Астанада Конституцияның 30 жылдығына арналған іс-шара өтті.
«Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми орталығы өткізген жиында медиаменеджер, журналист, HAN TV телекомпаниясы мен «Әділет.Рухани жаңғыру» республикалық газетінің басшысы Қуанышбек Тасболатұлы Ботабек қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті қайраткері» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар ол медиа саласына сіңірген еңбегі, ұйымдастырушылық таланты ескеріліп, еліміздегі ең танымал қоғамдық ұйымдардың бірі – Бас редакторлар клубының Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы ресми өкілі болып тағайындалды.
Он бес жылдан астам уақыттан бері Бас редакторлар клубы қазақ журналистикасын дамыту бағытында жұмысын жүргізіп келе жатқаны көпшілікке белгілі. Клуб республикалық, халықаралық деңгейлерде іс-шаралар ұйымдастырды.
Ендігі кезекте өңірлердегі журналистиканы барынша өркендету, ондағы әріптестермен тығыз жұмыс істеуді қолға алынбақ. Осы тұрғыда медианы өрге бастыруға мүдделі әріптестер ортақ іске жұмылдырылмақ.
Соның алғашқы қадамдарының бірі ретінде облыстарда қоғамдық ұйымның өкілдері тағайындала бастады. Шымкентте Қуанышбек Ботабек, ал Алматы қаласында «Alatau Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы Бас редакторлар клубының ресми өкілі болып тағайындалды.
Расында өңірлердегі әріптестермен жұмыс жүргізу ауадай қажет. Ол бір жағынан жергілікті жерлердегі әріптестердің белсенділігі мен бастамашылығына да байланысты. Осы ретте белгілі журналист, іскер медиаменеджер Қуанышбек Ботабек туралы әріптестері жақсы пікірлерін білдіріп, оның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін атап көрсетті.
Олардың пікірінше ресми өкілдердің тағайындалуы клубтың беделін арттырып, қызметін жаңа деңгейге көтереді. Бірқатар әріптестері Қуанышбек Тасболатұлының отандық журналистиканың дамуында өзіндік қолтаңбасы бар екеніне тоқталды.
Соңғы кезде Бас редакторлар клубының жұмыстары одан әрі жандана түсті. Қоғамдық ұйым Астанада ғана емес, республикамыздың әртүрлі өңірлерінде де шаралар өткізіп, қолдау білдіріп келеді. Сонымен қатар бірқатар медиа жобаларды жүзеге асыра бастады. Сол игі істердің жүзеге асуына медиа басшысы Қуанышбек Тасболатұлы да сүбелі үлесін қосып жүр.
Шаттық СӘДУАҚАС, Халықаралық Журналистер одағының мүшесі
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.