in

Орханның озық әлемі

Тіпті, жұмыс орнындағы сөреде қазақ әдебиетінің классиктерін тізіп қойған. Біз бұл жолы қазақ классиктерімен сусындаған түрік азаматы туралы айтқалы отырмыз. Иә, Орхан – түрік ұлтының өкілі. Бір өзі бес тіл меңгерген. 

Орхан Насибаев сонау Әзербайжан елінен Оралға 2000 жылдың қыркүйегінде көшіп келіпті. Орхан ол кезде небәрі 8 жастағы ұл екен. Алғаш Оралға табаны тиген күнді Орхан әлі ұмытпайды. Күні кешегідей көз алдымда деп күледі өзі. 

– Таңғы үште пойыздан түстік. Бөтен жер, бөтен қала. Тып-тыныш қала. Әлі есімде. Мен ол күнді ешқашан ұмытпай­мын. Жолда менің туған күнімді тойладық. Мен сегізге толдым. Біз Әзербайжаннан көшіп келдік. Мен өзімді нағыз көшпенді түркі жұртының тұяғы санаймын. Өзім де жиі саяхаттаймын. Үнемі жолда, далада жүремін. Қазір менде Қазақстанды түгел аралап шығу деген мақсат тұр. Батыс аймақты түгел аралап шықтым. Қазақтар­дың қонақжайлылығына тәнтімін, – дейді Орхан. 

Орхан – үйдің үлкені. Өзінен кейін қарындасы бар. Ата-анасы қарапайым шаруа түріктер. Орхан Насибаев бес тіл біледі: түрік тілі, қазақ тілі, орыс тілі, ағыл­шын тілі, әзербайжан тілі. 

Тілді меңгеруге деген дағдысы жоғары. Біз мұның сырын сұрадық. 

– Жалпы, бәрі ниетке байланысты ғой, егер адам уақыт бөліп, оқимын десе, оқиды. Тек бір қиындық болады. Ол ортаның жоқтығы. Мысалы, менде ағылшаншамды жетілдіретін орта жоқ. Сол үшін әлеуметтік желіде өзге ұлттарға хат жазып, солармен бейнебайланысқа шығып ағылшынша сөйлесіп, тілді ұмытып қалмас үшін шыңдап отырамын. Ал орыс тілі мен қазақ тілін ұмыт­паймын. Себебі олардың қолданыс аясы кең ғой. Менің қазақ, орыс достарым өте көп. Өзім орыс сыныбында оқыған­мын, – дейді Орхан Насибаев. 

Орханға ең оңайы қазақ тілін меңгеру болыпты. Себебі «түбірі бір түркі тілін иге­ріп кетуге еш кедергі болмады» деп еске алады алғашқы қазақ тілін оқып бастаған кезін біздің кейіпкеріміз. 

– Біздің тіліміз ұқсас қой. Өзім орыс сыныбында оқысам да, қазақшаны тез үйреніп алдым. Мектепте ең сүйікті сабағым қазақ тілі сабағы еді. Мен үшін қазақ тілін меңгеру әдістемесі өте қызық болатын еді. Кейін колледжге оқуға түстік. Ол кезде ауылдан келген балалар таза қазақша сөй­лейтін еді. Олар маған қазақ тілін жетік, еркін меңгеріп кетуіме оң әсер етті. Ауылдан келген балалар орысша сөйлей алмайтын еді. Мен оларға орысша сөйлеуді, олар маған қазақша таза әрі анық сөйлеуді үйретті, – дейді Орхан. 

Орхан қазақ тілінде таза сөйлейді. Ол аздай қазақтың шоқтығы биік классик жазушыларын жата жастанып оқитыны бар. Орхан Насибаев қазір қаладағы беделді тіс емханасының бірінде жетекшілік қызмет атқарады. Ол жұмысқа досы ұсыныс жасап шақырған. Себебі Орхан өте алғыр, бірнеше тіл білетіні бар. 

– Мен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне жетікпін ғой. Соны ескерді ме, досым тіс емханасының ұйымдастыру жұмыстарын маған тапсырды. Өзі тіс дәрігері. Ол ұйым­дастыру жұмыстарында жүре алмайды. Мен барлық құжатты қазақша да, орысша да еркін толтыра беремін. Хаттарға қазақша таза жауап бере аламын. Шетелдік әріп­тестермен ағылшынша сөйлесемін. Емхана ішінде өзімнің шағын кітап сөрем бар. Ол жерде әлем жазушыларымен қатар қазақ тіліндегі кітаптар да тұр, – дейді   біздің кейіпкеріміз. 

