in

«Тізгіндегі» әйел әлемі

Көрмедегі әр туынды әйел болмысының бір қырын ашқандай. Биыл республикалық конкурс форматында өткен көрме дәстүрлі кескіндемеден бастап цифрлық өнерге дейінгі түрлі бағытты қамтып, әйелдің қоғамдағы рөлін стереотиптерден тыс тұрғыда көрсетуге ұмтылды.

Биыл көрме үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы жоба жаңаша форматта жалғасын тапты. Ерекшелігі – алғаш рет ашық конкурс фор­матында өтуі. Қатысушылардың шығарма­шылығын бағалау жүйесі енгізіліп, үздік жұмыс­тарға жүлделі орындар тағайындалды. Осылайша, жоба жаңа деңгейге көтеріліп, өнер кеңістігіндегі мазмұн мен бәсекелестікті қатар күшейтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Äiel Tizginde көрмесінің өзегі – қазақ мәдениетіндегі әйел бейнесін көркемдік тұрғыда қайта зерделеу. Бұл жоба әйелді тек нәзіктік символы ретінде емес, күштің, мағынаның және қозғалыстың иесі ретінде танытуға бағытталған. Ал көрменің басты кейіпкерлері ретінде өз өмірінің тізгінін нық ұстаған, қай салада да батыл қадам жасап жүрген әйелдер таңдалған. Экспозицияда темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер, аспан көгін бағын­дырған ұшқыштар, сондай-ақ түрлі бағытта көш бастап жүрген еркін әрі жігерлі арулардың бейнесі ұсынылған. Байқауға мыңнан астам өтінімнің ішінен сүзгіден өткен 200 таңдаулы жұмыс ұсынылды. Кескіндеме, фотография және инсталляция жанрларын тоғыстырған бұл туын­дылар көрменің мазмұнын байытып, көрерменге сан қырлы көркем әлемді паш етті. Жобаға қо­йылған суреттер әлемнің 26 қаласынан, нақтырақ айтқанда Тулуза (Франция), Манила (Филип­пин), Рим (Италия) сынды мәдени орталықтардан жолданған.

Байқау форматында өткен көрмеге қойылған картиналарды кәсіби суретшілер, өнертанушылар және музей қонақтары бағалады. Қазылар алқасының құрамына өнертанушы, профессор Ольга Батурина, суретші Айя Шалқар, фотограф Оспан Али, Қазақстан өнер сыншылары гильдиясының төрағасы Ефрат Б. Имамбек және өзге де арт-қауымдастық өкілдері кірді. Осылайша, қатысушылардың ішінен үздіктер белгілі болды. Олардың ішінде озық шыққаны Шахиза Куанышбекованың «Қайнау нүктесі». Автордың айтуынша, бұл сурет үнсіздіктің астарында жасырынған күш туралы хикаяны баяндайды.

– Барлығы «қайнап жатқан судағы бақа син­дромы» идеясынан басталды. Көзге байқал­майтын, бірақ үздіксіз қысым жасайтын тұрмыс­тық стереотиптер, «тіл алғыш», «ыңғайлы» әйел бейнесі адамның болмысын біртіндеп жойып, өзін жоғалтуына әкеледі. Картинадағы шәйнектің сыртында дәстүрлі ою-өрнектің суреті бей­неленген. Бұл жай ғана жылылық пен жайлылық емес, бұл – «алтын тор». Тұрмыстың тар шеңбері мен әлеуметтік жағдайдың тұзағына түскен тұлғаның метафорасы. Шәйнек қақпағының астында өз «менін» тапқан келіннің суреті салынған. Бұл – менің Kelin Shay деп аталатын жұмысымдағы тақырыптың жалғасы. Мұнда кейіпкер тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың құрбаны емес, өз жағдайын ұғынған, саналы тұлға тұр. Ал шәйнек қақпағының жиегіндегі жарық түстер төзімнің шегін білдіреді. Бұл – сырттай сабырлы көрінетін бейненің астарында қандай орасан күш жатқанын аңғаруға шақыру. Сол күш ескірген қалыптарды бұзуға дайын. Ең қуатты символ келіннің түссіз, мөлдір қолдары. Бұл кейіпкердің өзіне-өзі көрінбей бара жат­қанын, өзгенің бойына сіңіп, өз болмысынан ажырай бастаған сәтін білдіреді, – деді жоба жеңімпазы Шахиза Куаныш­бекова.

