in

Кинематографиядағы серпіліс

Фестиваль шымылдығын Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қол­дауымен түсірілген «Шатырдағы екеу» фильмі ашты. Фильмді фестиваль аясында продюсер Әлия Шәріпбаева таныстырып, шығармашылық кездесу өткізді. Продюсер түсірілім процесі туралы әңгімелеп, көпшілік сұрақтарына жауап берді.

«Шатырдағы екеу» фильмі – Гүлшат Смағұлованың алғашқы режиссерлік жұмысы. Картина тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достықты баяндайды. 

Фестиваль аясында француз күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов туралы баяндайтын «Қажымұқан» фильмі де көрсетілді. Ол – халықаралық, Ресей және бүкілодақ чемпионаттарында аса ауыр салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, елуге жуық медаль иеленген тарихи тұлға. 

Айта кетейік, «Каракуз фильм» – көрерменнің өзі қазылық ететін жеті күндік кинофестиваль. Байқау бағдарламасында алты номинация қарастырылған. Атап айтсақ, «Үздік көркем фильм», «Үздік деректі фильм», «Үздік анимациялық фильм», «Үздік қысқаметражды фильм», «Балалар көзайымы жүлдесі», «Каракуз фильм» Гран-приі және бес арнайы жүлде табыс етіледі.

Фестивальге қазақстандық фильмдердің қатысуы ұлттық кинематографияға деген қызығушылықты көрсетіп қана қоймай, оның халықаралық мәдени кеңістіктегі маңызын да айшықтайды.