in

Бішкекте түркітанушы ғалымдар Махмұд Қашқари мұрасын талқылады

Аталған шараны Түркі академиясы Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесі жанындағы Түрік тілі қоғамымен бірлесіп, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының қолдауымен ұйымдастырды.

Конференцияның ашылу салтанатына Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Бекжан Супаналиев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Түрік лингвистикалық қоғамының президенті Осман Мерт, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Өджал Оғыз және Қырғыз-түрік «Манас» университетінің ректоры Алпаслан Джейлан қатысты.

Басқосудың мақсаты Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрк» атты еңбегінің тарихи маңыздылығын талқылау болып саналады. Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия елінен келген түркітанушылар автордың өмірбаяны, «Диуани лұғат-ат-түрк» туындысының жазылу мақсаты, шығарманың тілі, сонымен қатар еңбекте қамтылған тарихи-этнографиялық мәліметтер мен әдеби материалдар секілді ғылыми мәселелерді талқылады. Әсіресе, шығарманың аудармалары мен зерттеулеріне және оның түркі тілдерінің тарихын, қазіргі диалектілерді, әдебиетті, этнографияны, салыстырмалы тіл білімін зерттеудегі маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев XI ғасырда жазылған Махмұд Қашқаридың шығармасы түркі халықтары мен тайпаларының әлеуметтік құрылымын, географиясын, тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімдерін, мифологиясын және халық әдебиетін қамтитын түркі энциклопедиясы екенін атап өтті. Сондай-ақ, Ш.Мұстафаев «Диуани лұғат-ат-түрктің» түркі халықтары интеграциясының ғылыми-мәдени негізін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.  

Бұл жиын осы саладағы жаңа зерттеулердің көкжиегін кеңейтеріне сенім білдіремін, – деді Ш. Мұстафаев. 

Конференция түркітанушыларға Махмуд Қашқари мұрасын терең талқылауға және өзара пікір алмасуға еркін алаң қамтамасыз еткен интерактивті пікірталас пен презентация форматында өтті. Осылайша, қатысушылар басқосудың түркі мемлекеттерінің ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастығын нығайтудағы маңыздылығын ескерді.