in

«Mūğalım» фильмі Испаниядағы әлемге әйгілі «А» санатындағы кинофестивальде Қазақстан атынан бақ сынайды

Фильмнің әлемдік тұсаукесері 20 қыркүйекке жоспарланған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«New Directors» – фестивальдің ең маңызды бағдарламаларының бірі. Бұл секция алғашқы немесе екінші толықметражды фильмдерін ұсынған әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас режиссерлерді таныстыруға және қолдауға бағытталған.

Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Картина Балқаш қаласында тұратын музыка пәнінің мұғалімі туралы баяндайды. Кейіпкер үлкен қалаға көшуді армандайды. Арманына қол жеткізуге мүмкіндік туған сәтте оған өнерге адал болу мен өз өмір жолын таңдаудың арасында күрделі шешім қабылдауға тура келеді.

«Mūğalım» – режиссер Аяна Нұрдинованың толықметражды кинодағы дебюттік жұмысы. Сондай-ақ бұл Сан-Себастьян кинофестивалінің тарихында қазақстандық әйел режиссер түсірген алғашқы фильм.

Фильмнің продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрболатова. Басты рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жәнісбекова, Гүлнәр Дусматова, Ольга Ландина, Бақытжан Әлпейіс, Мадина Есман, Анна Старченко және Акиф Петров сомдады.

Айта кетейік, Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалі – 70 жылдан астам тарихы бар әлемдегі ең беделді кинофорумдардың бірі. Дәл осы фестивальде Альфред Хичкоктың «North by Northwest» («Солтүстік-батыс арқылы солтүстікке») фильмінің әлемдік премьерасы және Джордж Лукастың «Star Wars» фильмінің Еуропадағы тұсаукесері өткен. Сонымен қатар, фестиваль Роман Полански, Пон Джун Хо, Фрэнсис Форд Коппола және Педро Альмодовар сынды режиссерлердің халықаралық мансабында маңызды рөл атқарды. Ал «New Directors» бағдарламасы «Оскар» сыйлығының иегері атанған оңтүстіккореялық режиссер Пон Джун Хоны халықаралық кино қауымдастығына танытқан алаңдардың бірі болды.