Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы мен Түркия Республикасындағы Қолжазбалар институты екі ел арасындағы мәдени және ғылыми бағыттағы әріптестікті дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тараптар Ұлттық кітапхана қорындағы ерекше жәдігерлердің бірі – куфи жазуымен жазылған Құран-Кәрім қолжазбасына консервациялық және реставрациялық жұмыстар жүргізу мәселесін талқылады. Сондай-ақ сирек кездесетін қолжазбаларды сақтау, қалпына келтіру және осы бағытта реставратор мамандардың тәжірибе алмасуы бойынша бірлескен жобалар жайлы пікір алмасты.
Аталған Құран-Кәрім – XII ғасырдан жеткен көне жәдігер. Қолжазба пергамент қағазға қара, қызыл және алтын түсті сиямен жазылған. Әр беті алтынмен көмкеріліп, медальондармен әсемделген. Қолжазбаның көлемі – 770 бет, салмағы – 5 келі 400 грамм. Өлшемі – 32×39,6 см.
Кездесу нәтижесінде қос тарап бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білдіріп, тарихи мұраларды сақтаудағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.