«МузАРТ» тобының мүшесі, әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет пен келіні Әдияның тойы көпшілік асыға күткен тойдың бірі болды. Ел ішінде әншінің сөзге қалуы – тойдың онлайн көрсетілімін сатуы. Соған қарамастан тойды тікелей эфирден тамашалауға 6000 мыңға жуық адам тіркелген, – деп хабарлайды Aiqyn.kz.
Салтанатты шара Алматыдағы Royal Tulip мейрамханасында өтті. Ал тойды тікелей эфирден тамашалауға 5800-ден астам адам тіркелген. Тойдың ұйымдастыруымен белгілі продюссер Жан Мұқанов агенттігі айналысты. Әншінің тойына 800-ден аса адам шақырылған.
Тікелей эфирді журналист Анна Данченко мен асаба Әзімбек Байлин жүргізіп, қонақтарды да қарсы алған.
Бұған дейін Сәкен Майғазиев тойдың ұйымдастырушылары талап қойғанын айтқан болатын. Сондықтан тойға әншілердің мобилографтары мен көмекшілеріне кіруге тыйым салды.
«Той ұйымдастырушылардың талабы бойынша, мобилографтарды кіргізбеу керек болып отыр. Әр әншінің көмекшісі, мобилографы маған қымбат. Іні-қарындастарым. Тойға келетін 800 адамның ішіндегі жүз шақтысы – әнші. Әрқайсысы жеке мобилографпен немесе көмекшімен келсе, жағдай қиындайды», – деді әнші.
Десе де, әнші ұлының үйлену тойын көргісі келетін халықтан ақша жинағаны үшін салық төлеуге міндеттеледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері хабарлаған.
“Сәкен Майғазиевтің жағдайында онлайн-іс-шараға (онлайн-тойға) қатысу үшін 1380 теңге көлемінде ақы алу табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет болып табылады. Егер іс-шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер (ЖК) немесе заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ол алынған табысты декларациялап, қолданылатын салық салу режиміне байланысты жеке табыс салығын төлеуге міндетті:
шағын бизнес субъектілері үшін жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі қолданылған жағдайда – 3%;
ЖК үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі кезінде – 10%;
заңды тұлғалар үшін – 20%.
Мұндай салық салу тәртібі салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру саласында қызмет көрсететін субъектілерге де қолданылады. Бұған мейрамханалар мен банкет залдары (тамақтандыру және орын-жайларды жалға беру қызметтерін көрсететін), сондай-ақ жүргізушілер (тамада), әртістер, музыкалық және би ұжымдары, іс-шараларды өткізу шеңберінде қызмет көрсететіндер жатады”, – деп жазған Ulysmedia.kz.