Тіс емханасындағы кітап сөресіне Орхан Абайдың кітаптарын қойып қойыпты. Абайды, Әуезовті сүйіп оқитынын айтады. 

– Мен Хамза Есенжановтың «Ақжайық» романын оқыдым. Соны оқыған кезде Оралдың әр көшесінен кітаптағы кейіпкер­лерді іздейтін едім. Құдды маған алдымнан кездесіп қалатындай әсер беретін еді. Кейін Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романын оқып шықтым. Ауырлау кітап болды. Бірақ оқып аяқтадым. Қазір көбіне ағылшын тіліндегі кітаптарды оқуға тырысамын. Себебі тілді жаттықтырып отырмасаң, ұмытып қаласың, – дейді ол. 

Орхан қазір ата-анасымен Орал қаласында тұрып жатыр. Оралға көшіп келгеніне де 25 жыл болған. Ата-анасы да түрік азаматтары. Ол өз атажұрты Түркияда бір-ақ рет болыпты. Орхан жалпы түркітілдес ұлттарға тән дәстүр, жоралғы, діни ырым-тыйымның бәріне қызығушылықпен қа­райды. Әркім өз шыққан тегін білуі керек деп есептейді. Орхан Насибаев отбасында өз дәстүрлерін ұмытпай жалғастырып отырғанын айтты. 

– Иә, біз отбасымызда кәдімгі түрікше өз дәстүрлерімізді ұстанамыз. Анамыз үйде ұлттық тағамдарымызды дайындап, дастар­қан жаяды. Отбасымызбен түріктің таңғы асын дайындап ішеміз. Және отбасымыз­бен түрік мейрамханаларына барып тұра­мыз, – дейді Орхан Насибаев.

Қазақ халқы «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп текке айтпаған. Өзге тілді білу адамның таным көкжиегін кеңітуге көп ықпал етері сөзсіз. Біздің кейіпкеріміз Орхан да соған көзі жеткен жастың бірі. Түрлі тілді меңгеру арқылы түрлі өркениетпен танысып, мәдениетін зерттеп жүр. Орханның жалғыз мақсаты – қанша тіл меңгерсе де ана тілінен, ата дәстүрден алыстамау, ежелгі көне түркі мәдениеті мен дәстүріне берік болып қалуды көздейді. 

Орхан өзі Әзербайжанның Исмайыл қаласында дүниеге келген. Қазір эстетикалық тіс емханасының директоры. Оның осы қызметке келуіне де сол көп тіл білгені, таным көкжиегінің кеңдігі себеп болған. 

Орхан тілді өзі ғана меңгеріп қоймай, бала оқытып, тіл үйренуге деген ниеті барларға көмектесіп жүр. Ол қазір қолы бос уақытта түрік, ағылшын тілдерінен сабақ береді. 

– Мен тіл арқылы көзқарасымды дамытып отырмын. Көп тіл білу арқылы шетелдік компаниялармен еркін жұмыс істеймін. Соны айналамдағы жастарға түсіндіруге тырысамын. Мен бір кездері мұғалім болып та жұмыс істедім, – дейді Орхан Насибаев. 

Орхан Насибаев – қоғам белсендісі. Ол Орал қаласында өтетін барлық қоғамдық шараға белсенді қатысады. «Алған біліміңді біреумен бөлісу –парыз» дейді біздің кейіпкеріміз. Оны тіл білгісі келетін жастар жиі іздейді, осылайша олар жаңа орта қалыптастырып, тіл үйренеді. 

Орхан кітапты үзбей оқиды. Ол білімге құштар. Өзі білімді, қарапайым, кішіпейіл азамат. Бар білгенін ортасына үйретуге тырысады. Себебі  «білімнің зекеті – үйрету» дейді біздің кейіпкеріміз. 

Өз ана тілінде жетік сөйлейтін, мем­лекеттік тілді жақсы меңгерген Орхан На­сибаевтың мақсаты – биік. Ол болашақта араб және қытай тілдерін меңгергісі келеді. 

Біз кейіпкеріміздің жаңа бастамасына сәттілік тіледік. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы