Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) “Дәстүрлерді жаңғырту: қоғамдағы жаңа мінез -құлық нормалары” (іріктеме-2 400 респондент) талдамалық есебінің деректері бойынша елімізде оқу мәдениетін дамыту үшін әлеует бар, алайда әзірге азаматтардың күнделікті өміріне сіңе қойған жоқ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Зерттеулер 2026 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті 16 мамырда қол қойған “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығының өзектілігін тағы бір айғақтайды.
Оқуға деген көзқарас
Зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандықтардың тек 46,8 пайызы кітапты білім мен шабыттың негізгі көзі деп атайды. Бұл ел азаматтарының жартысынан көбі кітап парақтауды бос уақыттың басым түрі немесе өзін-өзі дамыту тәсілі ретінде қарастырмайтындығын көрсетеді. Және де оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытында шаралар атқарылу қажеттігін білдіреді.
Оқырманның әлеуметтік-демографиялық профилі
Деректерді талдау барысында бірқатар тұрақты заңдылықтар анықталды. Білім мен табыс деңгейі кітап оқудың қарқындылығымен тікелей байланысты: респонденттің әлеуметтік-экономикалық мәртебесі неғұрлым жоғары болса, кітап оқуға деген құлшынысы да соғұрлым белсенді. Гендерлік тұрғыдан алғанда, әйелдер аудиториясы ерлерге қарағанда кітапты көбірек оқиды. Жас ерекшеліктеріне байланысты кітаптарға жастар мен аға буын өкілдері бірдей деңгейде қызығушылық танытады (61+). Сонымен қатар 29-45 жас аралығындағы азаматтар ең аз кітап оқитын топ, сол себепті кітап оқу мәдениетін дамыту шеңберіндегі негізгі мақсатты аудитория ретінде қарастырылуы тиіс.
Оқу жиілігі
Оқырман белсенділігінің статистикасы да назар аудартады: сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі – 51,2 пайызы бір жыл ішінде бір кітап та оқымағанын айтқан. Респонденттердің тағы 29 пайызы 1-3 кітаппен шектеліптіі. Сауалнамаға қатысқандардың азғана бөлігі тұрақты түрде кітап оқитынын жеткізген: 10,1 пайызы жылына 4-6 кітап, 4,3 пайызы 7-ден 10 кітапқа дейін, ал 4,8 пайызы жылына оннан астам кітап оқиды.
Диаграмма 1. «Сіз соңғы жылдары қанша кітап оқыдыңыз?» сұрағының жауаптарын бөлу, %
Демалыс құрылымы
Қазақстандықтардың бос уақыты жүйесінде кітап оқу соңғы орындарда тұр. Ең көп таралғандары – туыстарымен және достарымен кездесу (50,6%), үй шаруашылығымен айналысу (44,3%), интернетті пайдалану (37,7%), балалармен айналысу (32,7%), теледидар көру және радио тыңдау (30,5%), табиғатта серуендеу (24,7%), мәдени шараларға қатысу-фильмдер, театр, концерттер тамашалау (14,5%). Респонденттердің тек 11,8 пайызы, яғни әрбір оныншы қазақстандық қана бос уақытында кітап пен газет оқуды таңдайды. Айта кету керек, жауаптар жиынтығы 100 пайыздан асуы мүмкін, өйткені респонденттерге бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілді.
Мемлекеттік жауап: стратегиялық вектор
Зерттеу нәтижелері осы саладағы мемлекеттік шаралардың негізді түрде және дер кезінде қолға алынып отырғанын қуаттайды. 2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Құжат кітап оқу мәдениеті мен заманауи оқырман инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ отандық жазушылар мен ақындарды қолдауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындайды.
Бұл тұжырымдаманы іске асыру саладағы жағдайды түбегейлі өзгертуге және кітап лайықты орын алатын қоғамның қалыптасуына жаңа серпін беруге арналған. Бұл, өз кезегінде, адами капиталды, сондай-ақ қазақстандық қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Деректер көзі: ҚҚДИ-дің “Дәстүрлерді жаңғырту: қоғамдағы жаңа мінез -құлық нормалары” талдамалық есебі, іріктеме-2 400 респондент.