Өткенімізбен қауыштырып, жарқын болашағымызға қызмет ететін, қаламыздың көне тарихын сақтап дәнекер болатын орын – архив. Бұл бағытта елордалық архивтің алар орны ерекше. Астана күні мерекесіне орай, Ұлттық академиялық кітапханада ортақ жоба «Қараөткел құпиялары» атты зерттеу кітабының таныстырылымы өтті. Қала күнінде арнайы жарық көрген еңбек Астана қаласы Мемлекеттік архиві ғылым-әдістемелік кеңесінің ұсынысымен, ғалым Жамбыл Артықбаевтың авторлығымен шығып отыр. Онда елорда архив қорында сақталған мол деректер кеңінен пайдаланылған.
Тарихты тану – өткеннің емес, болашақтың қамы. Ал тарихты терең пайымдап, ұлттық жадымызды жаңғырту жолында сүбелі еңбек сіңіріп жүрген қалам иелерінің қатарында тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаевтың есімі айрықша аталады. Оның қолымыздағы бұл еңбегі – Қараөткелден басталып, бүкіл Сарыарқаның мәдени-тарихи жадын жаңғыртқан тұтас шежіре. «Қараөткел құпиялары» – жай ғана өлкетанулық жинақ емес. Бұл – туған жер тарихының жанды тамырын ұстап көргіңіз келсе, «мінеки, қараңыз» деп ұғынықты ұстында ұсынылатын көне дүниелерге деген құрмет. Бүгінгі Астананың орнында – кеше қандай тарихи мекендер болғанын, қайдан шыққанын, не себепті осы жерге орныққанын білгісі келген әр азамат үшін бұл кітаптың оқырманға көрсетер көмегі көл-көсір.
Қазақ тарихын зерделеудің, түсініп, түйсінудің, оны тұтас және жанды ағза ретінде қабылдаудың ең сенімді жолы – өлкетанудан басталатыны даусыз. Себебі туған жердің тарихын танып-білу ұлттың жадына терең үңілу, ұлы бастауға оралу дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде, тарихшы Жамбыл Омарұлының жазғандары елорданың рухани болмысын айшықтайтын, ғылыми дерек пен көркем пайымды тоғыстырған құнды еңбек саналады.
Қазақстанның бас қаласы Астана туралы бүгінде бірталай еңбек жазылды. Дегенмен Артықбаевтың бұл кітабының басқа еңбектерге қарағанда, өзіне тән ерекшелігі бар. Ол елорданың ресми шежіресінен бөлек, оның көмескіде қалған, көмбеде жатқан тарихи қабаттарын ашуға ұмтылады. Кітап авторы Сарыарқа төсіндегі, Есіл мен Нұра арасындағы мыңжылдықтарға тамырланған, жұмбаққа толы тарихты оқырманға жақындата түседі. Осы арқылы біз тек қаланың бүгінгі келбетін емес, ежелгі тынысын, археологиялық һәм мәдени-рухани негізін тани түсеміз.
Кітапта мынадай сұрақтар төңірегінде терең мазмұнды ізденіс бар: бұл қаланың бұрын «Қараөткел» аталғанын кім біледі? Нұраның жағасындағы «Тайтөбе» атауы қайдан шыққан, нені меңзейді? «Ормамбетов тамы» деп аталатын қала неге олай аталған? Астана іргесіндегі «Мортық» атауы қандай тарихи астарға ие? Міне, осы және басқа да көптеген сауалға автор ғылыми негізде жауап береді. Әрбір атаудың артында елдің өткенінен сыр шертетін оқиға, естелігі, тағылымы бар. Бұл еңбек оқырманды тек қызықты тақырыптармен ғана емес, отаншылдық пен тарихи танымға бастайтын өміршең мазмұнымен баурайды.
Кітап, ең алдымен, тарихқа ынтық жастарға, туған өлкенің жүрек соғысын тереңнен ұғынғысы келетін оқырманға арналған. Ол – архивке үңілуге, ескі карталар мен ұмыт болған шежірелерге назар салуға ынталандыратын құжат. Автордың шеберлігі – ғылыми деректі оқырманға көркем тілмен жеткізуінде, әрі сана мен жүректі қатар оятуында. Бұл еңбек – Астананың ғана емес, бүкіл қазақ даласының тарихи-рухани болмысын терең танытатын бірегей туынды. Жастарға тарихты сүюге жол ашатын, ұлтқа қызмет етудің тамырлы үлгісін көрсететін тағылымды кітап.
