in

Ұлттық би халықтың тарихынан сыр шертеді

Түркия Республикасының құрылғанына – 101 жыл және Қазақстан Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивальге Түркия, Өзбекстан, Қазақстан және Ресейдің өнерпаздары қатысты. Қазақстанның жас бишілер Стамбұл қаласында өткен «Түрік әлемінің жібек жолы» атты халықаралық балалар шығармашылық фестивалінде топ жарып, гран-при мен жүлделі орын иеленді.

Астана қаласындағы Onpai.kz жан-жақты дамыту орталығының «Қосалқа» би ансамблі 2 бас жүлде иеленсе, жеке орындаушылар Белжан Рукайя бас жүлде, Ерғалиева Адия мен Сәрсембаева Дильназ 1-орын алды. 

Aikyn.kz редакциясы жеңімпаздарды құттықтап, бишілердің жетекшісі, хореограф Исмағұлова Гауhар Сайлауқызымен сұхбаттасты. 

– Жүлде құтты болсын! Өзге елге барып, қос бас жүлдені иеленіп, Қазақстанның көк Туын көкте желбіретіп келіп отырсыздар. Гауhар ханым, фестивальден алған әсеріңізбен бөліссеңіз. «Халық биі» номинациясы бойынша бидің ерекшелігі, өзгелерден айырмашылығы неде болды?

– Жалпы, фестивальден оқушыларымның жүлде алғаны мен үшін мақтаныш. Қанша жерден талапшыл болсам да, би орындауынан кейін көзіме жас алдым. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бұл фестивальге қатысқан әрбір жанның үлесі мол. Ата-аналардың қолдауы, оқушыларымыздың еңбекқорлығы шабыт сыйлайды. Таңертеңнен кешке дейін дайындалдық. Қазақстанды танытатын талантты жастар көп болсын!

«Халық биінің» ерекшелігі – халқымыздың мәдениетін, дәстүрін және өмір салтын көрсететіні. Сондай-ақ – ұлттық киім киіп, би арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін, тарихын бейнелейді. Би ұлттық нақышты айқын көрсету арқылы ерекше әсер қалдырады. Сонымен қатар, ол ұрпақтан ұрпаққа таралу арқылы ұлттық бірегейлікті сақтауға көмектеседі.

– Халықаралық би жарысына қанша уақыт дайындалдыңыздар?

– Би жарысына 2 ай дайындалдық.

– Ресей, Өзбекстан, Түркия елінің бишілерінің біздің бишілерден дайындық, шығармашылық тұрғыдан үйренетін артықшылықтары бар ма? Оларда бишілерге ерекше жағдай жасала ма?

– Біздің бишілердің дайындығы Ресей, Өзбекстан, Түркия өнерпаздарынан артық болмаса кем түспейді. Қиындықтарға қарамастан, біздің бишілер ерекше құлшыныспен дайындалады. Ұлттық биіміздің ерекше қырын көрсетіп, халықаралық байқауларда жиі жеңіске жетіп жүр. Шетелде бишілерге ерекше жағдай жасалғанын байқамадым.

– Бишілер үшін киім үлгісі де ерекше рөл атқарады. Ұлттық киімдегі ою-өрнек, сахналық киім ерекше болуы үшін қандай талап қоясыз? 

– Сахналық киім көрермен назарын аударып, бишінің қимылын еркін көрсетуге ыңғайлы болуы маңызды. Сондықтан киімге қойылатын талаптар: ұлттық нақыштағы оюлар үйлесімді болу, түстердің мән-мағынасы бидің мазмұнына сәйкес келуі және киім қозғалысқа кедергі келтірмейтіндей ыңғайлы болуы шарт.

– Халықаралық би жарысына қатысу Қазақстаннан барған бишілердің шығармашылығына қандай жаңалық алып келеді деп ойлайсыз?

– Халықаралық би жарысына қатысу бишілердің шығармашылығына ерекше әсер етеді. Шабыт сыйлайды. Біріншіден, олар әртүрлі мәдениет пен би стильдерін көріп, жаңа қимылдар мен идеялар үйренеді. Екіншіден, басқа елдердің кәсіби бишілерімен тәжірибе алмасу арқылы шеберлігін шыңдайды. 

Сұхбат жекелей сында бақ сынаған биші Рукайя Белжанмен жалғасты. 

– Рукайя, бас жүлде құтты болсын! Қай мектепте оқисың? Неше жастан бастап билейсің? Алғашқы ұстазың кім болды?

– Рақмет! Астана қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп-гимназиясының 8 «В» сыныбында оқимын. Үш жасымнан бастап билеймін. Маған бидің әліппесін үйреткен ұстазым Ділшат Торғайқызы еді. 

– Шетелде қандай байқауға қатыстың? 

– Грузия, Өзбекстан, Түркия елдерінде би байқауларына қатыстым. Грузия елінде 1-орын, Өзбекстан мен Түркияда бас жүлде алдым. Осыған дейін көптеген қалалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атандым. Мақсатым халықаралық байқауларда Қазақстанның атын әлемге танытқым келеді. Арманыма жету үшін, ерінбей еңбек етемін.

– Көп рақмет!