Блогер Айсәуле Бақытбек Zamandas подкастында әкесімен қарым-қатынасы туралы айтты, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол әкесі мен анасының арасында болған жағдайдан кейін біраз есейіп, өмірден сабақ алғанын жеткізді.
«Әкем мен анамның арасындағы жағдайды ауыр қабылдадым. Ол кезде күйеуіммен екі жаққа кеткен едік. Уайымдап, күйзелісте жүрген едім. Негізі әкем мен анамның ұрысқанын көрген емеспін. Сондықтан бұл жағдай ауыр тиді. Күн сайын түрме мен аурухананың ортасында жүрдім. Өмірім өзгерді. Төрт айдай солай жүрдім. Сол жағдай болғанда әкеммен кетіп бара жатып, Әлішерге хабарластым. Ол қолдау білдірді. Содан кейін ол Америкаға кетіп қалды. Сол уақытта күндерім мағынасыз өтіп жатты. Біраз уақыттан кейін Америкаға билет алып, кетіп қалдым. Әлішердің қолдауы керек болған шығар. Қайтадан жарасып кеттік. Жалпы, сол уақытта қатты есейдім. Көп дүниенің қадірін білмегенімді түсіндім. Таңертең тұрғанда әке-шешеңмен бірге шәй ішпеуің мүмкін екен. Олардың бірі түрмеге, бірі ауруханаға түсуі мүмкін. Ертең не боларын білмейсің», – дейді блогер.
Ол қазір әкесімен араласып тұратынын айтты.
«Әкеммен үнемі байланыстамыз. Оған күн сайын түрмеге барып тұрғанымды айттым. Оған да қолдау керек болған шығар, білмеймін. Өтініш жасады. Өмір деген көп қырлы. Бұл жағдайды талқылап, қазбалағым келмейді. Қабылдаймын. Ол жақсы әке болды. Жиендерінен айырғым келмейді. Анам да «Араласып тұрыңдар» деп айтады», – дейді Айсәуле Бақытбек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.