Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін (1969), одан соң Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітіріп (1974), Ұлттық Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер (1975-1977), әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика, филология факультеттерінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі (1977-2000), Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде профессор (2000-2004), С.Демирел атындағы университеттің проректоры, ректор кеңесшісі (2004-2020), ал 2020-жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ілімі институтының жетекші ғылыми қызметкері бола жүріп, ондаған жыл бойы осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан үлкен ғалым екенін айтуымыз керек.
Осы тұрғыдан Дандекеңнің бүкіл ғұмырын әдебиетпен өрілген өмір деп атауға да болатындай. Өйткені осы жылдар ішінде ғалымның 40-қа таяу кітабы, 900-ден астам мақаласы баспа бетін көрсе, соның бәрі ардың ісі – әдебиет мәселесін қозғайды.
Ғалым өз еңбектерін, негізінен, қазақ әдеби сынының теориясы мен тарихына, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің проблемаларына арнайды. Мысал үшін айтсақ, «Әдеби көркем сын» (1987), «Сын шын болсын» (1993), «Сын жанрлары» (1999), «Сын өнері» (2001) сияқты еңбектердің тақырыптарынан көріп отырғанымыздай, бұлар да әдеби сынның теориялық мәселелері қазақ әдебиеттануында алғаш рет арнайы зерттеліп, жеке ғылым саласы ретінде көрінеді.
Ал «Сынсонар» (1993), «Сын сымбаты» (2000), «Сынталқы» (2005), екі томдық «Қазақ әдеби сынының тарихы» (2011), «Әдеби сынның тарихы» (2012) атты іргелі зерттеу еңбектерінде автор қазақ әдеби сынының сан ғасырлық жүріп өткен жолдарын, даму проблемаларын ғылыми тұрғыдан талдайды. Бұл орайда автордың, әсіресе «Әдеби сынның тарихы» атты 50 баспа табақтан тұратын іргелі ғылыми еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мұнда автор көне дәуірдегі әдеби сыннан бастап, қазақ әдебиетіндегі бүгінгі әдеби сынға дейінгі аралықты тарау-тарауға бөліп, кеңінен қарастырып, арғы-бергі әдеби үрдістерге шолу жасап, тұшымды ойлар, соны пікірлер айтады.
Әдеби сынды тыңғылықты зерттеп, бұл бағытта өзіндік мектеп қалыптастырған ғалым қазақ әдебиетінің, оның сынының көрнекті өкілдері төңірегінде ой толғап, бірнеше кітап жазды. Бұл еңбектерінде сыншы ХІХ ғасырда өмір сүрген көрнекті қазақ ақыны Шортанбай жырларындағы әлеуметтік сарынды, ұлы Абайдың аудармаларын, қазақ әдебиетінің аспанында жарық жұлдыздай жарқыраған жас Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби ой-толғамдарын, қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев шығармашылығын танудың бүгінгі мәселелерін, қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытовтың жазушылық шеберлігін, ұлы Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетінің орыс әдебиетімен байланысы туралы ой орамдарын, тіл туралы толғаныстарын, әдебиетіміздің алыбы Ғабит Мүсіреповтің ана тілі жөніндегі пікірлерін ой сарабына салып талдайды, олардың қазақ руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі төңірегінде тиянақты ойлар өрбітеді.
Профессор Д.Ысқақұлының жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері М.Жұмабаев туралы «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» (2004), М.Әуезов туралы «М.Әуезов. Талант пен тағдыр» (1997), С.Мұқанов туралы «Парасат пайымдары» (2000), Ғ.Мүсірепов туралы «Сырбаз суреткер» (2002) атты жеке еңбектер жазып, оқырманды аталған әдебиет алыптарының шығармашылық зертханасымен таныстыруда айтарлықтай еңбек сіңіргенінен хабардар ете кеткеніміз жөн.
Дандай Ысқақұлы – қазақ әдебиетіне қатысты ұжымдық жинақтарға арнап бірталай туындылар жазған ғалым. Атап айтқанда, он екі томдық «Қазақ Совет Энциклопедиясы» (II-XII томдар), төрт томдық «Қазақ ССР. Қысқаша Энциклопедия» (IV том), «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» (I-VI томдар), Мәскеуде шыққан тоғыз томдық «Қысқаша әдеби энциклопедия» (орыс тілінде, IX том), «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Абай», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» энциклопедиялары, академиялық «Стиль сыры» (1977), «Дәстүр және жаңашылдық» (1980), «Көкейкесті әдебиеттану» (2001, 2002, 2004), «Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша курсы» (2002), «Әдебиет теориясы» (2003), көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (VII том, 2004; XI том, 2007), екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (2008), «Қазақтың жүз романы» сияқты және басқа да іргелі еңбектердің жарық көруіне атсалысты.
Көріп отырғанымыздай, көрнекті әдебиетшінің шығармашылығына жасалған қысқаша шолудың өзінен ғалымның әдеби сын жанрын дамытуда бітірген толағай тірліктерін аңғаруға болады. Мұнан бөлек, біз ғалымның халқымыздың рухани өміріне қатысты салаға қалам сілтеуде де тың ойлар мен соны тұжырымдар айтып келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Соның ішінде бұрын да, бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей келе жатқан қазақ тілі мәселесіне қатысты автордың жан дүниесінен қайнап шыққан ойларына құлақ қоймау мүмкін емес.
Автор жұрт сияқты бірді-екілі мақала жазумен шектелмей, тіл мәселесін, түркі дүниесін тұтастандыру мәселесін түбірімен қопарып, әрқайсысы 28, 20, 8 баспа табақтан тұратын 3 кітап жазып шықты. 2014, 2015 жылдары жарық көрген бұл іргелі еңбектер «Мәңгілік майдан немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі», «Түркілік ортақ термин негіздері» «Рухани толғамдар» деп аталады. Ғалымның бұл еңбектеріне қойылған тақырыптардың өзі әңгіменің бүгінгі күннің өзекті мәселесі төңірегінде өрбитінін айғақтап тұрғандай әсер қалдырады.
Мысал үшін кітаптардағы кейбір тақырыптардың атауларына назар аударайық: «Тіл – ұлттың болашаққа бастар бағдар туы», «Ұлттың ұлы қазынасы», «Ұлттық идеология қажет», «Руханияттың өркениеттегі орны», «Қазақтың ғылымын қазақтан артық ешкім білмейді», «Ұлттық топырақтан нәр алмаған көркем әдебиеттің болашағы жоқ», «Тіл жағдайы жақсармай, ұлт оңалмайды», «Термин туралы түсінік», «Қазақ терминологиясының даму жолдары», «Қазіргі қазақ терминологиясы», «Қазақ әдебиеттану терминдерінің жай-күйі», «Халықаралық терминдер хақында», «Терминологияны түркілік негізде біріздендіру», «Жаһандану дәуірінің өзіндік ерекшеліктері», «Әлемнің тілдік бейнесі», «Жаһандану дәуіріндегі түркі әлемі», «Мың өліп, мың тірілген» қазақ тілі», «Тәуелсіздік тұсындағы қазақ тілі», «Мақсат – түркілік бірлік», «Ортақ тіл – өмір талабы», «Ортақ әліпби мәселесі».
Автордың осы туындыларында түркі тектес халықтардың бүгінгі жаһандану заманындағы рухани тіршілігі негізгі әңгіме арқауына айналумен бірге, қазақ тілі мәселесі үнемі алдыңғы кезекке шығып отырады. Бұл заңды да. Өйткені ғалымның өз сөзімен айтқанда: «Тіл дегеніміз – тұтас бір әлем. Тіл – адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге сол халықтың ғасырлар бойғы даму барысында жинақтаған өмір, қоғам, табиғат жайлы білім-ғылымдарының жиынтығы, адамзат қоғамының бір бөлшегі ретіндегі өздері, басқалар туралы мағлұматтар, т.б. Демек, бір тілдің немесе ұлттың тарихтың санасынан жоғалуы – адамзат қоғамының, кейінгі өз ұрпақтарының жақсы, бақытты ғұмыр сүруі үшін пайдалануға тиіс болған ол жасаған рухани, мәдени қазынасының бір бөлшегінен айырылу, ұлттық, тарихи, жергілікті ерекшеліктері бар адамзаттық мәдениеттің жойылуы деген сөз. Бұл дегеніміз – бір сөзбен айтқанда, тілдік, этностық, мәдени апат. Мұның өзі – қоғам үшін орны толмас олқылықтар».
Осы орайда профессор Дандай Ысқақұлының «…белгілі бір ұлт тілінің мемлекеттік мәртебесі толыққанды өмір сүруі үшін оның бірнеше шарты орындалуы керек. Соның ең негізгілерінің бірі – ғылым тілі болуы. Ғылым тілі бола алмаған тіл – әлсіз тіл, ауру тіл…» деген пікірінің туған тіліміздің бүгінгі диагнозына дөп келіп тұрғанын айтуға тиіспіз.
