Кей адамдар бар – өзі фәни дүниеден озғанымен, артында қалдырған өнегесі мен мейірімі, сөзі мен ісі, жүрек жылуы мен адамгершілігі мәңгілікке ұласып жатады. Менің әкем – Айниет Әсербаев дәл сондай жан еді. Биыл Ұлы жеңісті жақындатқан майдангер әкені сағынышпен еске алып, ғұмыр жолына тағзым етуді парыз санадым.
Әкем Айниет Әсербайұлы 1925 жылы Қазалы ауданының қазіргі Абай колхозында дүниеге келген. Тағдыр тауқыметімен тұстас келген жастық шағы соғыстың қара бұлтымен тұмшаланды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, бір әулеттен үш бірдей ұл – Ақниет, Байниет, Айниет майданға аттанып, елін, жерін қорғауға бел буды. Әкемнің ағасы Байниет Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тауып, Ақниет майдан даласындағы шайқастардың бірінде ауыр жарақат алып, елге оралды.
Ал әкем – Айниет Қызыл Армия қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста Жапон императорының Квантун армиясына қарсы шайқастарға қатысады. Германия тізе бүккенімен, соғыс аяқталмады. Ялта конференциясының шешімімен Кеңес Одағы Жапонияға қарсы соғыс ашуға міндеттеліп, Забайкалье майданына жауынгерлер аттанды. Осы қан майданда 648 мың сарбаздың арасында Сыр елінің ержүрек жігіттері де болды. Олардың қатарында 39-армия құрамындағы 8-ші гвардиялық дивизияда менің әкем де ерлікпен шайқасты.
Отпор, Хайлар, Харбин, Жалайнор бағыттарындағы ауыр ұрыстарда көрсеткен ерлігімен көзге түскен әкем елге 1948 жылдың көктемінде аман-есен оралды. Соғыстан соң бейбіт өмірдің бел ортасына араласып, ел іргесін нығайтуға аянбай еңбек етті. Партия, кеңес қызметінде жүрген жылдары халық игілігі үшін талмай тер төкті. Сауда саласында еңбек етіп, ауданның экономикалық әлеуетінің артуына зор үлес қосты.
60-тан астам колхозы бар Бірлік, Ақөзек сияқты ірі сельпо жүйесін басқарды. Кейін Жаңа Қазалы поселкелік сауда мекемесінің тізгінін ұстады. Білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға тырысты. Ерен еңбегі елеусіз қалмай, «Құрмет белгісі», «Еңбек Ері», «Жуков» медалі және екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін көптеген орден-медальдармен марапатталды.
Әкем 2000 жылы, 75 жасында өмірден озды. Бірақ артында өшпестей із, мәңгілік өнеге қалды.
Бүгінде әкемнің бейнесін еске алғанда, жүрегімнің бір түкпірінде сағыныштың мұңы бұрқ етеді. Әкемнің көзі тірісінде жасым қырықтан асып кеткен шақта да, оның қасында өзімді баладай сезінетінмін. Әкем бар кезде дүние уайымсыз көрінетін. Жасым ұлғайған сайын, әкенің қадірін тереңірек ұғына бастадым.
Көңілімде бір көрініс жаңғырып тұрады: әкем жетпістің жүгін арқалап жүрген шағында шәй үстінде анасын еске алып, көзіне жас алған еді. Сол сәтте мен оның жүрегіндегі сағынышты түсінбей, «Неге жылайсыз?», – деп аңғалдық танытқан екенмін. Енді, міне, дәл сол сезімді өзім бастан өткеріп отырмын…
Әкемнің мінезі қаталдау болғанымен, жүрегі жұмсақ еді. Үнемі балаларының амандығын ойлап, қамқорлығын білдіріп отыратын. Мен ана болсам да, әкем «Қалың киін, суық тиіп қалмасын», – деп екі қолымды жылытып, алақанына салып отыратын. Енді, ол алақанның жылуын тек естеліктен ғана сезіне аламын.
Әкем ерекше бауырмал жан еді. Адалдығы мен әділдігі, елге жасаған қамқорлығын көзі көргендер әлі күнге дейін еске алып, сағынышпен еске алып отырады.
Жоғарыда айтып өткендей, биыл – әкем, Айниет Әсербаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Уақыт алға жылжығанымен, жүректегі әке бейнесі ешқашан өшпейді. Осы бір тарихи сәтте мен әкемнің рухына тағзым етіп, оның өмір жолына қайта бір үңіліп, жарқын бейнесін қалың оқырманға қаламмен жеткізуге тырыстым. Ол – мен үшін мәңгі тірі және әке есімі мен ерлігі жүрегімде мәңгі сақталады…
Мира Айниетқызы Асербаева,
майдангердің қызы