in

Әлемге әйгілі цирктің Қазақстанға қадамы

Енді еліміз де алғаш рет өнер ұжымының танымал қойылымының әлемдік гастрольдік бағытына еніп, OVO халықаралық гастрольдік туры өткен 47-ел атанды. Қазір Cirque du Soleil ұжымы алғаш рет Алматыға келіп, қала жұртын қуанышқа кенелтті. OVO шоуы Almaty Arena  сахнасында 14 маусымға дейін жалғасады. Жалпы, ел бойынша 14 қойылым жоспарланған, ал ұйымдастырушылар шамамен 70  мың көрермен көзайым болады деп болжам жасайды.

Жануардан бас тартқан цирк

Алдымен Cirque du Soleil-дің тари­хына көз жүгіртуді жөн деп таптық, се­бе­бі әдетте цирк дегенде, сахналық көріністерді жан-жануарсыз елестету өте қиын. Cirque du Soleil – осы бір түсінікті бұзып, әлемдік цирк сахна­сына құбылыс сыйлаған ұжым. Cirque du Soleil сахнадан жануарларды толық алып тастап, цирк өнеріндегі ең ірі рево­люцияны жасады. Бұл шешім компания­ның бастапқы кезеңінен-ақ қабылданып, циркті тек адам мүмкіндігіне, акробатика мен театрлық өнерге сүйенген жаңа фор­матқа өзгертті. Осылайша, цирк клас­сикалық «нөмірлер тізбегін» емес, тұтас бір сюжеттік спектакль ұсынады. Сахна­лық қойылым бағдарламасында би, теа­тр, акробатика, жанды музыка бір арнаға тоғысады.

Цирк тарихы 1980 жылдары Канада­ның Квебек қаласында бастау алған. Бү­гінде компанияның атағы жер-жаһан­ға тарап, қойылымдарын әлемнің 450-ден аса қаласында жүздеген миллион көрер­мен тамашалаған. Du Soleil 42 жылдық тарихында Қазақстанға екінші мәрте келіп отыр. Танымал ұжым елі­мізде EXPO-2017 халықаралық көрмесі өткен кезде өнерін паш етіп еді. Қазір компанияда 80-нен аса ұлттың 4 мың қызметкері еңбек етіп келеді,  соның ішінде 1 200 әртіс жұмыс істейді. Айтар­лығы, Cirque du Soleil биыл бір уақытта 17 шоу көрсетуді жоспарлап отыр.

OVO шоуына шолу

Cirque du Soleil-дің ең танымал қо­йы­лым­дарының бірі – OVO шоуы.  OVO сөзі португал тілінен аударғанда, «жұ­мырт­қа» деген мағына береді. Сахналық туынды жәндіктердің беймәлім бір жұ­мыртқаны тауып алуымен басталады, одан кейінгі оқиғалар да осы жұмыртқаға байланысты өрбіп отырады. Дәстүрлі цирк ұғымын түбегейлі бұзған ұжымның өнеріне сүйсініп, театрландырылған кө­рініске куә болғандаймыз. Шоу табиғат­тың кішкентай бөлшегінің де маңызы мен мәнін түсіндіріп, табиғаттағы қай­нап жатқан тұтас тіршілікке назар аудартты. Жәндіктер арасындағы дос­тық, сүйіспеншілік, махаббат хикаясы  кішкентай көрермендердің де көңілінен шықты, қойылым сюжеті жеңіл әрі қы­зықты болғандықтан, кез келген жанды ынтықтырып әкетті.

– 40 жасымда әлемді дүр сілкіндірген әйгілі du Soleil циркінің өнерін тамаша­лау нәсіп болды. Бөлек бір әсер алдым, басқа бір елде отырғандай күй кештім. Әр әртістің көрерменге деген ықыласы мен өнерге деген құрметін сездім. Олардың әр қимылы, әуенді сезінуі, киі­мі, сөйлегені – бәрі-бәрі жүрекке жетті. Ешқандай жануар да жоқ, бәрі сондай жылы, экологиялық таза өткеніне қуан­дым, – дейді Астана тұрғыны Айдана Қамеденова.

OVO шоуы ерекше акробатикалық элементтерімен танымал. Солардың бірі – керілген арқандағы трюк. Бұл нөмірде әртіс әдеттегідей бекітілген құрылымда емес, алып қозғалмалы жапырақтың үстінде өнер көрсетті, бұл қойылымның күрделілігін бірнеше есе арттырды. Шоудағы тағы бір ерекше көріністі моңғолиялық конторсионист орын­дайды. Ол денесін өте күрделі қалыптарға келтіріп, бүкіл салмағын тек тісі арқылы ұстап тұратын трюктер көрсетеді. Бұдан бөлек, екі сағаттық қойылымнан көбе­лек­тердің әуедегі дуэтін, шегірткелердің трамплин арқылы қабырғаға секіруін және скарабейлердің әуедегі нөмірін, жұлдызқұрт, шыбын, құмырсқа, өзге де түрлі жәндіктің таңғаларлық қимыл-қозғалысын тамашалауға болады. Әртістер алты метрлік қашықтықтағы платформалар арасында бір-бірін лақтырып, адам трапециясына ұқсас күрделі акробатиканы орындайды. Труппаның басты ерекшелігінің бірі – орындаушылардың кәсіби деңгейі. Әртістердің елеулі бөлігі – бұрынғы спортшылар, бұл қатарда халықаралық чемпиондар, гимнасттар, кәсіби акро­баттар және синхронды жүзушілер де бар. Олар күн сайын репетиция ал­дында 1,5 сағаттық қыздыру жаттығу­ларын жасайды.

