасы­мен Петропавл қаласында инженер-технолог мамандығы бойынша білім алған жас маман қазір Түркістан облысында индустриалды аймақта орналасқан тоңазытқыш өндіретін зауытта жұмыс істейді. Жаңадан ашылған бұл зауыттың жұмысы тікелей Елдосқа байланысты. Өйткені инженер-технолог әр техниканың басы-қасында жүреді. Аймақта маман тапшы болғандықтан, солтүстікте жұмыс істеп жүрген Елдос арнайы шақыртумен келген. 

– Қазір зауытта инженер-технологтың жұмысын атқарамын. Тапсырысқа қарай тоңазытқыш пен мұздатқыштардың көлемін сызып, электронды үлгісін дайындаймын. Операторлардың жұмысын бақылау да басты міндетіме кіреді. Одан бөлек, бізге қойылатын бірінші талап – тауардың сапасын бақылау. Техникалық инструкция, яғни технологиялық картаны құрастырамыз. Жұмысқа келе салып пенаның сапасын тексеруіміз керек. Оның тұрақты мөлшер­лемесі бар, соған сәйкес анықтап, кейін жұмысқа кірісеміз, – дейді кейіпкеріміз. 

Бұл зауытта 130 жұмысшы қызмет етіп келеді. Олар күн сайын орта есеппен 40-қа жуық мұздатқыш пен тоңазытқыштар дайындап үлгереді. 

Келесі кейіпкеріміз білімі мен тәжі­рибесіне сүйене отырып, мектеп қабыр­ғасындағы бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін жақсартуға арналған оқулық жарыққа шығарды. Қазір Мейірхан Сан­сызбайұлының «Логика» және «Математика тренажері» атты кітаптары бар. 

– Бұл кітапты шығару идеясы қажет­тіліктен туды. Жоғары сыныптың білім бағдарламасында аударма кітаптар да, терең зерттелген еңбектер бар. Ал бастауыш сыныпта жоқтың қасы. Біз 3 жастан 11-сы­ныпқа дейін үздіксіз білім алу жолын қарастырып жатырмыз. Сондықтан оны бастауыш сыныптарынан бастадық. Бұл жерде оқулық екі мәселені шеше алады. Біріншісі, білім сапасының төмен дең­гейінен олимпиадаға дейін дайындығын жақсарта алады. Екіншісі, мектеп стан­дартында есептердің аздығы бар, кітап соның орнын толықтыруға мүмкіндік бе­реді. Кітап құрастыратын кезде көптеген халықаралық олимпиаданы зерттедік. Методика бойынша тапсырмалар оңайынан қиынға қарай деңгейге сәйкес орналас­тырылды. Мемлекеттік стандарт есептері 15 есепке көбейтілді. Баланың қол жады, ой жады толық қалыптасуы үшін мұның пайдасы үлкен, – дейді жас ғалым. 

Жастар – елдің қозғаушы күші, қоғамның жаңаруына дем беретін негізгі буын. Мем­лекет жүзеге асырып, бағдар­ламалары олар­дың әлеуетін ашады. Бүгінгі жас буын – жаңа идеяларды жүзеге асырып, экономиканың дамуына серпін беретін жаңашыл тұлғалар. Оларға сенім артып, мүмкіндіктер беру – елдің жарқын бола­шағына жасалған ең үлкен инвестиция.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