in

Күйді насихаттаудың үш бағытын қалай жүзеге асыру керек?

Бұл дәстүр атадан балаға, ұстаздан шәкіртке жүздеген жыл, ондаған ғасыр бойы жалғасып, біздің заманымызға жетіп отыр. Қашан да күй мен күйші абыройы асқақтап, елге сыйлы, аса зор құрметке ие болған. Уақыт өте келе түрлі оқиғалар мен заманның құбылуынан бірте-бірте бұл үрдіс кері айналды. Бүгінде халық арасында күй болсын, күйші болсын аса танымал деп айта алмаймыз. 

Танымал болудың бірнеше жолы бар. Әуелгісі бұқаралық ақпарат құралдарынан күндіз-түні күй мен күйді насихаттау. Бүгінде эстрада жұлдыздарының аса танымал болуының бірден-бір себебі – осы. Ендігі бір жол – арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындау. Мысалы, барлық қоғамдық орындарда күйді аудио дыбыс күшейткіштер арқылы баршаға тыңдатып, мектеп пен ЖОО арасында үздіксіз күйшілермен кездесулер ұйымдастырып отыру. Дегенмен осы жұмыс жасалса да істің нәтижесі көңіл көншітпейтініне сенімдіміз. Өйткені бүгінде күйді қабылдау өзге деңгейде. Біздің ойымызша, күй мен күйшіні насихаттау жолын арнайы үш бағытқа бөліп, аталмыш бағыттар бойынша жеке-дара жұмыс істеу керек. Осы бағыттарға арнайы тоқталып өтпекпіз. 

Бірінші бағыт – ата күйлерімізді насихаттау. Ата күйлерге жатқызып отырған күйлерді ғалымдар «дәстүрлі күйлер» деп атайды. Дәстүрлі күйлер деп байырғы күйдің сарыны сақталған, бірнеше ғасыр өтсе де алғашқы мәнерін жоғалтпаған туынды. Яғни, дәстүр – бірнеше рет қайталанып тұратын амал болса, дәстүрлі күй – уақыт өтіп, заман өзгерсе де түпнұсқалық кейіптен айнымаған музыкалық шығарма. Ата күйлердің қатарына  Дәулеткерейдің «Жігері», Құрманғазының «Ақбайы», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» сияқты көптеген туындыны жатқызуға болады.

Ендігі мәселе – бұл күйлерді қалай насихаттамақпыз? Біздіңше, оның бір ғана жолы бар. Жоғары арнайы музыкалық оқу орындарында ата күйлерді баз қалпында орындатуға бейімдеу. Шындығында, бүгінгі күй оқу бағдарламасын орындау үшін көптеген бірегей күйлердің өзіндік дәстүрлі ерекшеліктері еленбей қалып жатады. 

«Бүгінде күйді жақсы орындау жалпыға ортақ деңгейге айналды. Күйші көп. Бірақ мәнер аз. Қазақтың бүкіл орындаушылық өнері бірнеше ғана стильдің маңайына топтасып отыр. Кейбір музыкалық оқу орындарының ұстаздары осы азғантай стильдің өзін азайтқысы келіп тұрады. Күй орындау унификацияланды. Бұрынғы ұшан-теңіз дыбыс байлығы бүгінде ұқсас домбыра, бір-бірінен айнымайтын мәнердің төңірегінде ендігі өлудің аз алдында тұр», – деп Таласбек Әсемқұлов жазып кеткен еді. 

Көріп тұрғанымыздай, бір мәнерде күй тарту арқылы өзге күйшілік мектептің орындау ерекшелігін жоғалуымен пара-пар. Әр мектептің өзіндік күй тарту ерекшеліктері бар. Мысалы, Құрманғазы күйлерінде оң қол құлаш сермей тартылса, Дәулеткерей күйлері керісінше аса ұқыптылыпты қажет етеді. Арқа күйшілік мектебінде негізінен шертпенің қара қағыс түрі кездессе, Шығыс Қазақстан күйшілік мектебінде «ілме қағыс, терме қағыс, сол қолда кездесетін тайғанақ әдіс, ысырма әдіс» (Ж. Жүзбай айтпақшы) сияқты өзіндік ерекшеліктері бар. Егер де ата күйлерде кездесетін орындау дәстүрін сол қалпында сақтайтын болсақ, бұл бағыттағы насихаттау міндеті орындалды деген сөз.

 

Екінші бағыт – қарапайым халықтың күйді тыңдату, білімін арттыру, таныту жұмыстары. Бір ақпарат келесі сағатта өз маңыздылығын жоғалтып отыратын қазіргі уақытта дәстүрлі музыкадан хабары жоқ адамға ұлттық дүниені түсіндіріп жату қиынның қиыны. Ол адам күй туралы білем десе де, білімі төрт-бес күй атауынан аспайды. Жүрген жерімізде сұрап жүретін бір сұрақ бар. «Қандай күйлерді  білесіз?». Естіген жауаптарды саралайтын болсақ, шамамен келесі күйлерді ғана атай аламыз: «Адай» мен «Балбырауын» (Құрманғазы), «Көңіл толқыны» (С.Тұрысбек), «Ерке сылқым» (Ә.Желдібаев), «Көроғлы» (Дәулеткерей). 

Күй зерттеуші, тарихшы ғалымдардың пікірі әртүрлі. Бірі 5 000-ға жуық күй бар десе, екінші топ күй саны 10 мыңнан асады дейді. Біздіңше, қазір күйлердің саны маңызды емес, маңызды дүние – қарапайым халықтың күй туралы білімін арттыру. «Қазақтың мың күйі» жинағындағы күйлердің он пайызына жуығын білсе, күй тыңдарманының болашағы туралы алаңдаудың қажеті де болмас.

Осы бағыттағы екінші мәселе де бар. Ол – күйді «көзбен тыңдатуды» азайту. Үлкен сахналарда, той-томалақтарда «шоу күйлердің» көптеп тартылып жүргені ақиқат. Он жылдай бұрын күйді насихаттаймыз деп қолды арлы-берлі сермеу әдістері бар шығармаларды көптеп орындаған. Бүгінде бұл індетке айналып, әрбір мерекелік концерттерде міндетті бағдарламаға айналды. Егер бұл үрдіс әрі қарай жалғаса берсе, «көзі жанып, кеудесі сезімге толып, рақаттана» күй тыңдайтын тыңдарманнан мүлдем айырыламыз. Яғни, «Балбырауынды» балбыратып, «Ерке сылқымды» сылқылдата орындай күй тыңдармандарын сақтап қалуымыз қажет.

 

Үшінші бағыт – шетел адамдарына күйді насихаттау. Ең қиын бағыт – осы. Өзге ұлттың адамы үшін ата күйлерді насихаттай алмаймыз. Тыңдағанымен түсіне қояды дегенге күмәніміз бар. Оған кінәлі де өзіміз. Әлемдің деңгейдегі Құрманғазы мен Тәттімбет күйшілерді Моцарт пен Бетховен дәрежесіне шығара алмай жүрміз.

Біздің ойымызша, үшінші бағытты бірнеше кезеңге бөлу қажет. Алғашқы кезең – домбыра, қобыз, сыбызғы аспаптарын таныстыру. Түрлі әлемдік жиындарда елшіліктер мен консулдықтардың көмегімен ұлттық музыкалық аспаптардың насихаттау жолдарын қарастыру қажет. Олар туралы қысқаша сипаттамалық ақпараттық қағаздар, қысқа таныстыру видеороликтерін дайындау арқылы жалпы танымалдылыққа ие болуға үміт бар. 

Екінші кезең – аталмыш аспаптардың үнін таныстыру. Мысалы, скрипканың сызылған дауысын кез келген адам айнымай таниды. Бірінші кезеңдегі тәсілдер арқылы домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен жетігеннің үнін әлемдік танымал әуендерді жазып, шетелдіктерге ұсыну керек. Үшінші кезең – күйді насихаттау. Бұл ретте кез келген күй емес, арнайы таңдалған он шақты күйді ғана іріктеп, барлық шетелдік іс-шараларда осы күйлерді насихаттай беру. Біздің міндет – таңдалған күйлерді Бетховеннің «Элизаға», Моцарттың «Түрік маршы» шығармасы сияқты әлемдік деңгейдегі танымалдылыққа жеткізу.

 

Қазақтың дәстүрлі күй өнері сан ғасырлық тарихы болғанымен, жаһандану уақытында арпалыс үстінде тұр. Аспаптық музыкада цифрлы сүйемел пайдалану, тіпті аспаптың өзін электронды түрге айналдыру өте көп кездесіп жатыр. «Заман талабы» деп ақталғанымызбен, бұл істер дәстүрлі музыкаға өсу алып келетінін немесе өшу алып келетінін тек алдағы уақытта ғана көрмекпіз. Ұлттың ұлт ретінде сақталудың бір жолы – оның ұлттық музыкасы төлтумалық қасиетінен айырылмауы болғандықтан, күйдің насихатына көп көңіл бөлуіміз қажет. Осы мақала барысында ұсынылған үш бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс атқару арқылы күй өнеріндегі шешілмей жүрген бірқатар мәселелердің жауабы табылатыны сөзсіз.

 

Бұған дейін Күй мен кюйді ажырата аламыз ба?  деген мәселені жазған болатынбыз.  

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі