2025 жылдың 28 шілдесінде Альметьевск қаласында (Татарстан Республикасы, Ресей) «Каракуз фильм» халықаралық кинофестивалінің ашылуы өтті. Фестиваль бағдарламасына Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейдің әртүрлі өңірлерінен 30-дан астам фильм енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Фильмді фестиваль аясында продюсер Әлия Шәріпбаева таныстырып, шығармашылық кездесу өткізді. Продюсер түсірілім процесі туралы әңгімелеп, көпшілік сұрақтарына жауап берді.
«Шатырдағы екеу» фильмі – Гүлшат Смағұлованың алғашқы режиссерлік жұмысы. Картина тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достықты баяндайды. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген.
Фестиваль аясында француз күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ балуаны – Қажымұқан Мұңайтпасов туралы баяндайтын «Қажымұқан» фильмі де көрсетілді. Ол – халықаралық, Ресей және бүкілодақ чемпионаттарында аса ауыр салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, 50-ге жуық медаль иеленген тарихи тұлға. Картина аңызға айналған спортшының ерлігі мен ұлттық мақтанышқа айналған жолын көрсетеді.
Айта кетейік, «Каракуз фильм» – көрерменнің өзі қазылық ететін жеті күндік кинофестиваль. Байқау бағдарламасында алты номинация қарастырылған. Атап айтсақ, «Үздік көркем фильм», «Үздік деректі фильм», «Үздік анимациялық фильм», «Үздік қысқаметражды фильм», «Балалар көзайымы жүлдесі», «Каракуз фильм» Гран-приі және бес арнайы жүлде табыс етіледі.
Фестивальға қазақстандық фильмдердің қатысуы ұлттық кинематографияға деген қызығушылықты көрсетіп қана қоймай, оның халықаралық мәдени кеңістіктегі маңызын да айшықтайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.