in

Командалық айтыс өз мәресіне жетті

Жыр аламанына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қи­лыбай, «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры ­Ер­кебұлан Жаулыбаев және «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова арнайы қатысты.

Өз кезегінде, аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірінде ұйымдастырылған рес­публикалық командалық айтыстың мәні мен маңызына тоқталды.

«Бүгін қасиетті Маңғыстау топырағында халқымыздың ұлы мұрасы саналатын айтыс өнерінің үлкен думаны өтіп жатыр. Екі жыл бойы еліміздің барлық аймағын қамтыған «Командалық айтыс» жобасы өз мәресіне жетіп, ақтық сайыс дәл осы жерден түркі мә­дениетінің төрінен бастау алып отыр. Осы өнер мерекесі­нің Маң­ғыстауда өтуі – біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе. Бабалар ама­натын көздің қарашы­ғындай сақтап келе жатқан Маңғыстау халқы әуелден қонақжай. Бұл сахнада кім жеңсе де, бәрі қазақ­тың баласы, бәрі бауыр. Сондық­тан бүгінгі ала­ман айтыста бәріңізге сәттілік тілей­мін!» – деді облыс әкімі. 

Өнер додасын Мәжіліс депу­таты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Осылай­ша, сөз сайысында сүре, түре, қайым және өтірік өлең сынды айтыс түрлері қайта жаңғырып, дәстүрлі ән әуеледі. Сондай-ақ жыр-терме орындалып, күмбірі бөлек күй шалқыды.

Ақындар сүре мен түре айтыс барысында қоғамдағы өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, өтірік айтыс пен қайым айтыс кезінде қағытпа қалжың арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жыршылар домбыра күмбірімен және қобыздың қоңыр үнімен қазақтың тарихи жырларын орын­дап, жиналған жұртшылықтың шынайы ықыласына бөленді. Бұл ретте, домбырашылар күй тартысқа түсіп, шеберліктерін сынады. Бұған қоса, ақтық сайыс аясында еліміздің әр өңірінен жиналған «Қазақстан» құрамасы мен жергілікті «Маң­ғыстау» командасы жолдастық кездесу өткізді.

Республикалық командалық айтыста Сенат депутаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп, белгілі жырау Ал­масбек Алматов, Қазақстанның Халық әртісі, күйші Айгүл Үлкен­баева, әнші Айгүл Қосанова, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қалқаман Сарин қазылық етті.

«Көнеден жеткен сүре, түре, қайым, өтірік өлең сияқты айтыс түрлері қайта жаңғырып, көрермен жүрегіне жол тапты. Әр команда тек суырыпсалма өнерімен ғана емес, өз өлкесінің сазын, мақамын, болмысын ала келді. Қарағанды мен Түркістан – екеуі де өнердің ордасы, жыраулық және әншілік мектебі терең аймақ­тар. Қос өңірдің өнерпаздарын бір-бірінен үстем деу қиын. Бұл жолы жеңімпаз – қазақ айтысы, қазақтың сөзі мен сазы. Біз осындай жобалар арқылы рухани мұрамызды кейінгі ұрпаққа аманаттап отырмыз. Бастысы – ха­лықтың көкейіндегі мәселе де айтылды, ұлттық сана да жаңғырды. Бұл – бүгінгі күннің үлкен жеңісі», – деді қазылар алқасының төрағасы Нұртөре Жүсіп.

Екі жылға созылған республи­калық командалық айтыс нәти­жесінде Қарағанды және Түркістан облыстарының командалары тең түсіп, 1-орынды бөлісті. Ал 2-орын Астана қаласы мен Ақтөбе облы­сының командаларына бұ­йырды. Жүлделі 3-орынды Қы­зылорда және Солтүстік Қазақстан об­лыс­та­­­­рының командалары қанжы­ғалады.