Бұдан әрі ғалым өз еңбегінде ана тілінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқтала келіп, болашағын ойлаған ең алдымен мектебін түзейтінін, біздегі осы мәселе сын көтермейтінін, оның басты себебі бізде ұлттық білім беру жүйесінің қалыптаспағанын, ұлт болып өмір сүруді қамтамасыз ететін – ұлттық тәрбие, сол тәрбиенің негізгі ошағы – мектеп екенін, мектебін, ондағы білім, тәрбие беру жұмыстарын ұлттық, халықтық мүдделерге орай жүргізбеген елдің еңсесі көтерілуі қиын екенін айта келіп, былай деп ой түйеді: «Бұл айтқандарымыздың дұрыстығына тағы мынадай фактілер көзді жеткізе түседі. Кеңестік дәуірде бір ғана Баянауыл ауданынан 10 академик шықса, соның 9-ы қазақ, біреуі ғана орыс мектебін бітірген. Қазақтан шыққан математика саласындағы ғылым докторы-профессорлардың барлығы дерлік қазақ мектебінде оқыған да, тек біреуі ғана (А.Жеңсікбаев) орысша білім алыпты. Қазіргі әлемдік деңгейдегі М.Өтелбаев, А.Жұмаділдаев, У.Өмірбаев секілді атақты математик академиктеріміздің барлығы да – ауылдағы қазақ мектебін бітіргендер».
Сонан соң автор ұлттық мектепте білім алған баланың деңгейі басқа тілде оқыған баланың деңгейінен жоғары болатындығына бірсыпыра мысалдар келтіреді. Ғалымның айтуынша, кейінгі жылдары қазақ мектебін «Алтын белгіге» бітіргендердің пайыздық көрсеткіші орыс мектебін бітіргендерден жоғары. Түрлі халықаралық олимпиададан жүлделі орындармен оралғандардың да басым бөлігі – қазақ мектебінің оқушылары. Тестілеу нәтижелері бойынша да қазақ тілінде оқығандардың орташа балы орыс тілінде білім алғандардан жоғары. Бұдан қазақ тілінде білім беру жүйесінің сапасы төмен деген теріс пиғылды пікірдің ешқандай негізі жоқтығы анық байқалады.
Қорыта айтқанда, профессор Дандай Ысқақұлының аталған еңбектеріндегі тілге, ұлтқа, түркілік бірлікке байланысты сан алуан ойлар желісінің түп-төркіні тіл түзелмей, адам да, ұлт та, экономика да, қоғам да түзелмейді, мемлекеттің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Өз елінде өз тілінде сөйлемеген, ұлттық дәстүрімен, ұлттық рухани құндылықтарымен өмір сүрмеген, ұлттық мүдделеріне қызмет етіп, болашағы үшін күреспеген адамның мен қазақпын деп айтуға құқы жоқ. Өйткені тіл – адамзат қоғамындағы әрбір адамның өмір сүруінің рухани өзегі, өмір сүру формасы. Тілі қандай болса, қоғамы да – сондай. Ұлттық тілге, сол тілде жасалынған руханиятқа, рухани құндылықтарға, ұлттық патриотизмге арқа сүйеген ұлттың, мемлекеттің ғана мерейі үстем дегендей келелі ойларға жетелейді.
Сонымен бүкіл өмірін әдебиет деген киелі ұғымға адал қызмет етуге арнаған Дандай ағамыздың бұл ұғымды халқымыздың ұлттық болмысымен бірлікте қарастыратынын аңғарғандаймыз. Рас-ау. Халық болмаса, әдебиет қайдан болсын. Халық болмаса, әдебиет қана емес, сол халықтың болмыс-бітіміне байланысты барлық нәрсенің, ақырында халықтың өзінің де жоғалатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Ендеше, қазақ әдебиетінің, әдеби сынның мәселесін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп, әдеби сынды байыта түсетін тың ойларын ортаға салумен ғана шектеліп қалмай, адам, қоғам, ұлт жөнінде, қазақ деген киелі жұрттың болашағы жөнінде толымды да, тұщымды пікірлер айтып жүрген Дандекең сияқты үлкен ғалымның, қоғам қайраткерінің мәртебесі биіктей берсін демекпіз!
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
филология ғылымдарының кандидаты