in

«Жігіттерге Дарханның өмірі — үлкен сабақ…»: танымал актер Дариға Бадықованың экс-күйеуін қолдады

Танымал актер Бақыт Тушаев актриса Дариға Бадықованың экс-күйеуі, актер Дархан Мұсаевқа қолдау білдірді, – деп жазды Aikyn.kz.

Ол Дархан Мұсаев әріптесі әрі досы екенін айтты. Сонымен қатар ол жұрт ойлағандай табыс таппайтын азамат емес екенін атап өтті.

«Қоғамда әр күн сайын бір мәселе туындап жатады. Күн сайынғы алып-қашпа әңгіменің бірі дерсің, бірақ бұл жолы жазуға тура келді. Мен Дарханды сонау студент кезден білем. Ол менен бір жыл кейін марқұм Болат Атабаевтың курсына түсті. Первашым ғой. Жатақханада тұрдық. Дархан — адал дос, ақкөңіл азамат. Өте талантты жігіт. Театрға беретінін әлі толық бере алмай жүр, бірақ асабалық өнері де мықты. Студент кезінен-ақ табыскер болатын. Ең бастысы, көше төбелесінде досын тастап кетпейтін, жігіттің төресі еді. Қазір қоғамда әкенің орны, отағасының беделі, еркек бақыты деген ұғым өшті. Бәрі әйелге қатысты дүние болып кетті. Еркектердің де кінәсі бар, әрине. Бірақ ер мен әйел тең қаралмайды. Баланы бала бақшада да, мектепте де әйел тәрбиелейді. Ал әке ұғымы жойылып барады. Дарханның Нұрсейітке берген сұхбаты — тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның айнасы. Ақтап жатқандар мен даттап жатқандар екіге бөлінді. Мен Дариғаны да білем, талантты қыз. Махаббаттары студент кезден басталған. Ол сұхбатқа шығуға іштегі запыранын төгу үшін барды. Әркімнің өз шындығы бар. Ол да өз шындығы жолында құрбан болды. Мүмкін, сол сұхбат болмағанда өз-өзіне қол жұмсар ма еді кім білсін…Екеуі 16 жыл бірге өмір сүріпті. Балалары болмаса да, отбасын сақтап қалу үшін қандай сабыр керек десеңші. Қазір бес жыл бала көтермесе, келінді кінәлап шығарып салады. Ал Дархан он алты жыл бойы Дариғаны кінәламай, қорғап өтті. Бұл — еркектің нағыз сабыры мен адалдығы», – дейді ол.

Актер қазір қоғамда түрлі жайт әйелдердің санасын улап жатқанына қынжылды.

«Қазір әйелдерге арналған тренинг, коуч, мотивация көп. «Ата-енеңді тыңдама, күйеуіңнің шұлығын жума, мотивация бермесе, ажырас» деген кеңестер қоғамды улап жатыр. Ер адам табыс тапса — отбасы үшін, әйел табыс тапса — өзі үшін дейді. Бұл да дұрыс емес. Дархан — жақсы жігіт. Бір отбасын асырап алып жүре алатын азамат. Мәселені бір жақты қарамайық. Ал жігіттерге Дарханның өмірі — үлкен сабақ. Дариғаның да өмірінде, шығармашылығында жолы болсын. Ал Дора, (біз оны солай атаймыз) айтарыңды айттың. Енді еңсеңді көтер, басыңды тік ұста, театрыңа қайта орал. Сенің екінші тынысың енді ашылады. Өміріңнің жаңа парағы басталсын. Өткенің — сабақ, болашағың — үміт. Бұлттың артында күн барын ұмытпа», – дейді Бақыт Тушаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.