Кезінде экран арқылы көрерменге жол тартқан туынды енді кітап болып басылып, Алматыдағы Ұлттық кітапханада оқырманға таныстырылды. Туынды «Атамұра» баспасының қолдауымен жарық көріп отыр.
– Мемлекет басшысының бастамасымен кейінгі жылдары әдебиет, мәдениет және білім саласында көптеген маңызды жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Осы бастаманы қолдау мақсатында «Атамұра» корпорациясы да жаңа кітаптарды жарыққа шығарып, оқырманға ұсынып келеді. Сондай құнды еңбектердің бірі – «Махаббат бекеті». Талғат ағамызбен ақылдаса келе, шығарманы кітап етіп шығарып, оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Туындыдан автордың ел мен жерге, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына деген көзқарасын, өмір шындығын аңғаруға болады, – деді «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Құл-Мұхаммед.
Автор туындыда кейіпкерлердің қуанышы мен өкінішін, үміті мен сағынышын суреттей отырып, оқырманды олардың ішкі әлеміне үңілуге шақырады. Өмірлік таңдау мен тағдырдың түрлі сынағы арқылы адам болмысының күрделі қырларын ашады. Кейіпкерлердің жан толғанысы арқылы оқырман өз өміріндегі таныс сезімдерді, айтылмай қалған сөздерді немесе уақыт өте мағынасы өзгерген естеліктерді еске түсіруі мүмкін.
– Кино мен кітаптың айырмашылығын оқырман мен көрермен жақсы түйсінеді деп ойлаймын. Өйткені екеуі де мен үшін бірдей қымбат. Бірі оң қолым болса, екіншісі – сол қолым. «Махаббат бекеті» әуелі кітап болып жазылды. Повесть жарық көргеннен кейін 1993 жылы оны экранға шығардық. Кітаптың тұсаукесеріне ұйытқы болған «Атамұра» корпорациясына алғысымды білдіремін. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген жақсы сөз бар. Сол айтқандай, Рақымғали бауырым кейінгі жылдары жазған әңгіме-повестерімді жинақ етіп, оқырманға ұсынып отыр. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, – деді театр және кино режиссері, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.
Кітаптың атауы да оқырманды ойға жетелейді. «Махаббат бекеті» бір сәтке тоқтап, өткенге көз жүгіртетін, сезім мен сағынышқа қайта оралатын мекендей әсер қалдырады. Адам өмірінде де осындай аялдамалар аз емес. Бірі жаңа үмітке жол ашса, енді бірі жүректе мәңгі сақталатын естелікке айналады.
– Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағын оқып шықтым. Шыны керек, үлкен әсерге бөлендім. Әсіресе, жинақтағы «Гүлназ» («Махаббат бекеті») атты хикаяттың әсері ерекше болды. Біз Талғатты бұған дейін кинорежиссер ретінде танып-біліп келген едік. Ал тамаша прозасын оқып шыққаннан кейін оның пешенесіне жазылған төл өнері – жазушылық екенін көрдік. Прозаик ең алдымен сөз дәмін сезеді. Прозашы Талғат сөз дәмін сезеді. Қазақтың қара сөзінің қадірін кетірмейді. Керісінше, аялап әспеттейді. «Гүлназ» соның нәтижесінде қазақ әдебиетіндегі қайталанбас өнер болып өмірге келген. Жақсы әдебиеттен қашанда жақсы кино шығады. «Махаббат бекеті» – соның айғағы. Кинорежиссер Теменовтің туын желбіреткен кинотуынды, – деді Халық жазушысы Смағұл Елубай.
Аталмыш жинаққа «Гүлназ», «Көктем шықса, көкек келер» атты екі повесть пен «Либерти», «Папасының қызы», «Көке бала» сынды әңгімелер енген. Туынды 2 мың данамен басылып шықты. Жиын барысында жаңадан жарық көрген кітап Ұлттық кітапхананың қорына сыйға тартылды.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы