Шара жастар арасында білімге, ізденіске және терең ойлауға деген құштарлықты арттыру, рухани келісім мен өзара сыйластық құндылықтарын дәріптеу, сонымен қатар азаматтық жауапкершілігі жоғары, отансүйгіш және мәдениетті тұлғаны қалыптастыруды мақсат етті.
Зияткерлік сайысқа облыстың барлық аудан және қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, «Руханият» орталықтарының өкілдері, жастар ресурстық орталықтарында қызмет ететін теолог мамандар, дін қызметкерлері мен медресе-колледж ұстаздары қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды Рухани келісім күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың маңызына тоқталып, осындай танымдық іс-шаралар жастардың рухани және интеллектуалды дамуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті.
«Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бүгінде әр қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналуға тиіс. Рухани келісім ел бірлігінің, тұрақтылықтың және дамудың негізі. Осы орайда өткізілген «Ойлан тап» ойыны жастардың білімін шыңдап, бірлік пен татулыққа шақыратын мәні зор жоба», – деді Ертай Алтаев.
Интеллектуалды ойын үш кезеңнен тұрды. Сайыс сұрақтары еліміздің және Түркістан облысының тарихы, әдебиет пен мәдениет, ұлттық салт-дәстүрлер, дін саласындағы заңнамалар және спорт тақырыптарын қамтыды. Қатысушылар терең білімдерін, жылдам ойлау қабілеттерін және тапқырлықтарын көрсету арқылы өзара мықты бәсеке өрбітті.
Байқауды бағалау үшін кәсіби қазылар алқасы шақырылды. Олардың қатарында теология және философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, білікті дін қызметкері Айдар Оспанов, сондай-ақ облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахматулла Сабыржанұлы болды.
Қазылар алқасы қатысушылардың ой ұшқырлығын, логикалық пайымдау қабілетін және командалық ынтымақтастығын әділ бағалап отырды.
Тартысқа толы өткен сайыста Отырар ауданының командасы өзгелерден озық шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Команда мүшелері ұйымдастырушылар тарапынан 500 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. ІІ орын – Сайрам ауданы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ командаларына бұйырып, олар ынтымақ пен білімнің үлгісін көрсетті.
Ал ІІІ орын иегерлері – Ордабасы және Төле би аудандарының командалары 150 мың теңгеден ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Осындай танымдық әрі тәрбиелік мәні зор зияткерлік ойындар жастардың логикалық және сыни ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, олардың бойында патриотизм, толеранттылық және рухани келісім қағидаттарын қалыптастырады. Түркістан облыстық дін істері басқармасы алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды жүйелі түрде өткізіп, жастардың интеллектуалды және рухани әлеуетін арттыруды көздеп отыр.
«Біздің басты мақсатымыз – білімді, ізгі ойлы, елінің болашағына бей-жай қарамайтын жас ұрпақ тәрбиелеу. Рухани келісім мен бейбітшілік – кез келген қоғамның іргетасы. Сол құндылықтарды дәріптеу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахматулла Сабыржанұлы.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы