in

Торғай төріндегі жыр додасы

Алдымен облыс көлемінде өткен мектепішілік кезеңге 9094 оқу­шы қатысып, өз бақтарын сынаған. Ал аудандық және қалалық кезеңдерде 568 үміткер өнер көрсетті. Осыдан-ақ жастардың жыр бәй­гесінде қаншалықты белсенді болғанын көруге болады. Ба­й­қаудың маңызын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов атап өтті. 

– Бұл байқау жай ғана өнер сайысы емес, тарих пен тағы­лым­ның, сөз бен сана биігінің, рух пен ұлттық мұраның тоғысқан тұ­ғыры. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кі­тап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жө­ніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Бұл – ұлттың ин­теллектуалдық мәдениетін арттыруға бағытталған тарихи құжат. Ал бүгінгідей дода ұстаз бен шәкірттің ортақ жеңісі деуге болады. Мұн­да тек жеңімпаз анықталмайды, ұлттық рух жаңғырады, сөз сал­танат құрады. Ұрпақ пен тарих арасындағы алтын көпір беки түседі, – деді ол.

Бақытжан Нарымбетовтың сөзінше, «Алпамыс батыр» сынды жыр­лар ғасырлар бойы халқымыздың ерлік рухын, намыс пен адал­дықты, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті ұрпақ бойы­на сіңіріп келеді. Әр бала кішкентайынан осындай руханиятпен су­­сындап өссе, бұл өте ғажап дүние. Оның рухын жырмен тәр­бие­леу – болашақта танымын кеңейтеді. Батырлар жырын жаттау – жай ғана есте сақтау емес, бұл – бабалар аманатын ұлықтау.

Облыстық байқаудың жүлде қоры да ауқымды. Жеңімпаздарға 1, 2 және 3-орындар бойынша жалпы сомасы 3,6 миллион теңгені құрайтын ақшалай сертификаттар табысталды. Ал бас жүлде иегері шетелдегі халықаралық тілдік лагерьге жолдама иеленді. Сондай-ақ жеңімпазды дайындаған жетекшіге автокөлік сыйға берілмек. Байқау қорытыныдысы бойынша, Рудный қаласы Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқу­шысы Ұлдана Жүрсінбаева Бас жүлдені жеңіп алды. Оның ай­туынша, үздіксіз дайындық нәтижесіз қалдырмаған. 

– Шынымен, 98 беттік жырды жаттау оңайға соқпады. Ұзақ уа­қыт дайындық пен тұрақтылықтың арқасында осы нәтижеге жет­тім десем болады. Үш ай бойы бар зейінімді бір арнаға то­ғыстырып, тынбай дайындалдым. Ішкі сезімімді сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Себебі өзге қатысушылар жүлделі орын алып жат­қанда, үмітімді үзіп те үлгерген едім. Қазылар алқасының ше­шімімен бас жүлдені иеленгеніме ерекше қуанып тұрмын. Жетек­ші­ме көп алғыс айтамын. Гүлжазира апай Смағұлованың еңбегі орасан, – дейді бас жүлде иегері Ұлдана Жүрсінбаева.

Ал 1-орынды жырды нақышына келтіре орындап, ұлттық өнер­ге деген терең сүйіспеншілігін танытқан – Қарабалық ауданан кел­ген Томирис Орехова бұйырды. 2-орынды Қостанай қаласынан Ай­дос Марат, Қарабалықтық Даяна Ертанова еншіледі. 3-орын руд­ныйлық Әдемі Елдейбек, Жангелдин ауданынан келген Бақытбек Көшімбек еншіледі. 

Бұл тұста іс-шараға «AMANAT» партиясы, «Қазақ тілі қоғамы» ха­лық­аралық қоғамы, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік экономикалық университеті қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

М.ТӨЛЕУ