Жоба аясында ұсынылған «Тізгін ұстаған әйел» бейнесі көбіне заманауи көркемдік ишара­дан гөрі тарихи жадыға қайта оралу іспетті әсер қалдырады. Бәлкім, дәл осы себептен шеберлер көрме тақырыбын мифологиялық образдардан бастап, әйелдің қоғамдағы рөліне қатысты мета­фораларға дейін кеңінен аша алған болар. Мә­селен, қолданбалы өнер шебері Ақ­марал Бақыт ежелгі көне түркі мифо­логиясын­дағы ұрпақ жал­ғастығын, береке мен ошақ қасын жебейтін қасиетті ана, құдай-әйел бейнесі «Ұмай» атты туындысын ұсынған.

«Ұмай мен үшін жай ғана нәзік бейне емес. Бұл – тылсымға толы, уақыт пен кеңістіктің ар жағынан үн қатқан эпикалық символ. Ол – аналық мейірім мен тылсым күштің тоғысқан тұғыры. Оның нақты бір бейнесі жоқ, әр жүрек оны өзінше сезінеді, әр сана өзінше бейнелейді. Кейде ол бесікті тербеткен мейірімді ана, кейде тағдыр тізгінін ұстап, ұрпақтың болашағын айқындайтын қайсар рух. «Тізгін ұстаған әйел» тақырыбын естіген сәтте ең алдымен осы бейне ойыма келді. Мен үшін Ұмай ана барлық әйелдің тәңірі, көзге көрінбес қорғаны іспетті. Ол – бір мезетте сабырлы да, қайсар, нәзік те, айбынды әрі ұлттың жадында сақталған мәңгілік аналық күштің бейнесі», – дейді автор.

Көрмені түпнұсқалық картиналардың идея­ларын көрсететін фото-ремейктер толықтырды. Фотожұмыстардың авторы – талантты шебер Оспан Әли.

«Біз стилистер мен визажистер командасының көмегімен барлық фотосуретті үш күнде түсірдік. Қысқа уақыт ішінде әр қатысушыға бейне таң­дап, картиналардың мәнін сезіну керек болды. Бұл оңай емес екені белгілі. Біз қазақстандық суретшілердің 20 картинасын таңдап алып, олардың идеясын фотоөнер арқылы жеткізуге тырыстық. Менің ойымша, біз, фотографтар, кейде мудбордтар жасап, ремейк жасаймыз. Яғни, бұрыннан белгілі бейнелерді өз көзқара­сымыз бен талғамымызға сай қайта ұсынамыз. Жобаға пайдалы мағына беруге тырыстық. Мы­салы, қызғалдақ арқылы оларды жұлуға болмай­тынын, табиғатты қорғау керегін жеткізгіміз келді», – деді Оспан Әли. 

Ол жоба барысында Нұрлан Қылыбаев, Айгерім Кәрібаева, Абай Чунчалинов және өзге де қазақстандық суретшілердің туындыларына визуалды интерпретациялар ұсынды. Дәстүрлі кескіндеме мен заманауи көрініс тәсілдерінің үйлесімі арқылы өнердегі әйел бейнесінің жаңа қырлары айқындалды.

Бір сөзбен айтқанда, Äiel Tizginde көрмесі тек өнер туындыларының жиынтығына, қоғамдағы әйел бейнесін жаңаша пайымдауға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды. Бәлкім, өнердің шынайы миссиясы да – осы: адамның ішкі әлеміне үңіліп, қоғамдағы көзқарасты өзгертудің бастауына айналу. Ал көрме тақырыбы сол өзгерістің көркем тілдегі алғашқы қадамы бола білді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