in

Даладан жеткен дауыс

Бұл сапар – Әміре өнерінің шарықтау шегі ғана емес, оның тағдырына әсер еткен ерекше кезең болды. Алайда осындай маңызды әрі тағдыршешті оқиғаның өзі әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді. Әйгілі әншінің өмір жолы жайлы жиі жазылғанымен, шетелдік сапарлары, яғни Франция мен Германияға жасаған гастрольдері туралы нақты деректер өте аз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз бүгін Әміренің Еуропадағы өнер сапарына назар аударуды жөн көрдік.

Әуелі әйгілі Париж сапарынан бас­тайық. Әміре Семейден Мәс­кеу­­­­­ге аттанады. Аталған сапар ая­сында ол астанадағы Үлкен театр­да тағы бір концерт өткізеді. Бұл тек концерт емес, Париж ал­дын­дағы соңғы дайындық болса ке­рек. Ұйымдастырушылардың ойын­ша, әртістер үлкен сахнада, қа­расы көп халықтың алдында өнер көрсетіп, машықтанып алуы қа­жет. Ал жағдайды бағамдап, дұ­рыс-бұрысын қарап отыратын Лу­начарскийдің өзі және атақты ақын Маяковский. Бұл концерт ту­ралы сол кездегі орталық басы­лым – «Правда» газетінің 1925 жыл­ғы 26 маусымдағы санында жа­зылған. Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Әміре бұл концертте «Ағаш аяқ» әнін айтқан деп жазады. Әнші ән­нің алғашқы нотасын айтқан кез­де, залдың алдыңғы қатарында отыр­ған бір көрермен шошып ке­тіп, «Мынау ғажап дауыс қой!» деп таңырқапты.

Бұл кезде Әміре Мәскеуде тұ­­­­рып жатқан Алаш көсе­мі Әлихан Бөкейханмен де кез­дес­кен екен. Қазақтың ұлттық өне­рін шет­елге таныстырып жүр­ген Әміре­ге Әлихан ағалық ақы­лын ай­тып, шығармашылық жо­лына сәт­тілік тілеп, ақ батасын бер­ген де­седі. Кейін бұл кездесу жай­лы Әлихан Ахмет Байтұр­сын­ұлы­на жаз­ған хатында арнайы атап өтеді.

Әміре осылайша, барлық сын­­­­нан өтіп, КСРО өкілдері құ­ра­­мында Парижге жол тартады. Парижге делегация тоғызыншы шіл­деде барып, орталықтағы «Да­рия» қонақүйіне орналасады. Әміре бастаған топ бар-жоғы 11 кон­церт қояды. Бұл концерттер жай­лы мәлімет көп емес. Десе де Фран­ция Ұлттық кітапханасы ар­хивінің сайтында La semaine a Paris, Comoedia газеттерінің сол кез­дегі мұрағаттық сандарын тап­тық. Ол жерде Semaine d’Art ethnographique russe (Орыс этног­ра­фия­лық өнерінің сеанстары) кон­церті Сан-Жорж көшесі, 51 Salle Comoedia ғимаратында өте­тіні көрсетілген. Концерттер 10-11 және 17-18 шілдеге (бұл апта­ның жұма және сенбі күндері) жос­парланған. Сонымен қатар бір мақалада музыкатанушы Поль Ле Флемнің Әміре жайлы пікірі де берілген. 

Француз музыкатанушысы Әміре Қашаубаевтың орындауын­да­ғы қазақ даласының әндерін ба­тыс тыңдарманы үшін ерекше, та­биғи әрі шынайы деп сипат­тай­ды. Оның айтуынша, бұл әуендер тың­­­­даушыны кең дала поэ­зия­сы­на жетелейді. Домбыраның жұм­сақ үні мен қазақ әндерінің өзін­дік әуезі Еуропа музыкасына үй­­­­­ренген құлаққа тосын әрі түсі­нік­сіз көрінуі мүмкін. Мұндай ән­дерді шынайы түсіну үшін Еу­ропа музыка теориясы ере­же­лері мен қалыптасқан тыңдау дағ­дыларынан бас тарту қажет. Батыс музыкасы ұстанатын қатаң жүйе мұндай еркін әрі табиғи саз­ды қабылдай бермейді деп қоры­тындылайды.

Әміре Парижде жүргенде жа­зу­­­шы Ромен Роллан, журналист Анри Барбюст, Сорбонна уни­вер­ситетінің профессоры Юбер Пер­но секілді зиялылармен кез­дес­кен. Соңғысы қазақтың Әмір­есі мен башқұрттың қурайшысы (сы­­бызғышы) Жұмабайды ар­найы фонографқа жазып алғанын атап өтеді Жарқын Шә­кәрім.

Жоғарыда жазға­ны­мыз­дай, концерттер жұма және сенбі күндері өткен. Осы кон­­церттерде Әміре Париж сах­на­­сында «Балқадиша», «Аға­шаяқ», «Дударай», «Қараторғай», «Қы­зыл бидай» және «Үш дос» әндерін шырқаған екен. Қалған күн­дері Әміре қаланы көріп, қы­дырғаны анық. Сондай бір күн­дері әйгілі Эйфель мұнарасына Мұстафа Шоқаймен көтеріліп, қа­ланы тамашалаған. Сол күні Мұс­тафа «Кешкі асқа келіңдер, мен қонақ қылайын сіздерді», – деп барлығын ресторанға ша­қы­рады. Алайда делегациядан тек Әмі­ре ғана барып, жалғыз өзі Мұс­тафамен оңашада қалады… Әмі­ре Қашаубаев пен Мұстафа Шо­қайдың Парижде кездесуі ту­ра­лы дерек түрлі еңбекте кеңі­нен жазылғаны белгілі. Бұл тақырып бұ­ған дейін жан-жақты зерттеліп, оқырманға жақсы таныс бол­ғандықтан, біз бұл эпизодты ма­қа­ла аясында осылайша қысқаша ға­на атап өтуді жөн көрдік.

Әрине, Әміре Қашаубаев Па­риж­ге жалғыз өзі барған жоқ. Ол Ре­сейден барған үлкен делега­ция­ның құрамында болды. Деле­га­ция қатарында түрлі сала өкілі болған. Олардың барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Сондықтан біз бұл жерде тек Әміремен бірге бір сахнада өнер көрсеткен әріп­тес өнерпаздарға ғана тоқта­ла­мыз. Бұл орындаушылар күн сайын концерт беріп, әрқай­сы­сы­­ның жеке-жеке нөмірі болған. Олар: украин әншісі Ольга Фе­до­ровс­кая-Славинская (1885-1964) Мәскеу операсының ән­ші­сі, Гнесин атындағы музыка ака­демиясының ұстазы; әзір­бай­жан әншісі Шевкет Мамедова (1897-1981) Әзербайжанның алғашқы опе­ра әншісі, Баку өнер уни­вер­ситетінің директоры; башқұрт сы­бызғышысы Жұмабай Есен­баев (1891-1943) өз елінде қурай­шы­лық (сыбызғышылық) өнер­дің кәсіби негізін қалаған, баш­­құрт белсендісі Зәки Уә­ли­ди­мен байланысы бар деп реп­рес­сияға ұшыраған. Кейін соғысқа аттанып, Воронеж түбінде қайтыс болды; өзбек бишісі Тамара Ха­ным (1906-1991). «Ханым» деп ла­қап аты болса керек. Негізгі те­гі Петросян. КСРО Халық Әр­тісі. Өзбек биінің бүгінгі жетістігі осы Тамара Ханымның арқасы деп жазады зерттеушілер; Гри­го­рий Любимов бастаған дом­ра­шы­лар (домбырашы деп шатас­тыр­маңыз) квартеті (төрт адамды ан­самбль); Мухитдин Кари-Яку­бов (1896-1957) өз уақытында өз­бек­тің Шаляпині атанған опера ән­шісі. Совет Одағы орнағанға дейін Түркістан автономиясының бел­сенді мүшесі болған; сонымен қа­тар орыстың қос бұлбұл әншісі Ана­толий Довило (1893-1965) мен Ольга Ковалева (1881-1962). 

Шамамен шілде айының соңын­да делегация елге қайтады. Ал Әміре тамыздың 20-сы күні Семейге келіп жетеді.

1927 жылы әнші шетелге тағы ша­қырту алады. НКВД-ның қа­тал бақылауында жүргенімен, Мәс­кеуден келген бұйрыққа қар­сы шыға алмай жергілікті бас­шы­лық әншіні екінші сапарға да ат­тандырады. Бұл Германияның Франкфурт қаласы болатын. Егер алғашқы Париж сапары жайлы қа­зақ баспасөзінде азды-көпті жа­зылған болса, екінші Гер­ма­ния­ға сапары жайында дерек мүл­дем жоқтын қасы.

Әуелі іс-шараның өзіне тоқ­та­лып өтейік. Ресми атауы The International Exhibition in Frankfurt, Music in the Life of the People. Қазақшаласақ «Дүниежүзілік му­зыка көрмесі». Ахмет Жұ­ба­нов­тың жазуынша, көрме шілде айы­ның 22 мен 31 аралығында өт­кен екен. Ол сапарға Ақтөбеде жүрген жерінен аттанады. Бұл жайлы Серке Қожамқұлов өз естелігінде «Ақ­төбеде концерт қойып жүр­гені­мізде, Әміре Франкфуртқа бару керек деген хабарды естіген. Әміре сол мезетте бірден жолға шы­ғып кетті», – деп жазған. 

Біз сол Франкфуртта өткен ша­раны ұйым­дастыру­шы­лар жайлы ақпаратты таптық. Өздерін ISCM деп таныстыратын ұйым дүниежүзілік заманауи му­зы­каны насихаттаумен айналыса­ды екен. Олар 1923 жылдан бас­тап, жыл сайын әртүрлі қалада фес­тиваль ұйымдастырып жүрген кө­рінеді. Ең алғашқысы Зальц­бург­те өтсе (1923 ж.), 2023 жылы Оң­түстік Африкадағы Йоханнес­бург­те, 2024 жылы Фарер арал­дарын­да өткізіпті. 

Бұл сапар жайлы Әміреге қа­тыс­ты ақпарат аз болса да, жалпы Кеңес үкіметі делегациясы жайлы сол кездегі баспасөз өте көп жаз­ған екен. Мұрағаттағы 1927 жылғы шіл­де, тамыз айларындағы неміс баспасөзін қарап отырып, осыған кө­зіміз жетті. Мысалы, Arbeiter Zeitung, Deutshe Allgemeine Zeitung, Frankfurfer Zeitung сияқты бір­неше газет Кеңес делегация жай­лы жалпылама мәліметтер бе­ріп отырды. 

Ал орыстілді баспасөзде тек бір ғана материал табылды. Мәс­кеу­де шығатын «Рабис» деп ата­ла­­тын журналдың 1927 жылғы қыр­күйек айындағы 34 нөмірінде бе­лорус әншісі Ирма Яунзем Фран­кфурт сапары жайлы азды-көп­­ті тоқталған екен. Мақала ав­­­торы фестивальға түрлі ұлт өкі­­лі қатысқанын, кімнің не көр­сет­кенін, тіпті Моцарт пен Бет­ховен­нің өз қолымен жазған нота қолжазбалары жайлы жазған. Бір іліп алатыны, осы мақаладан біз Әміре бастаған топтың 9 концерт бер­генін және сол концерттер «Фран­кфурт опера» (Frankfurt opera) залында өткенін білдік.

Сөз соңында ел арасында жүр­ген бір дерекке тоқта­лып кетейік. Әміренің Франк­фурт сапарында дауысын арнайы ды­быс жазу құралына басып алып­ты-мыс. Бұл жайлы өнер­паз­дың өзі айтып кетті деген ес­те­­ліктер бар. Сонымен қатар Әмі­­ренің са­парласы атанған Са­ша Огане­заш­ви­ли есімді әнші Вильгельм Де­ген есімді неміс зерттеушісіне өзі орын­даған ән-күйлерін (кав­каз­дың домбырасы – кеманчада) жа­зып қалдырған екен. Бұл жай­лы нақты құжатты көрдік. Бұл жаз­балар бір дерек бойынша Гум­больдт университетінің дыбыс мұрағатында сақталды десе, тағы бір деректе жазбалар Берлин мем­лекеттік кітапханасында бар дей­ді. Осы сияқты башқұрт сы­быз­ғышысы Жұмабайды да осы уа­қытта таспалап алды дейді. Яғ­ни, Әміренің дауысы тағы сақ­талған бір жер болса, ол Германия болуы әбден мүмкін.

Әміре Қашаубаевтың шетел са­парларына қатысты деректер бүгінде үзік-үзік күйде ғана сақ­тал­ған. Соған қарамастан, бұл мә­ліметтердің тарихи маңызы аса жоғары. Әміренің өнері арқылы қа­зақ мәдениетінің шетелге ал­ғаш танылғанын ескерсек, бұл са­­­пар­ларды жан-жақты зерттеу – ұлт­тық музыкатанудың өзекті мін­деттерінің бірі. Осы жазбаны ұсы­нып отырып, біз Әміретану ғы­лымына өз тарапымыздан аз да болса үлес қосуды мақсат еттік. Алайда бұл бағыттағы басты өкініш бар. Ол Әміренің Франция мен Германиядағы өнер көр­сет­кенін айғақтайтын толыққанды құ­жаттардың, әсіресе дыбыс тас­паларының жоқтығы. Сондықтан келешекте атқарылар ең маңызды істердің бірі – осы құнды дерек­тер­ді іздеп тауып, ғылыми айна­лым­ға енгізу болмақ.

Рүстем НҮРКЕНОВ,

өнер зерттеушісі