in

Рухани жаңарудың ұлы тойы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – тек мәдени оқиға емес, бұл – ұлт руханиятын жаңғыртуға бағыт­талған үлкен бағдарлама. Абай әлемін насихаттау арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тереңдігі мен көркемдігін халықаралық деңгейде көрсете аламыз.

Жалпы, аймақ басшылығы тап осы мерейтой аясындағы мәдени және спорт­тық жарыстардың жүлде қорына 9 автокө­лік пен 90 жылқы тігіліп отырғанын мәлім етті. Он күн ішінде, яғни 1-10 тамыз ара­лы­ғын­да өтетін мерекелік шараларға 30 мың­нан астам адам қатысқан көрінеді. Мерей­той қарсаңындағы іс-шара өте көп бол­ғанына қарамастан халықтың көңі­лі жай­дары болды. Бәрін жіпке тіз­бей, ең бас­ты деген шаралардың біразына тоқталайық.

Абай әлеміне жол ашқан жаңа портал

Мерейтойдың шымылдығын хакімнің 180 жылдығына арналған Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында ақын Айжан Тәбәрікқызы тізгінін ұстаған, ұлы ақын­ның мол мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізуге бағыт­талған ABAI AKADEMIASY атты энцик­лопедиялық портал ашты. Тұсаукесер рә­сімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы Берік Уәлиұлы:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қа­зақ­стан» атты мақаласында «Абайдың шы­ғар­маларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны бар­ынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгері­леудің негізі білім мен ғылымда еке­н­ін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қала­ды. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қой­майтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Демек, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сон­дай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам  ABAI AKADEMIASY порталы арқылы толыққанды қол жеткізе ала­ды», – деді.

Келесі күн де, яғни 2 тамыз да мәдени шараларға толы болды. 2-6 тамыз ара­лығында Халық әртісі Майра Ілия­сова­ның Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жар­ма және Жаңасемей аудан­дарын аралады.

Рух пен өнер тоғысқан кеш

3 тамызда Абай атындағы театрда тағылымы мол, мазмұны терең «Абай әлемі» атты рухани кеш өтті. Бұл кеш дәстүрлі ән өнері арқылы Абайдың шы­ғармашылық мұрасын, терең филосо­фия­лық ойлары мен рухани болмысын дәріп­тейтін ерекше өнер алаңына айналды. Сахна төрінде халқымыздың рухани қа­зы­насын ұлықтап жүрген өнер саңлақтары өнер көрсетіп, Халық әртісі Рамазан Стамғазы бастаған дәстүрлі ән дүлділдері Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Толған­бай Сембаев, Ербол Айтпай, Клара Төл­енбаева, Гүлмира Сарина, Талғат Абу­ға­зы, Берік Омаров, Қайрат Қамидолдин тың­­­дарманның құлақ құрышын қан­дырды.

«Абай әлемі» – бұл тек ән кеші ғана емес, ұлттық өнеріміздің көркемдігі мен шеберлігін паш ететін, өскелең ұрпаққа өнеге болар рухани сабақ бола білді. Кеш барысында Абай әндері мен қазақтың күй өнері шебер үйлесім тауып, жүректерге жол тапты. 4 тамызда Сәкен Тұрысбеков пен оркестрдің қорытынды концерті ұсы­н­­ыл­ды. 5 тамыз күні «Ой толғау – Хәкім Абай» атты моноопера сахналанса, 6 та­мызда Абай алаңында «Абай елі – өнер кен­і­ші» кон­церті мен жас ақындар мүш­әй­расы – «Өлең сөздің патшасы» байқауы өтті.

7-9 тамыз аралығында Абай мұрасын насихаттауға бағытталған бірқатар маңыз­ды шара ұйымдастырылды: жазушы, халық­аралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші өтті. Осы кеш аясында «Абай жолы» энци­к­ло­педиясы мен Бағашар Тұрсын­байдың «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабы­ның тұса­уы кесілді. Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы мен Абай ауданында «Жеті қазына» ұлт­тық байқауы басталды. Шәкәрім универ­ситетінде халықаралық ғылыми конфе­рен­ция, «Жидебай-Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітап тұсау­кесері және 15 елдің қатысуымен өтетін халықаралық ақындар фестивалі ұйым­дастырылды. Конференцияда отандық әр алуан сала маманы, абайтанушы-ғалым­дар, Ресей, Түркия, Қырғызстан тағы бас­қа алыс жақын шетел ғалымдары өз баян­да­маларын оқыды. Кешке қарай орта­лық алаңда «Абайға тарту» атты концерт өтті.

Тағылымға толы той түйіні

Мерейтой Қарауыл ауылында салта­нат­ты түрде аяқталды. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбан­дық шалу рәсімімен басталды. Одан кейін еліміздің барлық өңірінде ұлы ақынға тағзым ретінде Абай ескерткішіне гүл шоқ­тарын қою рәсімі өтті. Қарауылға жи­нал­­ған халықтың қарасы қалың бол­ғаны рас. Бұл жерге тек еліміздің қала­лары­нан емес, шетелден келгендер де бар. Арнайы қонақтар мен жұртшылық үшін 180 киіз үй де тігілген. Қарауылдың бір шет­­інде концерт болып жатса, екінші бір шетін­де саудаға кіріскен көпшілікті көресіз. 