Сарыарқа төсіндегі рухани тамыр мен елорда тағдырын сабақтастырған Ж.Артықбаевтың тарихи-зерттеу еңбегі – Астананың ресми тарихынан бөлек, оның байырғы болмысын, археологиялық, географиялық, этномәдени сипатын тереңінен баяндайтын шыншыл шежіре. Кітаптың «Қараөткел туралы ізденістер» делінетін алғашқы тарауында Қараөткел атауының қайнар көзіне, өлкетанушылар еңбегіне, Ақмола уезінің даму тарихына үңілеміз. Бұл тарауда Есіл мен Нұраның арасындағы көне қалашықтар мен таңбалы жарлар, ресейлік шенеуніктер мен жергілікті тарихқа еңбек сіңірген тұлғалар туралы тың мәліметтер жүйеленіп берілген. Астананың бүгінгі көркіне қарағанда, оның түп-тамырын сезіну – елге деген сүйіспеншілікті арттырады.
Екінші тарау «Есіл–Нұра – екі су» деген атпен берілген. Мұнда Арқа төсін бойлап аққан екі өзен – Есіл мен Нұраның бойындағы көне іздер, табиғатпен етене байланыста туған аңыздар, географиялық-тарихи ерекшеліктер сөз болады. «Қозыкөш», «Айдаһарлы-Құдайберлі үңгірі», «Тоғанастың тоқсан екі көлі» сынды жер-су атаулары арқылы көне заман тынысы сезіледі. Автор дерек пен мифологияны, ғылыми пайым мен танымдық зердені шебер ұштастыра білген.
«Ерте заманның ескерткіштері» деп аталатын үшінші тарау – археология мен этнотарихтың түйіскен тұсы деуге толық негіз бар. Бұзоқ қалашығы, Мортық, Бытығай, Қорғалжын өңіріндегі ортағасырлық қоныстар жайлы деректер оқырманды сол кезеңдерге ойша сапар шеккізіп, көне қалпын елестетіп көруге мүмкіндік береді. Ормамбет тамы мен Әз Тәуке ханның ордасы туралы деректер Қазақ хандығының ел іргесін бекіткен ірі оқиғалармен тікелей байланыстырылады. Бұл тарау арқылы біз тек материалдық ескерткіштерді ғана емес, тарихи ойлау жүйемізді де қайта қарастырамыз.
Төртінші, «Қараөткел тарихы» тарауы Қараөткел – жай ғана географиялық нүкте емес, қазақтың мемлекеттік жадындағы маңызды бекет екені, Қараөткелдің Алаш қозғалысы кезіндегі рөлі, Ақмола бекінісінің тарихы, Тайтөбе, Сейтен мен Тайжан батырлар, ескі түрме мен көшелер, қаланың алғашқы фотографы мен автомобиль тарихы – бәрі-бәрі ұлттың ұмыт қалмауға тиіс зердесіне айналған. Автор жазбасында көркемдік тәсілмен шынайы деректерді шебер сабақтастырып, өткеннің күретамырын тірілтіп отырады.
«Қараөткелге қанаттас аймақтар» делінетін соңғы тарау Қараөткелге іргелес жатқан киелі мекендерге арналған. Бурабай, Атбасар, Ақкөл-Жайылма сияқты өңірлердің тарихи келбеті, хан төбелер мен ана есімдері, жергілікті аңыздар мен шежірелер осы бөлімде кеңінен қамтылған. Бұл тарау кеңістікті тұтастықта тануға мүмкіндік береді. Туған өлкенің шежіресін тек орталықтан емес, айналасынан да оқуға болатынын дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, бұл кітап – елордамыз Астананың, оның түп-тамыры Қараөткелдің, сондай-ақ Сарыарқаның әр белесі мен тасы сөйлейтін тағылымды тарихтың көркем-ғылыми шежіресі. Жамбыл Артықбаев бұл еңбегі арқылы туған топырақты танудың жаңа үлгісін, жаңа көзқарасын ұсынады деп айтуға болады.
Тарих – өткеннің тасада қалған үні емес, бүгінгі болмысты түсінудің кілті. Сол кілтті ұлттың ұлы мұрағатынан іздеген автордың бұл кітабы әр қазақ баласының рухани жүгін ауырлатпай, байыта түсетіні анық.
Жанкелді БИМОЛДИН,
Астана қаласы архивінің директоры