in

Netflix Қазақстанда тревел-шоу түсірді

Алматы жаһандық креативті индустрияның жаңа ошағына айналуда. 24-27 шілде аралығында қала мен оның көрікті аумағы танымал оңтүстіккореялық Hit And Miss Tour 4 тревел-шоуының түсірілім алаңы болды. Жоба Channel S телеарнасынан көрсетіліп, кейін Netflix платформасында бүкіл әлем көрерменіне жол тартады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Шоудың басты кейіпкерлері – Оңтүстік Кореяның танымал комедия шеберлері Ким Дэ Хи, Ким Джун Хо, Чан Дон Мин, Ю Се Юн және Хон Ин Гю. Реалити форматындағы бұл жоба әр елде жаңа әсер мен күлкіге толы саяхатты көрсетеді. Қатысушылар күн сайын түрлі ойындар мен тапсырмалар орындайды, ал жеңілгендер топтың жол шығынын өтейді. Бұл ереже әр локацияны нағыз шоу алаңына айналдырады.

Алматыдағы түсірілім 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы, Вознесенск кафедралды шіркеуі, Көкбазар, Шымбұлақ, Көктөбе сияқты қаланың танымал орындарда өтті. Сондай-ақ түсіру тобы Алматы маңындағы Шарын шатқалына, Көлсай мен Қайыңды көлдеріне де ат басын бұрды.

Жоба Алматы қаласы Туризм басқармасына қарасты Almaty Tourism Bureau-ның қолдауымен, креативті туризмді дамыту аясында жүзеге асты. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі кино және тележобаларды қалаға тартуға арналған Location Scout қызметі. Бюро тарапынан түсірілім топтарына локацияны іріктеу мен рұқсат алу сәтінен бастап түсірілім барысына дейінгі жан-жақты көмек көрсетілді.

– Алматының осындай халықаралық жобаларда көрініс табуы жай ғана әдемі көрініс емес, бұл қаланың және елдің туристік әлеуетін стратегиялық деңгейде ілгерілету. Шетелдік жобалардың Алматыны таңдап жатқанына қуаныштымыз, – деді Almaty Tourism Bureau басшысы Дияр Асқаров.

Айта кетейік, Netflix платформасының әлем бойынша 300 миллионнан астам оқырманы бар, ал жалпы аудиториясы 700 миллион адамнан асады.

Жоба нәтижесінде Алматыға деген қызығушылық артып, қаланың халықаралық туристік имиджі нығая түспек.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Алматыға 145 мың шетелдік турист саяхаттап келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18% артық. Қалаға көбіне Үндістан, Қытай мен Түркиядан, сонымен қатар АҚШ, БАӘ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Германиядан келген саяхатшылар жиі ат басын бұрады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.