Сол кезде Президент “Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек” деп елдегі әдеби мұраны сақтау және дамытуда отандық авторлардың 100 ең танымал кітабы туралы жалпыұлттық сауалнамаға атсалысуға шақырды. Бұл сауалнаманың халыққа берері мен қоғамға қосар үлесі жайлы сол саланың мамандарынан білмек болдық, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Кітапты культ жасаудан қоғам зиян шекпейді
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН, ҚР Ұлттық кітапханасы директоры:
– Кітапханашы және оқырман ретінде кітапқа қатысты кез келген жобаның бастау алып, жалғасқанына мүдделімін.
Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру туралы өзекті ой айтты. Биыл тұңғыш рет елімізде Ұлттық кітап күнін атап өттік. Осы атаулы күн аясында елімізде “100 кітап” жобасы басталды. Жалпыұлттық сауалнамаға еліміздің кез келген азаматы eGov порталы арқылы қатыса алады. Кітапты культ жасаудан қоғам зиян шекпейді. Оқырманның талабы да,талғамы да әрқилы. Сондықтан неге жүз кітап ғана деп дау тудыруда орынсыз.
Ол жүз кітап бағыт-бағдар беретін, төл әдебиетіміздің туындылары. Тізімдегі жүз кітапты ғана оқыңыз деген де сөз емес. Бұл оқырман фундаментіне қажет көркем дүниелер. Жобаның кітапхана мен кітапханашыға да көмегі көп. Әр жасқа қандай кітап оқу керек деген сауалмен бізге де көп келеді. Жалпы ел боп таңдаған әдебиеттің ішінен оқырман өзіне керегін табары сөзсіз. Жүз кітап жобасы отбасылық оқуға да әсері болады. Таңдалған шығармалар ертеңгі күні кітап клубтарында талданып, насихатталып жатса ғажап емес пе?! Аудио нұсқалары да шығып, кеңінен таралса деген де сұраныс бар. Әр үйде осы таңдалған жүз кітап тұрса. Үйдегі кітапхананы толтыруға да үлкен көмек. Оқырманға да, кітапханашыға да, авторға да, баспаға да пайдалы дер ем. Қай жағынан алып қарасаңыз да оңды жоба болды! Кітап салтанат құрған қоғам дамиды. Осы жобаға бей-жай қарамай қоғам боп жұмылсақ екен!, – деді ол.
«100 кітап» – мәңгілікпен дидарласудың, рухани жаңғырудың шынайы көрінісі
Қанат АЛТЫНБЕК, ҚР Ұлттық кітапхана қызметкері:
– Кітап оқу – адамзат өркениетінің алтын қазығы, рухани кемелденудің ең сенімді жолы. Ал бұл қасиетті үрдіс, әсіресе, Шығыс халықтарының өмірінде ежелден терең тамыр жайып, ерекше мәнге ие болғаны тарихтан белгілі. Солардың ішінде, сайын даланы мекендеген қазақ халқының рухани әлемінде де кітапқа деген құрмет, білімге деген құштарлық қай заманда да биік бағаланған. Бұған дәлел – аңызға айналған көне Отырар қаласы мен оның әйгілі кітапханасы. Бұл киелі шаһар Орта ғасырларда ғылым мен білімнің жарық жұлдызына айналып, әл-Фараби сынды данышпан бабаларымыздың кемел ойлы ілімінің бесігіне айналған еді. Отырар кітапханасы – тек кітап қоймасы емес, бүкіл түркі дүниесінің ақыл-ой қазынасының алтын көмбесі болған. Сол бір дәуірлерден бері жалғасып келе жатқан руханиятқа құштарлық, кітапқа деген құрмет бүгінгі тәуелсіз елдің жаңа кезеңінде де жалғасын табуда.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Оқитын ұлт» атты ауқымды жоба – уақыт талабынан туған, аса маңызды рухани қадам.
Осы мақсатпен қолға алынған «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы – халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, әдеби мұраларымызды қайтадан жаңғыртудың жарқын үлгісі. Бұл бастама қоғамда қызу талқыланып, әр оқырман өз таңдауын ұсынып, әдеби кеңістіктегі алуан үндердің үндесуін қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе, ұлы Абайдың мерейтойы қарсаңында ұсынылатын бұл тізім – ұлттық әдебиетіміздің терең тамырын танып, төл руханиятымыздың жаңа тынысын ашуға жол сілтейтін рухани бағдар болары анық.
Бұл – жай ғана тізім емес. Бұл – елдің рухани бағдарын айқындайтын, ұлт болмысының биік парақтары қатталған әдеби шежіре. Қазақ әдебиетінің алтын қорын халықтың таңдауы арқылы қайта жаңғырту – ұлттың өзін тануға, өткенін саралап, болашағын бағамдауға жасалған игі қадам. Сондықтан да бұл бастама әрбір оқырман үшін жолбасшы – темірқазық іспетті. Кітап – мәңгілік. Ал «100 кітап» – сол мәңгілікпен дидарласудың, рухани жаңғырудың шынайы көрінісі, – деді.
«100 кітап» жобасы – оқырманның әдеби талғамын қалыптастырады
Зарина ӘЖІБЕКОВА, ҚР Ұлттық кітапхана қызметкері:
– «100 кітап» – тек оқу тізімі емес. Бұл – ұлттық сананы жаңғыртуға, жастарды ойлы, білімді азамат етіп тәрбиелеуге арналған үлкен қадам. Осындай жобалардың көп болғанын қалаймын.
«100 кітап» жобасы – оқырман арттыратын, ұрпақты рухани байытатын құнды бастама. Кітапханашы ретінде мен оны қолдаймын және оқырмандарға кеңінен насихаттауға әрқашан дайынмын. «Оқырманмен жұмыс істейтін кітапханашы ретінде «100 кітап» жобасы біз үшін маңызды бастама. Ол оқырманға дұрыс бағыт береді, қызығушылығын арттырады. Біз осы кітаптарды насихаттап, түрлі іс-шаралар арқылы оқырманмен байланысты нығайтамыз.
Оқырманмен тікелей жұмыс істейтін кітапханашы ретінде мен «100 кітап» жобасының маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Кітапханаға келген әр оқырманға бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. «100 кітап» тізімі сол жұмысты жеңілдетеді әрі сапалы етеді.
Бұл жоба оқырмандарға нақты ұсыныс береді, әдеби талғамын қалыптастырады. Әсіресе жас буынға классикалық, заманауи, ұлттық және әлемдік әдебиетті таныстыруға жол ашады.Кітапханада біз осы кітаптарды кеңінен насихаттаймыз, – дейді ол.