in

Алыс-берістің жаңа белесі

Жалпы, 2019-2025 жылдары сыртқы сау­да айналымы 47,8 млрд долларға не­ме­се 49,7 пайызға ұлғайған. Осы ара­лық­та отандық тауар экспорты 21,3 млрд дол­­­­ларға көбейіп, 36,9 пайыз өсім көр­сетті. Импорт та 26,5 млрд долларға не­­месе 69 пайызға артқан.

Ең бастысы, экономикамыз сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, өз жолынан жаңылған жоқ. Мысалы, жаһандық пан­демия кесірінен сауда көлемі 96,1 млрд дол­лардан 85,0 млрд долларға дейін тө­мендеп кеткен еді. Алайда 2021 жылы эко­номика қайта жанданып, сауда кө­ле­мі 102 млрд долларға жуықтады. 2022 жы­лы логистикалық бағыттарды қайта құрудың арқасында 134,4 млрд долларға дейін көтерілді. Қарқынды өсім кейін де жалғасып, 2023 жылы 139,8 млрд, 2024 жы­лы 141,4 млрд доллар болды. Былтыр сырт­қы сауда айналымы 143,9 млрд-тық тарихи межені бағындырды.

Әрине, мұндай нәтижеге мемлекеттік сая­сатпен бірге әлемдік нарықтағы ба­ға­ның құбылуы, өндіріс көлемі, халық­ара­лық логистиканың өзгеруі де әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қыз­метіне кіріскен бойда сыртқы сау­да­ны дамытып, экспортты әртарап­тан­ды­рып, отандық өнімді шетел нарықтарына шығаруды негізгі басымдықтар ретінде айқындады. Үкіметке шикізаттық мо­дельден бас тарту, өңделген өнім экс­пор­тын молайту және экспорттаушыларға бір терезе қағидатымен қолдау көрсету мін­деті жүктелді.

Ұлттық статистика бюросының де­ре­ктеріне үңілсек, сыртқы сауданың 47,8 млрд долларға өсуіне бірнеше фактор сеп­тескен. 2019 жылы Brent маркалы мұ­найдың орташа бағасы барреліне 64,2 дол­лар болса, 2022-2024 жылдары гео­сая­си жағдайға байланысты 80-100 дол­лар төңірегінде ауытқып тұрды. 2025 жы­лы орта есеппен 75-82 доллар шама­сын­да сақталды. Сондай-ақ мыс, уран, ас­тық сияқты тауарлардың әлемдік на­рық­тағы бағасы да сыртқы сауда түсімін жақ­сартты. Бұған өндірістегі өрлеу қо­сы­лып, жалпы сауда айналымының өсуі­не жағдай жасалды.

Экспорт құрылымында мұнай мен мұ­най өнімдері көш бастағанымен, олар­дың жалпы экспорттағы үлесі 2019 жыл­ғы 62-64 пайыздан 2025 жылы 50,5 пайызға дейін азайды. Яғни экспорттық қоржында басқа да тауарлар көбейіп келеді. QazTrade пен Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңделген өнім экс­порты 2019 жылғы 15,5 млрд дол­лар­дан 2025 жылы 41,0 млрд долларға дейін ұлғайған. Осы орайда металлургия, хи­мия өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп сала­ларының үлесі жоғары. Тазартылған мыс, ферроқорытпалар, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдері, өсімдік майы, ұн тәрізді тауарлар экспорт әлеуетін күшейте түсті.

Импорт көлемі де 2019 жылғы 38,4 млрд доллардан 2025 жылы 64,9 млрд дол­ларға жетіп, 69 пайызға артты. Оның ба­сым бөлігін машина жасау өнімдері, кө­лік құралдары, өндірістік жабдықтар, дәрі-дәрмек өнімдері һәм тұтыну тауар­лары құрайды.

Қазақстанның сыртқы сауда жағра­пия­сында Азия мен Еуропа нарықтары ай­рықша рөл атқарады. Әсіресе Қытай­дың жалпы сыртқы сауда айналымындағы үле­сі 2019 жылғы 15 пайыздан 2025 жы­лы 23,7 пайызға дейін өсті. Еуроодақ ел­дері де қазақстандық экспорттың ау­қым­ды бір бағыты саналады. Ондағы Ита­лия, Нидерланд, Франциямен энер­ге­ти­калық сауда байланыстары ерекше маңызды.

Еуразиялық экономикалық одақ ая­сындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі – Ресей. Былтыр екі мемлекет ара­сын­да­ғы өзара сауда көлемі 27,4 млрд дол­­лар­ды маңайлады. Бірақ жалпы сыртқы сау­да айналымындағы Ресейдің үлесі 2025 жылы 19 пайызға дейін тө­мендеген. 2019 жылғы 21 пайыз еді.

Қазақстанның Орталық Азиядағы орны да бөлек. Үкімет ұсынған деректер­ге сүйенсек, аймақтағы жиынтық сырт­қы сауда айналымының 51 пайызы бізге тие­сілі. Өйткені Орталық Азия елдерінің жал­пы сыртқы сауда көлемі 270-280 млрд доллар деңгейінде бағаланады.

Өңірдегі өзге мемлекеттердің көр­сет­кі­шіне тоқталсақ, Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы – 62-65 млрд доллар, Түрік­менстандікі – 20-22 млрд доллар, Қыр­ғызстандікі – 15-17 млрд доллар, Тә­жікстандікі 8-9 млрд доллар делінеді. Өз кезегінде Қазақстан осылардың бәрін ба­сып озып, Орталық Азиядағы ең ірі  сауда хаб­ына айналып отыр.

Е.НҰРЕКЕШ