«Бұл қайдан келді?» деген сұраққа мақтанышпен «мына ұлым бәленбай жерден орын алды, анау қызым түгенбай байқаудан бас бәйгені жеңді» деп айтады. Әрине, ата-ана үшін перзентінің жетістігі – зор қуаныш. Оған ешкімнің таласы жоқ. «Озамын, озат боламын» деген баланың бетінен кім қақсын? Десе де, бұл жерде «таяқтың екінші ұшы бар» екенін ұмытпайық. Бүгінгі әңгіме сол жайында болмақ. Нақты айтсақ, өнер саласындағы коммерциялық балалар байқаулары жайлы сөз қозғамақпыз.
Өнер саласындағы коммерциялық байқаулар соңғы бес жылда көбейгені соншалық, аптасына 2-3 рет өтеді десек қателеспейміз. Ол байқаулардың өту форматы да әртүрлі. Тек қана онлайн өтетіні бар. Іріктеуі онлайн, кейінгі 2-кезеңде белгілі бір жерге шақырып, өнер жарыстыратыны тағы бар. Ал кейбір коммерциялық байқаулар арнайы зал жалдап, дүркіретіп өтеді. Бірақ барлығының бір шарты бар – қатысу жарнасын төлеу. Құны әртүрлі. Аудандық, облыстық, республикалық масштабта ұйымдастыратын байқаулардың қатысу құны шамамен 2 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін. Жарнаға сай ұтатын сыйлықтары да әрқилы. Қарапайым диплом мен медальден бастап, «бас жүлдеміз 100 000 теңге» деп жарнама жасайтындары бар.
Осы ақылы байқаулар керек пе? Осылай жанымызда жүргендерден сұрап көрдік. Бірі керек десе, енді бірі керек емес дейді. Өнер саласында жүрген кәсіби мамандардың өз уәжі бар. Олар «ақша төлеп түрлі байқауларға қатысып, бас жүлделер алып келіп, шынайы жарысқа келгенде оңбай ұтылады. Бұл оқушылардың өз-өзіне деген сенімділігіне әсер етпей қоймайды», – дейді.
Десе де, біздің мақсат – түрлі тараптардың пікірін білу. Сондықтан сөзіміз бен қолымыз жеткендерден пікірін сұрап көрдік. Сол пікірлерді осы жерде ұсынбақпыз. Ал оқырманның өзі ой түйіп, өзіне қажетті шешімдер шығарады деген сенімдеміз.
Әуелі осындай коммерциялық байқаулардың бірнеше ұйымдастырушысына хабарласып, пікірін білдік. Көбі сұраққа жауап беруге құлықсыз екенін айтып, әңгімені жалғастырмады. Тек өзін Әйгерім деп таныстырған замандасымыз өз ойын айтуға келісті.
«Біз жеке кәсіпкер (ИП) ретінде жұмыс істейміз. Өзіміздің жеке өнер мектебіміз бар. Екі-үш жыл бұрын байқауларды мектебіміздің ішінде ғана өткізуді қолға алдық. Домбыра тарту, фортепиано ойнау, ән айту, сурет салу сияқты кішігірім жарыстар еді. Өйткені ата-аналардың сұранысы сол еді. Құр концертке қанағаттанбады. Дипломдар болса деп айтқан соң, мектеп ұстаздары өзіміз әділқазы болып, байқау өткіздік. Бұл күз айы болатын, кейін көктемде тағы да өткіздік. Бірақ қалалық деп айдар тақтық. Шынын айту керек, 30 шақты қатысушының арасында 90 пайызы өзіміздікілер еді, қалғаны Алматының бірнеше мектебінің оқушылары. Осы екі байқау тегін болған соң, келесі жылы ақылы өткіздік. Республикалық өнер байқауы дедік. Онлайн және офлайн деп бөлдік. Осылайша, жылына екі рет өткізіп тұрамыз.
Бізде қатысу құны онлайнға 5 000 теңге, келіп сахнада тартамын десе 10 000 теңге. Қатысушылардың саны әртүрлі. Көбі онлайн. Instagram-да көріп, өздері жазады. Басқа конкурстарды білмеймін, біз ЖК шотына Kaspi Pay арқылы ақша жинап, кейін соның салығын төлеп отырамыз.
Біз мысалға әрбір қатысушыға арнайы диплом жібереміз. Басқалар WhatsApp арқылы pdf-пен береді екен, біз «Қазпоштаға» барып, қағаз дипломды өздері айтқан мекенжайға жөнелтеміз. Бұл онлайн қатысушыларға. Яғни, олар біздің ресми Instagram-да жарияланады және арнайы дипломға ие болады. Ал келіп қатысатындарға тағы қосымша медаль не кубок береміз. Биылғы үздіктерге кинотеатрға билет берсек деп отырмыз.
Әрине, бұл істі табыс көзінің бір түрі ретінде қараймыз. Қаншама энергия мен уақыт кетеді. Сондықтан ұйымдастыру шығынымен қатар өз табысымызды да есептейміз», – дейді алматылық жекеменшік өнер студиясының директоры Әйгерім ханым.
Бізде сондай байқауға қатысып жүрген баланың әке-шешесінің пікірі де қызықты еді. Сондықтан Астанадағы жеке өнер студиясында баласы домбыраға қатысып жүрген Серік есімді азаматты әңгімеге тарттық.
«Иә, ондай байқауларға қатысамыз. Домбырадан сабақ беретін ұстазы “зорлық жоқ, өз еркіңіз” дейді. Қазірдің өзінде үш-төртеуіне қатысып көрдік. Оқушылар сарайында өтті. Жүлделі орындар алып жүргенбіз. Диплом, кубок алған, бір жолы ойыншық дүкеніне 20 000 теңгеге сертификат берген. Студияда «Даму баламен» тегін оқиды ғой, сондықтан өз басым арасында ақылы конкурстарға қатысып отырса жаман емес деп ойлаймын».
Қазір нарық заманы болған соң сұраныс болса, ұсыныс та шығады. Дегенмен жасы үлкен ұстаздар «Кеңес уақытында арнайы мекеме болатын. Конкурс дегенді солар ғана ұйымдастыратын» деп айтып отырады. Сондықтан осы коммерциялық байқаулар жайлы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының маманы Дидар Бекбаевтың пікірін сұраған едік.
«Біздің Орталық әрдайым байқаулар өткізеді. Бюджеттік байқаулардан басқа да ақылы байқаулар өтеді. Мысалы, музыкалық бағыт бойынша Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы қарсаңында домбырашылар мен вокалистерге арналған байқау өткізіп жатырмыз.
Бір айта кететіні, біздің Орталық ұйымдастырған кез келген іс-шара, байқау жеңімпазын дайындаған педагогтерге пайдасы аз емес. «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы” ұйымдастырған әр шарасындағы педагогтердің нәтижелі жетістігі кейінгі аттестациядан өту кезінде ескеріледі. Бұл – бір ғана мысал.
Ал жеке коммерциялық байқаулар жайлы айту біз үшін қисынсыз шығар. Сондықтан ол жайлы ештеңе демей-ақ қоялық», – деді Дидар Мақсұтханұлы.
Білікті маманның тоқетер пікірін білу үшін Астана қаласындағы №2 музыка мектебінің ұстазы Арман Сыздықовтан осы мәселе жайлы сұрадық.
«Мұндай байқауларға еш қарсылығым жоқ. Қатысатындар табылады ғой. Бірақ біз үшін, яғни музыка мектептері шәкірттеріне жеке байқауларға қатысудың еш пайдасы жоқ. Пәленбай ақша төлейсің, тартқаны бір күй ғана. Алғаны – бір жапырақ мақтау қағазы.
Есесіне, өзіміздің балалар музыка/өнер мектептері арасында ұйымдастырылған күй жарыстары көп. Талаптары да жоғары. Қатысу тегін. Топ жарып бәйге алсаң, бізге де, оқушыға да абырой. Сондықтан музыка мектептерінде оқитын шәкірттер үшін керек емес дүние болса, ал жекеменшік студияларда оқитындарға коммерциялық байқаулар қатысып, сахнаға шығып, өнер көрсету жақсы мүмкіндік деп ойлаймын», – дейді Арман Қайдарұлы.
Құрметті оқырман, әдетте біз сөз соңында өз пікірімізді жазушы едік. Осы жолы өз ойымызды өзімізде сақтайық. Өйткені әркім өзінше түсінуі мүмкін. Сондықтан тек коммерциялық байқауларды ұйымдастырушылар жеке табысты емес, бірінші кезекке өнерді қойса екен деген қысқа тілегіміз ғана бар.
Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші