in

Бес студенттің арманы – бүгінде түркі әлемінің музыкалық бренді

2008 жылы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетінің бірнеше студенттері бас қосып, жаңа бағыт, жаңа стиль, ешкімге ұқсамайтын  заманына лайық топ құруды ұйғарды. Әрине, ол кезде бұл – арман, тарих бетіне таңбаланатынын ешқайсысы да білмеген еді.

Бұған дейін «Сарын», «Сазген» сияқты халықтық музыка ансамбльдерінде, сондай-ақ «Құрманғазы» және «Отырар сазы» секілді кәсіби оркестрлер құрамында тәжірибе жинақтаған, республикалық әрі халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанған консерватория студенттерінің тың идеясы жаңа заман талабына сай, ерекше стильдегі музыкалық ұжымның дүниеге келуіне түрткі болды.

Жаңа топ құруды мақсат еткен жастар өздерінен бұрын өнер көрсеткен «Мұрагер», «Сазген», «Алтынай», «Адырна», «Сарын» тәрізді ансамбльдердің орындаушылық стилін, репертуарын, сахналық киім үлгілерін мұқият зерттей отырып, бұрынғыны қайталамайтын, дара болмысты ансамбль қалыптастыруға ұмтылды. Болашақ ұжымның нақты бағыты мен көркемдік концепциясы әлі айқындалмағанымен, төрт жігіт пен бір қыз бірігіп, ұлттық аспаптарын қолына алып, шығармашылық дайындықтарын бастап кетті.

Алғашқы кезеңде олар да бұрынғы репертуарға сүйеніп, дәстүрлі шығармаларды орындаумен шектелді. Алайда көп ұзамай «Адай», «Көңіл ашар», «Сарыарқа» секілді жиі орындалатын шығармаларды қайталаудың жаңашыл топ үшін жеткіліксіз екенін ұғынып, өз жолдарын іздеуге бет бұрды. Өйткені мұндай күйлерді кез келген ансамбль орындай алады, ал олардың мақсаты – өзіне ғана тән стилі бар, ұлттық мұраны заманауи эстетикамен ұштастыра білген ерекше өнер ұжымы болу еді.

Консерваторияда күзетшілер шығарып жібергенше түнімен дайындалатын жігіттерге күнде жаңа ой келеді. Біріне ұнаса, екіншісіне ұнамайтын әрекеттер өздерін де шаршата бастайды. Ансамбльдің белді мүшесі Мақсат Медеубек бірде: «Аға, қазір ғой бәрі оп-оңай, жап-жақсы болып көрінетіні, ал кезінде бір-бірімізбен ренжіскенде, «көрмегенім сендер болсын» – деп,  кететін кездер де болған. Ұлттық музыкаға деген махаббат, жаңа идеяға деген сенімділік екі-үш күннен кейін-ақ басымызды қосатын» деген еді. Міне, ортақ идея-ортақ іске, ортақ іс әлемдік деңгейге көтерді.  

Кез келген жаңалыққа жатырқай қарайтын жұртшылық, жастардың бұл ансамбльілін де жерден алып, жерге салған да еді. «Қай атаң көмей тілді қозғап гүрілдейтін еді», «Мынадай киімді қазақтар кимеген», «Мына аспап қазақтыкі емес» деген сын мен пікірдің талайын естіген жігіттер бәріне де шыдап бақты, мойымады, сағы сынбады. 

Бүгінде «Түркінің ортақ – Тұраны», «Тұран – әлем ансамблі», «Түркі дүниесінің музыкалық бренді» атанып жүрген «Тұран» тобын кез келген түркі елдері өздерінің төл ансамбліндей қарсы алады. Оған негізде жоқ емес.

Тұран тобы отыздан аса түрік халықтарының музыкалық аспаптарын пайдаланады. Топтың әрбір мүшесі кемінде бес-алты аспапты еркін меңгеріп, орындайды. Қазақтың шертпелі музыкалық аспаптарына назар салайық: Домбыра, шертер, шіңкілдек, үш шекті домбыра, барбыт, жетіген т.б. қырғыздың-қомызы, түріктің бағламасы т.б. Ысқышты аспаптар қылқобыз, нарқобыз, қырғыздың қыл-қияғы, әзірбайжанның-кеманчасы. Үрлемелі аспаптар сыбызғы, сазсырнай, уілдек, қырғыздың чопачоор, түріктің зурнасы, башқұрттың хайраны т.б. Ұрмалы аспаптар даңғыра, дауылпаз, тайтұяқ, қоңырау, күн басты асатаяқ, түріктің-дарбукасы, әзірбайжанның-даф аспабы, австралия аборигендерінің-сусылдыры. Тілшелі аспаптар шаңқобыз, қырғыздың-темір комузы, татарлардың-кубызы, якуттардың-хомусы, алтай халқының-комусы т.б. 

Бұл, мен санаған аспаптар ғана. Мен білмейтін тағы да көптеген аспаптары бар екені анық. Бір қызығы Тұранның мүшелері жоғарыда айтылған аспаптарды консерваторияда немесе оған дейін оқыған музыкалық оқу орындарында үйренбеген. Қажеттіліктен, қызығушылықтан және үлкен еңбекпен келген шеберлік. 

Осы орайда Тұран тобының қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын танып, біліп, насихаттауда еңбегі ерен екенін айту ләзім. Музейде тартылмай тұрған аспаптарды тірілтіп, алдымен қазақтың өзіне, одан кейін әлемге таныстырып жүрген Тұран тобына қанша алғыс жаудырсақ та артық болмас.  

Бірде, ансамбльдердің конкурсында қазылар алқасының мүшесі болып отырғанымда, қолына кәдімгі мүйіз ұстаған жеткіншекті көрдім. Ойыма бірден «көрнекілік үшін ұстап тұр» деген сенімсіздік пайда болды. Әлгі баланы қасыма шақырып алып, «Мынау не аспап?, дыбыс шығарып көрші» дедім. Аспабын аузына тақаған бала, ойнай жөнелді. Шынымен таңырқап, қайдан үйрендің? дегеніме, «Тұран» ансамблінен үйрендік – деп, тақ ете қалды. Бұл, жоғарыдағы аспаптар тізіміне кірмеген мүйіз сырнай болатын. 

Тұран ансамблінің ізбасарлары өте көп. Мұны да сол ансамбльдер конкурсында байқадым. Әсіресе, жас балалардың сәби үнімен «Бөлінгенді бөрі жейді. Бірігіңдер, бірігіңдер!» деген, Тұранның ерекше туындысын естігенде еріксіз көзге жас келеді. Қызық. Бүгінде, әркім қара басын күйіттеп, туған ағайынды бауырлардың басы қосылмай жүргенде, мына жастар әлемге «Бірігіңдер, бөлінгенді бөрі жейді» деп жатыр. Тыныштық бейбітшілікте, бейбітшілік тек бірігуде екенін бәріміз білсек те, бірігуге қайсымыз қадам жасап жатырмыз?

Тұран ансамблінің аспаптарды кәсіби түрде меңгергеніне қоса, жалпы түрік халықтарына ортақ көмей тілді қозғай ән айтуды керемет меңгергенін байқаймыз. Қазақ елінің тек Сыр бойында ғана сақталған бұл үрдістің «Маңырама», «Боздама» деген үлгілері болған. Салыстырмалы түрде «Маңырама» жоғарғы регистрде орындалса, «Боздама» төменгі регистрді қамтыған. Түрік халықтарының ән айтудағы бұл көне дәстүрі бүгінде Якуттарда жақсы сақталған. Якуттар бұл дәстүрді Сығыт, Хоомей және Қарғыраа деп атайды. Сығыт – жоғарғы, Хоомей – ортаңғы, Қарғыраа – төменгі регистрлерді қамтиды.

Міне, қазақ жігіттері құрған «Тұран» ансамблін бүкіл түркі жұрты сүйсіне тыңдап, тамсана қол соғатынына таңдануға болмас. Кәсіби шеберліктері шыңдалған, өресі биік, талғамы ерекше бұл топтың репертуарында кісі қызығарлықтай. Музыкалық композицияларының барлығын дерлік өздері жазатындары да таңдандырмай қоймайды. 

Әлемнің 70-тен астам елінде, 122-ден аса қаласында ең таңдаулы, ең беделді сахналарда 3000-нан аса концерт берген, көптеген халықаралық байқаулар мен фестивальдерде үздік шығып, шетелдік кинофильмдерге саундтректер жазып, көптеген музыкалық альбомдар шығарған «Тұран» ансамблін шын мәнінде «Әлем ансамблі», «Түркі дүниесінің үні» деп атау – әділетті баға.

Бұл ұжым тек қана ұлттық музыканы танытып қана қоймай, оны заманауи өркениет кеңістігіне лайықты деңгейде алып шығып, қазақ өнерінің абыройын асқақтатып келеді. «Тұран» – дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысынан туған көркемдік феномен. Ендеше, осындай рухани байлығымыздың жаршысы болып жүрген өнер иелерінің жолы әрдайым ашық, шабыты шексіз, абыройы асқақ болғай!

Тоқжанов Төлепберген Төреахметұлы 

Құрманғазы ат. Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры