in

Музыканттар демалыста не істейді?

«Музыкалық демалыс» деген жеңіл естілетін атаудың артында тоғыз жас таланттың атқарған елеулі еңбегі тұр, атап айтсақ олар – Марта Набатова (сопрано), Дариға Қазкенова (скрипка), Аделя Дүйсенбай (скрипка), Афина Мавиди (флейта), Камиля Исмагулова (флейта), Мария Шавтельская (фортепиано), Радия Оразалинова (фортепиано), Айдар Бижанов (классикалық гитара), Әліби Жанат (композитор). Әрқайсысының қоржынында халықаралық байқаулардағы жеңістер бар, сонымен қатар олар адамдардың көбі баруды армандайтын Санкт-Петербор, Мәскеу, Вена секілді қалаларда білім алуда.

  Бағдарлама орындаушылардың мүмкіндіктерін барынша үздік деңгейде көрсетуге болатындай етіп құрылған. Фортепиано блогында жас музыканттардың төзімділігі сыналады. Мария Шавтельская кешті көпшіліктің сүйікті туындысы – Н.Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңызымен» және А.Жайымның өңдеуіндегі Құрманғазының «Адай» виртуоздық шығармасымен ашады, ал Радия Оразалинова С.Прокофьевтің Фортепианоға арналған №1 сонатасы, С.Рахманиновтың №6 прелюдиясы және Ф.Шопеннің №1 скерцосы секілді шығармаларда өзінің техникасы мен пайымдау тереңдігін көрсетеді.

  Жарқын сопрано Марта Набатова опера блогымен сахнаға шығады: әнші Р.Леонкаваллоның «Паяцы» операсынан Недданың речитативі мен балладасын және В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Эльвираның ариясын орындайды. Әртіс сан алуан мәнер мен драманың түрлі деңгейін паш етеді. Скрипкашылар Дариға Қазкенова мен Аделя Дүйсенбай еуропалық мектептің қырларын таныстырады. Аделя бағдарламаның скрипкаға арналған бөлігін К.Сен-Санстың «Хаванезімен» ашады, ал Дариға И.Брамстың Скрипкаға арналған концертін (II және III бөлімдер) ұсынады. Флейташылар Камиля Исмагулова мен Афина Мавиди Г.Форенің Флейта мен фортепианоға арналған фантазиясын және Ж.Бизенің «Кармен» операсы тақырыбына Ф.Борнның тамаша фантазиясын орындап, бағдарламаға еркіндік лебі мен француз сиқырын үстейді. Ал гитарашы Айдар Бижанов Ф.Тарреганың «Араб каприччиосы» мен Р.Дьенстің жалынды Fuoco туындысын орындау арқылы кештің атмосферасын ерекше жігерлендіре түседі.

  Әліби Жанат – осынау концертте туындылардың авторы ретінде өнер көрсететін жалғыз қатысушы. Оның Домбыра мен фортепианоға арналған вариациялары (мұнда Әліби Мария Шавтельскаямен бірге дуэтте домбырамен сахнаға шығады), Фортепианоға арналған «Сөзсіз ән» мен Марта Набатованың орындауындағы Сопрано мен фортепианоға арналған «Сезім сыры» романсы классикалық туындылармен бір қатарда тұр.

  – «Музыкалық демалыс» концерті үшін авторлық үш туындымды дайындадым, олардың әрбіреуі менің музыкалық тілімнің сан алуан қырларын өзінше бейнелейді. Бұлар әртүрлі аспаптық ұжымдарға арналған сан алуан жанрдағы шығармалар. Онда романтикалық лирика, фольклорлық екпіндер мен заманауи академиялық композиторлық тәсілдер бірге өріледі, бұл менің шығармашылық қолтаңбамның әртүрлі қырларын ашуға мүмкіндік береді, – дейді композитор. – Қазақстандық көрермендер бұл туындыларды алғаш рет тыңдағалы отыр, сондықтан оларды қазақстандық премьера деп санауға болады. Туындыларымның Қазақстандағы алғашқы таныстырылымы дәл осы шығармашылық жоба аясында орын алатыны мен үшін ерекше маңызды жайт. Өйткені «Музыкалық демалыс» – достарыммен және әріптес-музыканттармен бір сахнада кездесуге, шығармашылық күш-қуатымызбен бөлісуге және тыңдармандарға жанды музыкалық тілдесу атмосферасын сыйлауға тамаша мүмкіндік. Мұндай кештер орындаушылар мен көрермендерді музыкаға деген шынайы махаббат арқылы біріктіріп, әрдайым айрықша оқиғаға айналады. Осынау жобаның бір бөлшегі болатыныма өте қуаныштымын және көрермендермен кездесетін сәтті асыға күтудемін, – деп қорытындылады Әліби Жанат.