Аталған жиында режиссердің өмір жолы мен бүгінге дейін жеткен шығармашылық мұрасы, ұлағатты ұстаздық қызметі кеңінен сөз болды. Кездесу барысында режиссердің замандастары мен әріптестері, сондай-ақ тәлімін көріп өскен шәкірттері арнайы сөз алып, жылы естеліктерін бөлісті.
– Бүгінгі іс-шараның мақсаты Ерсайын Әбдірахмановтың есімін ұмыт қалдырмай, оны студенттерге, магистранттар мен докторанттарға кеңінен насихаттауға негізделген. Режиссер 2001 жылы өмірден өтті. Ерте кеткенімен, қазақ анимациясы мен кино саласында өшпес із қалдырды. Әсіресе, ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Сонымен бірге ол – Кино және ТВ факультетінің негізін қалаушылардың бірі, – деді Кино және ТВ факультеті, «Анимация режиссурасы және интерактивті медиа» кафедрасының меңгерушісі Адай Әбілда.
Сондай-ақ жиынның алғашқы бөлімінде кинотанушы Нұргүл Абдулланың «Режиссер Ерсайын Әбдірахманов» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған еңбек алғашында 2015-2016 жылдары дипломдық жұмыс ретінде бір жыл көлемінде жазылған. Кейіннен зерттеу жаңа материалдармен толықтырылып, көпшілікке монография ретінде ұсынылды. Ғылыми туынды кітапханаларға таратылып, кинотанушылар мен режиссура мамандығында оқитын студенттер үшін оқу құралы ретінде қолданылады.
– Бұл монографияда қазақ анимациясы мен деректі фильмдерге кинотанушылық көзқарас тұрғысынан талдау жасалған. Іргелі еңбектің жазылуына арқау болған Ерсайын Әбдірахманов қысқа ғана 7-8 минуттық мультфильмнің өзіне бірнеше тақырыпты шебер сыйғыза білген, – деді кинотанушы Нұргүл Абдулла.
Сонымен бірге іс-шарада қазақ анимациясының тарихынан сыр шертетін сирек жәдігерлер ұсынылды. Көрмеге анимациялық фильмдерде қолданылған қуыршақтар қойылған. Кинотанушының сөзінше, бүгінге дейін елімізде сақталған мұндай қуыршақтардың саны саусақпен санарлық. Экспозицияда таныстырылған қуыршақтар Алматыда тұратын режиссер-аниматор Любовь Родионованың жеке қорынан алынған. Қазіргі уақытта зейнетке шыққан ол – қазақ анимациясының тарихи мұраларын сақтап отырған санаулы тұлғалардың бірі.
– Көрмедегі экспонаттардың бір бөлігі 1970-1980 жылдары Мәскеудегі Союзмультфильм студиясында жасалған. Кейбірі Чехияда арнайы тапсырыспен әзірленсе, кейбірі қазақстандық режиссер-аниматорлардың өз қолымен жасалған. Олардың қатарында қуыршақтар ғана емес, сондай-ақ эскиздер мен мизансценаға арналған элементтер де бар. Шынында, қазір қазақ анимациясында қуыршақ анимациясы қолданыла бермейді. Сол үшін де біз бұл көрмені жас аниматорларға шабыт беру мақсатында ұсынғымыз келді. Себебі мұндай жәдігерлерді сақтау – ұлттық анимация тарихы үшін аса маңызды, – деді Н.Абдулла.
Режиссердің көзін көрген әріптестері мен шәкірттері оның қазақ анимациясында өзіндік қолтаңбаға ие әрі сирек кездесетін тұлғалардың бірі болғанын айтады. Солардың бірі кезінде онымен бір ұжымда қызмет еткен әріптесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинодраматург Маргарита Соловьева Ерсайын Әбдірахмановтың қайталанбас шығармашылық болмысы мен адами қасиеттері туралы естелігін ерекше тебіреніспен еске алды.
– Бірде біз үйде шай ішіп отырған сәтте Ерсайын өзінің балалық шағы туралы әңгімелеп берді. Соғыстан кейінгі кезең, Солтүстік Қазақстандағы ауыр өмір, анасымен бірге егістіктен масақ терген күндері… Сол кезде мен анимация тек балаларға арналған ойын-сауық өнім емес, үлкен өнер екенін түсіндім. Содан кейін мен оған: «Біз жай ғана ертегі емес, сенің өмірің туралы, анаң туралы, жалпы біздің тағдырымыз туралы фильм түсірейік», – дедім. Осылайша, «Жаворонок» фильмі дүниеге келді. Бұл күрделі жоба болғандықтан, ұзақ уақыт түсірілді. Кейін Ерсайын «Ер Төстік» жобасын қолға алуды ұсынды. Алайда 90-жылдардың қиын кезеңі басталып, қаржы тапшылығына байланысты бұл жоба толық жүзеге аспады. Ерсайын кейін деректі киноға бет бұрды, – деді ол.
Алайда соған қарамастан, режиссер шығармашылық байланысты үзбей, әріптестерімен пікір алмасуды жалғастырып отырған. Уақыт өте келе кәсіби әріптестік рухани жақындыққа ұласқан. Маргарита Соловьева Ерсайын Әбдірахмановтың кәсіби дамуына ықпал еткен тұлға екенін атап өтті.
– Ерсайын адам ретінде әдепті әрі сыпайы жан еді. Ешқашан орынсыз әзіл айтып, біреуді ренжіткенін көрген емеспін. Әзілдерінің өзі жұмсақ әрі орынды болатын. Әсіресе, декан ретінде оның рөлі ерекше. Кино факультеті – күрделі орта. Соған қарамастан, ол барлық адаммен тіл табыса білді. Оның кезінде ешқандай жанжал болған жоқ. Себебі ол жанжалды ушықтырмай, алдын ала шешудің жолын табатын. Меніңше, бұл оның табиғи педагог екендігін көрсетеді. Ол зиялы ортадан шыққан адам еді. Бұл оның болмысынан анық байқалатын. Мен үшін Ерсайын тек әріптес емес, рухани тұрғыдан жақын адам болды. Мұндай тұлғалар қоғамда сирек кездеседі, – деді М.Соловьева.
Дөңгелек үстел аясында көрермен назарына «Ерсайын Әбдірахманов» деректі фильмі ұсынылды. Одан өзге «Бозторғай» және «Қозы мен Қосаяқтың жақсылық іздеуі» сынды анимациялық фильмдердің көрсетілімі өтті.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы