Елге белгілі айтыскер Балғынбек Имашевтың ұлынан “қажылыққа жолдама сатып алдық” деп тағы 40 адам шу шығарды. Олар Әуезов ауданының Полиция басқармасының жанындағы полиция бөліміне келіп, тергеудің қалай жүріп жатқанын білмек болған, – деп хабарлайды Aiкyn.kz сайты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар ақшасын қайтара алмай жүр. Соның бірі – алматылық тұрғын Берік Маржанов.
– 19 сәуірде өзім ұшуым керек тұғын. Бірақ сол уақыттан бері ешқайда ұшпадық. Ақшамыз да қайтарылмай жатыр. Бірінші уәдесінде жұмаға дейін деген, соңғысында “Құрбан айтқа дейін қайтарамыз” деген. Оның директоры – Данияр Имашев деген жігіт, – дейді ол.
Оның айтуынша, ол жолдаманы 500 теңгеге сатып алған. Айтыскердің ұлы оларға 20 миллион теңгеге дейін қарыз. Олар бұл компанияны әлеуметтік желі арқылы тапқан.
– Мекке-Мәдинедегі үш және төрт жұлдызды қонақүйде тұру уәде етілген. Балғынбек Имашевтің өзі жарнамалаған соң имандай сендік. Ал қазір не өзі, не ұлы байланысқа шықпайды, – дейді ол.
Негізі бұған дейін де осы компанияға алданып, 50-ге тарта адам полицияға шағым түсірген болатын. Бірақ ол кезде Данияр Имашев артынан ақшасын қайтарған.
– Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама зерттеулер тағайындалды. Іс материалдары міндетті түрде сотқа жолданады, – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Шағымданушылардың келісімшартында көрсетілген компания – Qazaq Sayahat ЖШС. Заңды мекенжайы Алматы қаласындағы Бостандық ауданы Навои көшесінің 208/2 ғимарат, 177 пәтер деп көрсетілген. Мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірі – 230540007120. Ашылғанына бар-жоғы екі жыл болған. Негізінен саяхат бағытында жұмыс істейді. Басшысы – Данияр Балғынбекұлы Имашев.
Сонымен қатар Данияр Имашевтың атында тағы екі компания тіркелген. Екеуінің жетекшісі де өзі.
Бірі – Andas-ID ЖШС. Ресми мекенжайы Астана қаласының Алматы ауданына қарасты Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабындағы Көкжар тұйық көшесі, 13 үй деп көрсетілген. Екінші кәсібі де Астананың Алматы ауданында орналасқан. “Несібе – Астана” атты жеке кәсіппен айналысады.