in

Жетісу күйлерін жеткізген тұлға

Олардың орындалуы мен ырғағы, көңіл күйі, тақырыбы мен табиғаты сан қилы болып отырады. Күй – домбырамен ғана шығарылмайтын шығарма. Ол – қобыз бен сырнайда, тіпті шаңқобызда да шығарылып орындалатын, адамның көңіл күйін жеткі­зетін керемет дүние. Ал күйшілік өнер – ол өз алдына бөлек жатқан үлкен ғылым. Қазақ мәдениетінің негізі – күйшілік, жыршылық, айтыс, жыр қиссалар мен дәстүрлі ән өнері. Ғасырдан -ғасырға көшіп, ұрпақтан-ұрпаққа жетудің арқасында тамы­рымыз те­реңге кетіп, ұлт болып ұйысып отырғаны­мызды естен шығармауымыз керек. 

Биыл Жетісу күйлерін жеткізуші дәулескер күйші, күйшілік өнердің ірі өкілі Омархан Керімқұловқа 90 жыл толып отыр. Ол кісінің ерекшелігі – күй шертуінде Іле, Тарбағатай өңіріне кеңінен тараған Қожекенің, Сыбанқұлдың, Қосдәулеттің, Бестібай, Кәтіп, Тілеміс Манпаңның, Әшімнің, Қырғыз Асанәлінің күйлерін бүгінгі ұрпақпен қайта қауыш­тырғаны. Жетісу күй өнерінің көрнекті өкілі, майталман шебер виртуозды орын­даушы, күйшілікке бейімі бар жас талант­тарды да тәрбиелегенін айта кеткен жөн. Ең бір өкініштісі, осы Жетісу жеріндегі күйшілікті дәріптеу өз деңгейінде болмай, кенжелеп қалып отыр. 

Ел көгеріп, жер гүлденіп, көңіл көркейіп жатқан шақта 90 жыл бұрын өмірге келген дарынның Құрманғазының жолын қуып құлаш сермеп, қазақ өнерінің көгіне шыққан тұлғаны ұмыту ұрпаққа сын болады. Жетісу күйлерінен үлкен мұра қалдырған абыз ақсақалымызды жастарға дәріптеу – біздің парызымыз. Тіпті, сол қалдырып кеткен шығармаларын өңдеп, консерватория мен музыкалық колледж­дерде оқытылатын негізгі оқу құралы ретінде қолдануға болады. Ұшқыр қиялдың жетегімен музыка әлеміне сапар шеккен дарынды жастар тек қана күйшілік өнерді меңгеріп, оны орындап қана қоймай, дәулескер күйшілердің артынан еріп келе жатқан рухани қазынаға айналар еді. Жетісу күй жинақтарын құрастырып, қаймана қазаққа өткен күннің белгісіндей, ата-бабадан қалған сарқыт-мұрасын таныстыру, елімен табыстыру жолында қызмет ету – елім деген әрбір ерге тән дүние.

Нұрбақыт БӨКЕБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген 

қайраткері, мәдениеттану 

ғылымдарының докторы