Мерейтой барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Сенат Төр­ағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Мем­лекет бас­шысының құттықтауында Абай әлемдік ауқымдағы ғұлама екеніне және оның рухани мұрасы келер ұрпақ үшін де өзекті болып қала беретініне баса мән берілген. «Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүние­та­мымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскел­ең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал аза­мат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапа­сын қалыптастыратын қасиеттерді кеңі­нен дәріптеді. Отанға деген сүйіспенші­ліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғам­дары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөз­ін­де кейінгі жылдарда Мемлекет басшы­сының бастамасымен Абай мұрасы елі­мізде ғана емес, әлемдік деңгейде де кеңі­нен насихатталып жатқанын айтты. Ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойы  – бүкіл ел үшін маңызды рухани оқиға. Бұл ауқымды іс-шара халқымыздың парасат биігіне, адамгершілік құндылықтарға және ұлттық бірегейлікке деген ұмтыл­ысының жарқын көрінісі екені анық.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылды жан-жақты ұлық­тауға үнемі баса мән беріп келеді. Соңғы жылдарда Абай мұрасын кеңінен дәріптеу үшін көптеген жұмыс атқарылды. Мем­лекет басшысының бастамасымен ресми түрде 10 тамыз – Абай күні болып бекі­тілді. Абай шығармалары әлемнің негізгі тілдеріне аударылды. Осы ретте Прези­дентіміздің тапсырмасымен Алматыда Абай ұлттық мектебі бой көтеріп жат­қан­ын да атап өткен жөн. Бұл бірегей білім ордасы қазақ зиялыларының жаңа буын­ын қалыптастыруға қызмет етпек. Сон­дай-ақ ұлы ойшыл бізге «Толық адам» тұжырымдамасын өсиет етті. Қазір Абай­дың бұл идеясы мемлекеттік саясаты­мыз­дың негізгі өзегіне айналып отыр. Мем­лекет басшысы жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасы осы негізге табан тірейді. Президентіміз «Ұлттық құрылтайда» бел­гілеп берген озық ойлы ұлтқа тән қасиет­тер де ғұламаның өсиеттерімен үндес. Осындай іс-шаралар­ды Абайға тағ­зым ету ғана емес, оның ойларын заман­ауи тұрғы­да жаңаша түсініп, өмірде жүзеге асыруға жаңа мүм­кіндік деп қабылдай­мыз», – деді Мәулен Әшімбаев. Одан бөлек мереке қарсаңында  Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданы Қарауыл ауылына жиналған халықты «Абай күні» мерекесі­мен құттық­тады. Оның айту­ынша, Абай мұрасының кемел­ді сала­лары­ның бірі, ұлттық таным­ның ұстын­ына айналуға тиіс тұғырлы дүние  – толық адам ілімі. 

– Бұл адамның рухани кемелденуін үш негізде, атап айтсақ, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек сынды үш айнымас темірқазыққа байлайды. Хакім айтатын қашық болуға тиісті бес нәрсе, бойға сіңірерлік «бес асыл іс», «атаның емес, адамның баласы болу», «адамзаттың бәрін бауырым деп сүю» осының бәрі де осы ізгі ілімнің тараулы жолы, танымдық негізі, – деді әкім.

Өз сөзінде ол хакімнің туғанына 180 жыл толуын мерекелеу – Абай рухына тағзым ғана емес, Абайды жаңа қырынан танып, оның мол рухани байлығынан тағылым алатын елдік мейрам, ұлттық толғам болуы тиістігін жеткізді.

– Абай тойы елдің рухани өмірін сер­пілтіп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да өңірге пайдасын тигізіп, жұрт есінде қалар өнегелі шара болуы тиіс. Хакім тойына дайындық барысында осы түйінді басты назарға алғанымыз жөн.

Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қол­дауымен басталған «Абайға құрмет» ак­ция­сы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір ныс­ан­нан салып беретін болды. Қазір кейбір өңірлер құрылысты бастап жатса, жалпы барлық аймақ бүгінде қандай сыйлық жасайтынын жариялап үлгерді. Атап айтсақ, Маңғыстау «Достық үйін», Шым­кент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жай­лы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығы, Шығыс Қазақстан Ертіс жағажайын жасап беруге ниеттеніп отыр. Өзге өңірлер де хабарлас­ып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатыр.

Абай тойы, ең алдымен, той той­лай­тын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы лазым екенін барша жұрт айтады. Мерей­той тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуға тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік, – деді Берік Уәли.

Абайдың 180 жылдық мерейтойы өт­кенді ұлықтап, болашаққа бағдар беретін ұлы жиын болды. Бұл он күнде өнер мен ғы­лым, тарих пен бүгінгі күн тоғысып, елдің рухани өмірі жаңғыра түсті. Хакім­нің «Тол­ық адам» ілімі мен асыл мұралары тек сахна төрінде ғана емес, халықтың жүрегінде қай­та жаң­ғырды. Абай елі мере­ке­ні сән-сал­та­натпен өткізіп қана қой­май, ұрпаққа мирас бола­тын игі істердің бас­тауына айнал­дырды.

Әсет ҚАЛИ,

Астана-Семей-Астана