in

Кітап оқитын ұлт – зияткер ұлт

Елордадағы №5 мектеп-гимназия оқушылары арасында кітап оқуға деген құштарлық бұрыннан дәстүрге айналған десек болады. Олар оқуда ғана емес, ағартушылық-зияткерлік бағытта да замандастарынан алда.  Мектептің 1996 жылғы түлегі биыл өзінің алтын ұя мектебіне кітапхана ашып берген. Жақсылық жасаудың жарқын үлгісін жанына серік еткен шәкірт ұстаздарынан өзінің атын атап, мақтамауды өтінген екен. Бірақ мектеп ұжымы шәкіртінің игі ісімен мақтанып, «Жақсының жақсылығын» айтуды жөн көреді. Халқымызда «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген нақыл сөз бар. Осындай игі істер атқарып жатқан шәкіртіне ұстаздардың алғысы шексіз.

– Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп хакім Абай, білім мен ғылымның қайнар бұлағы кітап екенін, оны ерінбей оқып, санаға тоқу керектігін өсиет етті. Баба өсиетін бойына дарыта білген, болмысына айналдыра алған шәкіртіміз өзі түлеп ұшқан алтын ұя мектебіне деген құрметін ерекше іспен көрсетті. Ол кейінгі буынның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында, өзі білім алған мектеп кітапханасын заманауи үлгіде жабдықтады. Сондай-ақ оқу ордасына деген құрметі мен ризашылығын тағы бір игі іспен жалғастырып, ұстаздарға арнап заманауи әрі жайлы мұғалімдер бөлмесін жабдықтауға зор қолдау көрсетті. Бұл – ұстаз еңбегіне деген құрметтің, туған мектебіне деген жанашырлықтың және жақсылықты іспен көрсетудің жарқын үлгісі. Оның бұл қайырымды қадамы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, мектеп өміріне қосылған үлкен үлес ретінде бағаланды. Ол өзін мақтағанды, ісімен мақтанғанды да ұнатпайды, – деді №5 мектеп-гимназия директоры Қарлығаш Инербаева, мектепке зор құрмет көрсеткен шәкіртін мақтан тұта, марқайып…

Заман талабына сай жабдықталған, кітап қоры мол бұл кітапхана – талай шәкірттің білім жолына шамшырақ болып, болашағына жол ашады деп сенеміз.

Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, мәдениетінің, даналығы мен рухани ізденісінің жемісі. Ол – адамға рухани азық, адал дос, айнымас серік. Кірпік қаққанша үздіксіз жаңарып, жылдам өзгеріп жатқан қызылды-жасылды әлемде бір сәт аялдап, гаджетке емес, кітапқа үңіліп, жанға қуат алудың жөні бөлек. Ғалымдардың айтуынша, кітап оқығанда әлеуметтік желі парақтағаннан гөрі ми тез тынығады, жүрек соғысы баяулап, күні бойғы шаршау басылады. Яғни небәрі 6 минут кітап оқу адамның күйзеліс деңгейін 68%-ға төмендетеді. Бұл музыка тыңдаудан (61%), сүйікті шай не кофе ішуден (54%) және таза ауада серуендеуден (42%) әлдеқайда тиімді.

«Кітап оқып отырғанда, ми жасырын қабілеттерін шыңдайды. Эмори университетінің (АҚШ) зерттеулері кітап сюжеттері нейрондық желіде ұзақ уақыт із қалдыратынын дәлелдеді. Тұрақты оқу арқылы (бір кітапқа сол 11-12 күн) адамның эмпатиясы дамиды, зейіні шоғырланады және когнитивтік қор жиналады» дейді ғалымдар.  

 Мемлекет басшысы қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «23 сәуірді – Ұлттық кітап күні» деп белгілеп, зияткерлік-ағартушылық және рухани жаңару стратегиясының басым бағыты саналатын «Кітап оқитын ұлт» тұжырым­дамасын бекітті. Қазір елімізде жаппай кітап оқу үрдісі қалыптасып келеді. Тұжырымдама аясында былтыр Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шым­кент қаласында пилоттық негізде «Кітап оқи­тын ұлт» жобасы ұйымдастырылып, оған 190 мың­ға жуық оқырман қатысқан болатын. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапқа деген қызығушылықты арттыру және зияткер ұлт тәрбиелеу. 

Биыл «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығын іске асыру мақсатында «Кітап оқитын ұлт» жобасының аясы кеңейіп, оқуға, үйренуге, ойлануға және алған білімді өмірде қолдануға деген тұрақты дағдыны қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді республикалық марафон өтіп жатыр. Елімізде оқуға құштар мектеп оқушылары мен студенттерді, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілерді, отбасылар және басқа көптеген оқырманды біріктірген оқу марафоны 2027 жылдың сәуір айына дейін жалғасады. Reading-nation.kz сайтының мәліметінше, марафонға еліміздің түкпір-түкпірінен 1 493 882 оқырман тіркелген. 

Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұсынған мәліметке сәйкес, «Кітап оқитын ұлт» марафоны жарияланғаннан бері елорда кітапханаларына 12 576-дан астам оқырман тіркеліп, қатысушыларға шамамен 31 440 дана кітап берілген. Оқушылардың кітап таңдау талғамы да, оқу әдеті де әртүрлі. Біріне қиял-ғажайып оқиғалар ұнаса, енді бірі қазақ әдебиетіне қызығады.

Елордадағы №5 мектеп-гимназияның директоры Карлығаш Инербаеваның айтуынша, бүгінде адамды әлеуметтік желілердегі түрлі контент магнитше тартқан заманда мектеп қабырғасында кітап оқуды жанына серік еткен, ерекше жетістікке жеткен оқушылардың болуы – үлкен мақтаныш.

– Көрнекті қазақ жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзі санамызда сақталып қалды. Ендеше кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын молайтып, дүниетанымын қалыптастыратын маңызды дағды. Бүгінде мектеп қабырғасында кітап оқуды жанына серік еткен, ерекше жетістікке жеткен оқушылардың болуы – үлкен мақтаныш. Сондай оқушыларымыздың бірі 11«в» сынып оқушысы Айзере Қадырғажы, – деді Қ.Инербаева. 

Кітап оқуға құмар, зейіні сергек Айзере бүгінгі күнге дейін 100-ден астам кітап оқыған. Оның жеке кітапханасында шамамен 160 кітап бар. 

Шын мәнінде, білім мен еңбекті серік еткен, ұлтқа қызмет етуді өмірлік миссия санаған ұрпақ ұстаздарының мақтанышы ғана емес, ел дамуының басты байлығы десек болады. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