Елордадағы Президент орталығында Astana Eurasian Book Fair–2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысып жатыр.
Astana Eurasian Book Fair–2026 кітап көрме-жәрмеңкесін Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Qazaq Creative Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
Astana Eurasian Book Fair–2026 көрмесіне 80-нен астам кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компаниялар қатысады. Оның тең жартысы – қазақстандық ұйымдар. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен көптеген ұйым қатысқалы отыр.
Astana Eurasian Book Fair–2026 кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, автормен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Ұлттық кітап күні мерекесіне орай 23 сәуірде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты іс-шара өтеді.
Айта кетейік, 22-26 сәуір аралығында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің орталығында Astana Eurasian Book Fair–2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді.