in

Хакім мұрасы – игі істерге ұйытқы

Абай шығармашылығына ар­нал­ған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қа­уым өкілдері, абайтанушы ғалым­дар қатысты. Abai akademiasy жоба­сының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныстырды.

Abai akademiyasy порталы – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы тол­ық мәлімет ұсынатын ғылыми-тан­ым­дық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публи­цис­ти­калық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сарапта­ма­мен, түрлі форматта жинақтал­ған. Материалдар Абай институт­тары, ғылыми орталықтар, ар­­хив­тер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.

Энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінде сөз сөйлеген аймақ басшысы Абай тойы биыл тұңғыш рет 10 күндік ретінде атап өтілетінін айтып, 1-10 тамыз аралығында Семей қаласы мен Абай, облыстың өзге де ауданында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуал­дық іс-шаралардың жоспарланып отырғанына тоқталды.

«Атап өту керек, аталған 10 күндіктің өтуіне қаржыны түгелдей жанашыр демеушілер көтеріп отыр. Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет бас­шы­сының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакім­нің тойын­да еліміздің әр өңірі жаңадан құры­л­ған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Маңғыстау «Достық үйін», Шым­кент шығарма­шылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Ас­тана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығы, Пав­ло­дар облысы Үстел теннис орталы­ғын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын жасап береміз деп отыр. Өзге өңір­лер де хабарласып, ықыл­ас-ниет­терін білдіріп жатыр», – деді облыс әкімі.

Энциклопедиялық порталдың Абай мұрасын заманауи форматта жеткізу тұрғысында маңызды екен­ін атап өтті. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғас­ыр­дағы Қазақстан» атты мақа­ла­­сында «Абайдың шығарма­лары­на зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық біле­міз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биік­тердің бағына қоймайтынын айт­ты» деп Абайдың мұратын, мақ­саты мен арманын жіліктеп айтып, бү­гінгі қазақ баласына ой салған бола­тын. Демек, бүгін көпке жол тарта­тын Абайға арналған энци­к­­ло­­педиялық портал, хакім мұра­ларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолын­да негізгі бағдаршам бол­мақ. Сон­дай-ақ Абай туралы ақ­па­рат іздеген адам Abai akademiyasy порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады, – деді аймақ бас­шысы.

Шара барысында абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрі­лі» музей-қорығының дирек­торы Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.

— Бүгін ашылып отырған Abai akademiasy энциклопедиялық пор­талы — ғылыми, мәдени, ақ­па­рат­тық ортадағы бұрын-соңды бол­ма­ған ерекше құбылыс деп ай­ту­ға то­л­ық негіз бар. Электрондық пор­тал бәрімізге ортақ. Ол жас ғалымға да, ізденушіге де, студент­ке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әң­гімелесіп, қажетті дерек­терін қабыл­дап, әрі қарай өзінің ұлы ақын тура­лы ойлары мен қарым­дарын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін, ең үлкен басты құрал, энциклопе­дия, – деді Арап Еспенбетов.

Мейір ЖАСЫН