Танымал қазақстандық диджей әрі продюсер Imanbek (Иманбек Зейкенов) 26-шы Latin GRAMMY Awards сыйлығының номинанттары тізіміне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Латын Америкасының жазба музыка академиясы ресми хабарлап, премияның ресми сайтында толық номинанттар тізімін жариялады.
Павлодарлық музыканттың аргентиналық әнші Taichu-мен бірлесіп жасаған Ella Quiere Techno туындысы Best Latin Electronic Music Performance («Үздік латын электрондық музыка орындауы») категориясына енген.
«Latin GRAMMYs номинанттарын жариялау біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – қазіргі латын музыкасын қалыптастырып жүрген орындаушылардың, продюсерлердің, ән авторлары мен инженерлердің еңбегін мойындау», – деп мәлімдеді Латын Америкасы жазба музыка академиясы.
Сыйлықтарды табыстау рәсімі 13 қарашада Лас-Вегастағы MGM Grand Garden Arena сарайында өтеді.
Еске сала кетейік, Иманбек 2021 жылы америкалық рэпер SAINt JHN-нің Roses трегіне жасаған ремиксі үшін GRAMMY сыйлығын жеңіп алды. Осылайша ол GRAMMY-ге ие болған Қазақстаннан шыққан алғашқы музыкант атанған болатын.