Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұлттық хореография өнерінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан театр үшін жаңа маусымның мәні айрықша. Себебі биыл ұжымға оның негізін қалаған көрнекті хореограф, Қазақ КСР халық әртісі Болат Аюхановтың есімі берілді.
Айтулы оқиғаға орай Болат Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театрының директоры Жәнібек Өтегенов хореография шеберінің шығармашылық мұрасын кейінгі буынға жеткізу, театрдың мерейтойлық маусымдағы қойылымдары мен премьералары, сондай-ақ алдағы шығармашылық жоспарлары туралы пікірін бөлісті.
– Алдағы жұмысымыздың басты бағыттарының бірі – Болат Аюхановтың хореографиялық туындыларын сақтау және қайта жаңғырту. Қазіргі уақытта театр репертуарында шебердің таңдаулы қойылымдары сақталған. Біз оның әр кезеңде дүниеге келген қойылымдарының авторлық қолтаңбасын, өзі қалыптастырған мектептің ерекшелігін жоғалтпай, кезең-кезеңімен сахнаға шығарғымыз келеді, – деді театр басшысы.
Бұдан бөлек, театрда алпыс жылға жуық уақытта жинақталған архив қорын жүйелеу және цифрландыру жұмысы қолға алынбақ. Фотосуреттер, афишалар, бағдарламалар, бейнежазбалар мен әртістердің естеліктері болашақта мамандарға ғана емес, жас көрерменге де қолжетімді болады.
Жүздесу барысында театр басшысы ұжымның ендігі даму жолын Болат Аюхановтың классикалық және авторлық мұрасын сақтау, заманауи хореографияны дамыту, жаңа қазақстандық балет туындыларын сахнаға әкелу сынды негізгі бағыттармен байланыстырды.
– Біз қазірдің өзінде осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Репертуарымыз жаңа туындылармен толықты. Олардың қатарында «Без слов» заманауи спектаклі мен «Арайлы қала» балеті бар. Алдағы уақытта да жаңа қойылымдар әзірлеп, хореографтар, композиторлар, суретшілер мен өзге де шығармашылық сала өкілдерін бірлескен жобаларға тарту ойымызда бар, – деді Жәнібек Өтегенов.
Бүгінде өнер ордасында Болат Аюхановтың репертуары мен көркемдік қағидаларын меңгерген білікті мамандар қызмет етеді. Театр басшысының сөзінше, мұнда ұжым ардагерлерімен тығыз байланыс сақталған.
Мерейтойлық іс-шара «Мұра. Аюханов. Наследие» атты концерттік бағдарламамен ұласты. Кеште театрдың алпыс жылдық шежіресін бейнелейтін әр жылдардағы қойылымдар мен хореографиялық миниатюралар ұсынылды.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы