Жақында Эстония президенті Алар Каристің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында «Астана Опера» театрында эстон халқының мәдени кеші өтті.
Музыкалық кеш Арво Пярттың 90 жылдығы мен Вельо Тормистың 95 жылдығына арналды, талғампаз көрермен қос әйгілі композитордың туындыларын тыңдады. Оларды Vanalinna Hariduskolleegium ішекті аспаптар оркестрі мен Скандинавиядағы белгілі жас музыканттардың бірі, шебер скрипкашы Ханс Кристиан Аавик орындады. Көптеген оркестрлік және камералық туындылардың авторы, композитор Расмус Пуур концерт дирижері болды.
Іс-шара соңында эстонның белгілі кәсіпкері Олег Оссиновски Арқалық қаласына әлемдегі ең үздік роялды сыйлады. Осылайша, кәсіпкер шағын қалаларды қолдауға мән беретінін ерекше атап өтті. Ал Эстония президентінің жұбайы Астанадағы Өнер мұражайының музыкалық дәрісіне қатысып, шаңқобыз табыстады.
Айсұлу СЪЕЗХАН