in

Елімізде тұрғын үй салудың орташа құны белгілі болды

Қазақстанда бір шаршы метр тұрғын үй салудың орташа құны 238,7 мың теңгеге жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында республика бойынша құрылыс шығындары 2,5%-ға өскен.

Қалалық жерлерде тұрғын үй салу дәстүрлі түрде қымбатырақ. Мұнда бір шаршы метрдің сметалық құны орта есеппен 256,4 мың теңгені құрайды. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 169,1 мың теңге деңгейінде. Сарапшылардың айтуынша, бастапқы нарықтағы пәтер бағасы нақты құрылыс шығынынан екі-үш есе жоғары. Бұл құрылыс саласындағы жоғары маржиналдылықтың әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Өңірлер арасында ең жоғары өсім Абай облысында тіркелді. Мұнда бір шаршы метр тұрғын үй салу құны бір жылда 29,5%-ға қымбаттап, 281,5 мың теңгеге жеткен. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен де жоғары.

Керісінше, Ақтөбе облысында құрылыс шығындары 4%-ға төмендеген. Өңірде бір шаршы метр тұрғын үй салу құны 144,4 мың теңгені құрады. Астанада құрылыс құны 1,4%-ға өссе, Алматыда 3%-ға арзандаған. Екі мегаполисте де бір шаршы метрді салу құны 283,4 мың теңге болды. Ал Шымкентте бұл көрсеткіш 7,9%-ға өсіп, 304,8 мың теңгеге жеткен.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, Қазақстан бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрін сату бағасы орта есеппен 615,9 мың теңгені құрайды. Бұл құрылыс құнынан 2,6 есе жоғары. Алматыда жаңа баспананың бір шаршы метрі 733,3 мың теңге болса, Астанада 731,9 мың теңгеге бағаланып отыр.