OVO қойылымында музыкалық сү­йе­мелге ерекше мән берілген. Шоудағы барлық әуен арнайы жазылған және оркестр мен вокалистер жанды дауыста орындайды. Қойылымды сахналауға жеті адамдық музыкалық топ, вока­листер мен үш клоун да қатысқан. Бай­қа­­ғаныңыздай, өнер ұжымы көрермен назарына ұсынатын туындыны қай қы­ры­нан да сапалы дайындауға күш сала­ды. Әртістер қауіпті трюктер ғана орын­дап қойған жоқ, олардың әрбірінің жанарында жарқыл бар, харизмасы, актерлік шеберлігі, көрерменмен өзара байланысы бәрінен де шынайы шықты. Бұл туындыда қарапайым көрерменді де сахнаға алып шығып, ерекше импро­визациялық ойындар көрініс табады. Өнер ұжымы қауіпсіздік пен техно­логияның дамығанына қарамастан, шоудағы акробатикалық элементтерді еш сақтандырусыз жасайды. Осындай ерекше қойылымды қазақ жұртына ұсынуға бір жарым жылдан аса уақыт кеткен екен. Қызығы, бұл шоу осыдан  бір жарым жыл бұрын ғана қайта өң­деліп, көрерменге жаңа нұсқада ұсыныл­ған. Декорациялар, музыка, кос­тюм­дер, кейіпкерлер жаңартудан өтіп, бағдар­ламаға жаңа акробатикалық нө­мірлер енген.

Қойылымды әлемге әйгілі бразилия­лық хореограф Дебора Колкер жасаған. Компания өкілдерінің айтуынша, ол жәндіктер әлеміне деген ұзақ жылдық қызығушылығы арқылы тұтас көркем әлем қалыптастырған. Ал Cirque du Soleil көркемдік директоры Олаф Трибель әр шоуды дайындауға кемі үш жыл уақыт кететінін айтты.

– Жаңа қойылым идеясы пайда болған сәттен бастап премьераға дейін әдетте үш жыл өтеді. Алдымен режиссер мен шығармашылық топ концепция мен сюжетті әзірлейді, кейін жарық, деко­рация дизайнерлері мен композитор қо­сы­лады. Шамамен бір жыл бұрын кас­тинг басталады, кейін әртістер Мон­реальда қарқынды дайындықтан өтеді, – дейді Олаф Трибель.

Бір қойылым үшін екі ұшақ… 

– Бүгінде Астана мен Алматыда цирк талаптарына толық сәйкес келетін екі алаң бар. Ақпан айында біз Cirque du Soleil инженерлерімен бірге нысандарды тексердік. Құрылымдардың жүк көте­рімділігі, инженерлік жүйелердің тұрақтылығы, электрмен жаб­дық­тау мен интернет байла­нысының сенімділігі тек­серілді. Тек инженерлердің оң қорытындысынан ке­йін ғана шоу өткізу және билет сатуды бастау туралы шешім қабыл­данды, – дейді жоба­ның ұйымдас­тыру­шы­сы Виктория Торгу­нако­ва.

Ел тарихында мұн­дай ауқымды бағыттағы іс-шара болған емес. Бар­лық жабдықты, деко­рациялар мен әртістердің сахналық бейнесін жасауға қажетті заттарды тасымалдау үшін кемінде екі жүк Boeing ұшағын тартуға тура келді, яғни Қазақстанға 200 тоннадан аса жүк әке­лініпті. Ұйымдастырушының айтуынша, цирк кір жуу, үтіктеу, ас әзірлеу, киім тігу қызметтері мен жабдықтарын да өзімен бірге алып жүреді. Ұшақтардың бірі жартылай ас әзірлеуге лайықталған, себебі күрделі жанрдағы әртістердің ас қорыту жүйесі дұрыс жұмыс істеуі үшін талапқа сәйкес мәзір дайындалады. Ал OVO шоуы үшін 800 костюм элементі қолданылған, барлық костюм Cirque du Soleil компаниясының Монреальдағы шығармашылық орталығында арнайы тігіледі. Гарстрольдік турдағы әртіс киімдерін бес маман қадағалап отырады. Әр костюм әртістің жеке ерекшелігіне лайықталып дайындалады, ал әртістер сахна сыртында гримді өзі жасайтынын білгенде, қатты таңғалдық.

– Cirque du Soleil-де әр әртіс гримін өзі жасайды. Бұл өнерге бізді алғаш рет 2017 жылы үйреткенде, маған образды жасау үшін шамамен бір жарым-екі сағат уақыт кететін. Қазір көпжылдық тәжірибенің арқасында бұл тапсырманы 10-15 минуттың ішінде орындай аламын, – дейді цирк әртісі Дмитрий Федо­ровский.

Ерекше айтарлық тұс, жобаны ұйым­дастырушылар әлеуметтік қолдауға да айрықша көңіл бөлген. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік мекемелердегі бүлдіршіндерге  200-ден аса билетті сыйға берген.  

Айсұлу СЪЕЗХАН