Ғалымның пайымдауынша, адамды тек сыртқы заңдармен немесе жазадан қорқыту арқылы түзу жолға салу мүмкін емес, нағыз парасаттылық адамның ішкі дүниесінен туындауы керек. Шәкәрім дүниені танудың үшінші әрі ең басты шарты ретінде «Ар ілімін» атайды.
Қазақтың даналық дүниесінде Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасы адам болмысы, ар-ұждан, әділет пен жауапкершілік мәселелерін терең қозғаған рухани қазына ретінде бағаланады. Оның асыл ойларының өзегінде адамның өзін тәрбиелеу арқылы қоғамды түзеу идеясы жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Шәкәрімнің ар ілімі белгілі бір тарихи кезеңмен ғана шектелетін идея емес. Ол – бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтпаған рухани бағдар. Әсіресе жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда ойшыл мұрасының тәрбиелік мәні зор.
Ұждан – адамдықтың ішкі өлшемі. Ақынның «Үш анық» еңбегінде ұждан ұғымына ерекше мән беріледі. Ойшыл ұжданды ынсап, әділет және мейірім ұғымдарының бірлігі ретінде қарастырады. Бұл үш қасиет адамның ішкі дүниесін ғана емес, оның қоршаған ортаға және қоғамға деген қарым-қатынасын да айқындайды.
Арлы болу жақсы ойлау немесе жақсы сөз сөйлеумен ғана шектелмейді. Ар адамнан нақты әрекетті талап етеді. Шәкәрімнің түсінігінде арлы адам қоғамға зиян келтірмей, керісінше, оның дамуына үлес қосуға ұмтылады. Ар-ұжданы таза адам ғана қоғам алдындағы өз жауапкершілігін толық сезінеді. Ынсап – өз шегіңді білуге, әділет – дұрыс шешім қабылдауға, ал мейірім өзгенің жағдайын түсінуге жетелейді.
Шәкәрім философиясының ерекшелігі де осында. Ол адамның рухани дүниесін оның күнделікті ісінен бөліп қарамайды. Адамның ойы мен әрекеті, сөзі мен ісі бір-біріне сәйкес келгенде ғана шынайы адамгершілік қалыптасады. «Үш анықтағы» дүниетанымдық жүйе Жаратушы, жан және ұждан мәселелерін қамти отырып, адамның рухани болмысын тұтас қарастыруға мүмкіндік береді. Ұжданды рухани тірек ретінде бағалау арқылы Шәкәрім адамды өзін үнемі таразылап, өз әрекетіне жауап беруге шақырады.
«Ардың қоғамдық әрекеттегі көрінісі қандай?» деген сұраққа жауапты Шәкәрімнің ар ілімінен таба аламыз. Шәкәрім шығармаларында адамдық қасиеттер жеке-жеке емес, бір-бірімен сабақтас ұғымдар ретінде көрінеді. Мейірім, әділет, ынсап, адал еңбек – тұлғаның рухани кемелденуіне бастайтын өзара байланысты құндылықтар.
Бұл қағидалардың бүгінгі қоғамдағы көрінісі қандай? Өз міндетін адал орындау, білімге жауапкершілікпен қарау, өзгенің еңбегін бағалау, әділетсіздікке бейжай қарамау, қоғамға пайдалы іске атсалысу – ардың күнделікті өмірдегі нақты көріністері.
Демек, қоғамдық жауапкершілік адамның үлкен істерінен ғана байқалмайды. Ол қарапайым әрекеттерден басталады. Сабаққа жауапкершілікпен қарайтын студент, өз ортасына құрметпен қарайтын жас, қоғамдық бастамаға ерікті түрде үлес қосатын азамат – барлығы да ортақ құндылықтардың қалыптасуына әсер етеді. Қоғамдық жауапкершілік – мемлекеттік қызметте, басқару саласында немесе күнделікті өмірде әділеттілікті бірінші орынға қоюдан көрінеді.
Білім мен парасат қатар жүргенде не болады? Бүгінгі қоғамға тек кәсіби білімі жоғары маман емес, сол білімін дұрыс мақсатта пайдалана алатын саналы азамат қажет. Сондықтан кәсіби білім мен рухани-адамгершілік тәрбиенің қатар жүруі – қазіргі жоғары білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл мәселе, әсіресе, студенттік орта үшін өзекті. Жоғары оқу орны жас адамның маман ретінде ғана емес, тұлға және азамат ретінде қалыптасатын ортасы болуға тиіс. Студенттің қоғамдық өмірге араласуы, өз ойын еркін жеткізуі, әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамауы, шығармашылықпен айналысуы – оның тұлғалық дамуының маңызды бөлігі. Осы орайда Шәкәрім мұрасын университет жастарының күнделікті өмірімен байланыстырудың мәні зор.
