in

Шаңыраққа оралу

Зака Абдрахманованың «Әкем сенбіде қайтыс болды» («Папа умер в субботу») атты туындысы дәл осы тетікті басып, драма жанрында бір әулеттің ортақ жарасын ортаға салады. Отбасылық пен жеке тұлғалық қақтығыстарды бейнелеген бұл бейне аудиторияға әсер етпей қоймайды. Айта кетсек, Зака Абдрахманованың фильмі 2024 жылы II «Маяк» фестивалінде «Үздік дебют» жүлдесін, «Белый слон» атты ресейлік кинотанушылар, киносыншылар мен киножурналистер премиясында «Үздік толықметражды дебют» аталымын жеңіп алды. Оған қоса, фильм 22-31 тамыз аралығында өткен II Qyzqaras Film Festival бағдарламасында көрсетілді.

Сюжет желісі Айка есімді кейіпкердің айналасында өрбиді. Фильм Айканың әкесінің қайтыс болғаны туралы хабардың жеткізілгенінен басталады. Оның туыс­тарымен қарым-қатынас жібі баяғыда үзілсе де, туған үйіне баруды алдына мақсат етіп қояды. Өмірінің есейген кезеңін Мәскеуде өткізген басты кейіпкер үшін шаңыраққа оралу жазылмаған жараны бұрмалаумен тең. Әкесінің қатыгездік танытқаны оның санасында өшпес із қалдырған. Дегенмен үйге  жиналғандар марқұмды «қаһарман» ретінде еске алып отыр. Осылайша, экран­да өткеннің кесірін қабылдау хикаясы басталады.

Фильм деректі стилистикада құрылған. Осының арқасында эмпатия тудыру мүмкіндігі абсолюттікке жеткізілген. Камера көркемділікті байытатын бұрыш іздеместен бұрын кейіпкердің жанын оятатын сәттерді кадрға алу үшін пайдаланылған. Зака Абдрахманованың осыған дейінгі «Жаным», «Мерейтойлық жыл» деген сияқты деректі фильмдерін еске алсақ, қолтаңбасының айрықша екенін байқау қиынға соқпайды. Кадрлар симметриялық композиция түрінде құрылған. Диалог барысында екі субъект орта планда алынса, кейіпкердің ішкі қақтығысының көрсетілуі үшбұрыш принципі арқылы іске асады. Мысалға дерлік, Айканың құшақтай амандасып жатқан сахнасын талқыға алсақ. Кадрда басқа субъектілер де болғанымен, ортаға басты кейіпкер мен оның эмоциясы алынған. Және де далада үстел басында отырған сахнадан да дәл осы принцип байқалады. Үстел үшбұрышты құрса, субъект сол фигураның төбесінде орналасқан. Екі сәтте де ішкі тоқырау сезімі ұштасқан. 

Жалпы айтқанда, режиссердің ке­ңістігінде әркімнің реніші мен қайғысына орын бар. Ауылдың тұрмысын қайтадан кешу – Айканы келесі күнді жаңа беттен бастауға итермелеген жайт. Десек те, қосалқы сюжет желілері мен екінші пландағы кейіпкерлер басты оқиғаны дамытып қана қоймай, жетіспеген пазл бөлшектерін толықтырады. Марқұмның үш әйелі, балалары, ағайындылары мен әке-шешесі бір-бірін түсіне алудан алшақ көрінеді. Тілдің ұшында тұра алмаған сөздер оқтай тиіп жатыр. Алайда ақыр аяғында айығуға көмектескен де өздері болып шықты. 

Бұл кезекте әйел кейіпкердің есею бейнесінің оңтайландырып көрсетілгенін атап өтпеуге болмас. Жастық ерекше­ліктерге де байланысты аталмыш үрдісті бейнелеген кейіпкерлер ретінде Айка мен Куканы алуға болады. Айка ересек жаста жаңадан тыныс алып үйренеді. Ауыр жүк болып қалған балалық психикалық жара­қат пен жарымен ажырасуы оны бір нүктеден жібермегендей. Отбасымен өткізген қыстық мезгіл сол жүкті жеңілдете түсті. Ал Кукаға келсек, ол жасөспірім­дік максимализм мен жақын адамды жоғал­тып алу тұлғаның қалыптасуына қалай әсер ететінін көрсетеді. Біріне әке жылулығы жетіспесе, екіншісіне әкесімен уақыт жетіспеді. Сөз арасында акцент қойылған «Мен – қаһарманмын»  делінген тіркес эмоцияларды қолға алудан бөлек, әпкеден сіңлісіне берілген сабақпен теңдес. Айналадағы адамдарды түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Бірақ керек сәтте керек сөз­дерді табу мен арқау болу – саналы таңдаудың көрінісі. Сондықтан «Әкем сенбіде қайтыс болды» фильмі соңғы жылдардағы  әйел бейнесін алға шығару тенденциясына үйлесе кетеді. 

Онымен қатар аталмыш туынды да дәстүрлердің адам қолында қалайша бұрмаланатыны назарға алынған. Жерлеу рәсімі мен қоштасуға жиналған туған-туыстардың фальштан құралғаны көрсетіледі. Дегенмен режиссер сынауды емес, толғанысқа орын береді. Қисынсыздықтан тұратын тіршіліктің ақиқаты осындай. Қателіктер мен жалғандық басым. Сол себепті де бұл фильмде белгілі бір дәрежеде жауапты адамдарды іздеуге негіз қойылмаған. Тек  кезекті өтпелі кезеңнің бар келбетін ашуды мақсат тұтқан деуге келер. Айканың әкесі беріп кеткен ойыншығын өзімен ала кетуі кешіріммен қатар жылдар бойы ізде­ген сүйіспеншілік пен мейірімін таба ал­ғаны­ның символы. Қалай дегенмен де, дүниедегі алғашқы күндеріміз бен соңғы күндеріміз бізге белгісіз. Қолымызда тек қазіргі уақыт бар. 

Сөздің тоқетері, «Әкем сенбіде қайтыс болды» фильмі идеяның өзектілігі мен ұсыну тәсілі ықпалымен көркемдік құн­дылығын айқындайды деуге болады. Нә­тижесінде, туынды өмірдің қисынсызды­ғы­на, адамдардың жалғандығы мен уа­қыт­тың өткіншілігіне көз жеткізеді. Бірақ сонымен қатар оның түпкі мәнінде жарық іздей отырып, мейірімге орын қалдыру жатыр. Сондықтан бұл фильмді қарау – тек бір отбасының қасіретіне куә болу емес, өзіміздің ішкі әлемімізді де қайта шолып шығу.

Әзиза ҚУАНДЫҚ,

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

3-курс студенті