Ұлы ойшылдың есімін иеленген Шәкәрім университеті үшін оның мұрасын білім беру және тәрбие үдерісімен сабақтастырудың орны ерекше. Университеттің студенттік өмірінде шығармашылық, пікірталас, волонтерлік және қоғамдық бағыттағы ұйымдар белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олардың қатарында «Қаракөз» студенттік-жастар театры, «Шәкәрім шуағы» жастар волонтерлік ұйымы, «Парасат» және «Конгресс» пікірсайыс клубтары, «Саналы ұрпақ» студенттер қауымдастығы және басқа да жастар бастамалары бар.
Бұл ұйымдардың қызметі студенттердің бос уақытын ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Олар жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, сыни ойлауын қалыптастыруға, пікірін сауатты жеткізуіне және қоғамдық мәселелерге белсенді араласуына мүмкіндік береді. Мұндай орта студенттердің бойындағы адамгершілік, әділеттілік, еңбекқорлық пен парасаттылық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.
Бүгінгі Шәкәрім университетінің маңызды міндеттерінің бірі – кәсіби білімі терең, ойы сергек, ар-ұяты берік, қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылатын тұлға қалыптастыру. Бұл – заманның заңғар тұлғасының адам тәрбиесі мен кемелдік туралы тағылымды ойларын қазіргі білім беру кеңістігінде жалғастырудың бір көрінісі.
Ар ілімінің тағы бір маңызды қыры – білім мен адамгершіліктің бірлігінде. Білім адамның мүмкіндігін арттырса, ар сол мүмкіндікті қалай пайдалануға бағыт береді. Парасатты тұлға білімін жеке пайдасына ғана емес, қоғамның игілігіне жұмсауға ұмтылады. Сондықтан университет қабырғасында кәсіби құзырет пен рухани-адамгершілік тәрбиенің қатар жүруі – заман талабы.
Жастардың қоғамға пайдалы істерге белсенді араласуы, әлеуметтік жобаларға атсалысуы, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруы, қоғамдық бастамалар көтеруі – азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды орта. Мұндай ортада жас адам біртіндеп маңызды бір сұраққа келеді: «Қоғам маған не береді?» емес, «Мен қоғамға не бере аламын?». Бұл – тұлғалық кемелденудің маңызды көрсеткіші. Өйткені жауапкершілік сырттан міндеттелетін талап емес, адамның ішкі сеніміне айналған кезде ғана нәтижелі болады. Ал ішкі сенімнің негізінде ар мен ұждан тұрса, азаматтың қоғамдық ұстанымы да берік қалыптасады. Шәкәрімнің жастарға берер тағылымы осында. Ол адамды өз әрекетін саралауға, адалдық пен әділетті таңдауға, еңбектің қадірін білуге және айналасына пайдасын тигізуге үндейді.
Шәкәрім мұрасын зерттеу арқылы жастар өткенін танып қана қоймай, одан бүгінгі өмірге қажетті тағылым алады. Бұл олардың ұлттық құндылықтарды бағалап, елдік сана мен өзіндік дүниетанымын қалыптастыруына жол ашады. Ақын шығармашылығы арқылы жас ұрпақ қазақтың рухани дүниесін, ана тілінің қадірін, ұлттық мәдениеттің маңызын және тарихи жадтың мәнін тереңірек түсіне алады.
Алайда Шәкәрімді тану оның шығармаларын жаттап алумен аяқталмауы керек. Оның ойларын қазіргі өмірмен байланыстыру маңызды. Бүгінгі жастар үшін «ұждан», «әділет», «ынсап», «мейірім» ұғымдары нақты әрекетпен өлшенуге тиіс.
Ар-ұжданның адам өміріндегі мәні ең алдымен оның күнделікті ісі мен жауапкершілігінен көрінеді. Сондықтан жастар білім алуды, еңбек етуді, өзгені құрметтеуді, қоғамдық іске үлес қосуды және ел болашағына бейжай қарамауды азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі ретінде түсінуі керек. Осындай қарапайым қағидалар азаматтық мәдениетті қалыптастырады.
Шәкәрімнің ар ілімі адам мен қоғамды бір-бірінен бөліп қарамайды. Арлы адам ең алдымен өзіне жауап береді. Ал өзіне жауапкершілікпен қарай алған адам қоғам алдындағы міндетін де сезіне бастайды. Сондықтан парасат пен қоғамдық жауапкершілік – бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Парасат адамға дұрыс жолды таңдауға көмектессе, жауапкершілік сол таңдауды нақты іске айналдырады.
Егер әрбір жеке тұлға өз бойында «Ар ілімін» орнықтырса, қоғамда қылмыс, жемқорлық және әділетсіздік азая түсер еді. Өйткені қоғамдық тәртіптің берік негізі – сыртқы бақылау ғана емес, адамның ішкі жауапкершілігі мен ар-ұяты. Шәкәрімнің ар ілімін жас ұрпақтың санасына сіңіру – өткенді құрметтеудің ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершіліктің де көрінісі. Арлы ұрпақ – парасатты қоғамның негізі. Ал парасатты қоғамның болашағы білімді ғана емес, адамгершілігі биік, ар-ұяты жоғары азаматтардың қолында.
Нәзигүл ҒАЗИЗОВА,
Шәкәрім университетінің
ғылыми қызметкері,
ПҒА академигі