Бұл қойылым Eurasian Resources Group (ERG) құрамына кіретін «Қазхром» ТҰҚ АҚ-ның 30 жылдығына және Жұмысшы мамандықтары жылына арналды. Спектакль компания мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының шығармашылығы нәтижесінде дүниеге келді.
Бұл жобаны ерекшелігі – оның орындаушылары. Басты рөлдерді кәсіпқой актерлер емес, зауыт қызметкерлері – металлургтер, кран машинистері, слесарь, дәнекерлеушілер мен электриктер сомдады. Бұл жандар металл ғана емес, өнер де жасай алатындарын дәлелдеді.
– Кезекшіліктен соң үйге емес, бірден репетицияға баратынмын. Әрине, шаршадым, бірақ үлкен жауапкершілік сезіндім. Жұмысшылар да өнер көрсете алатынын дәлелдегім келді. Мюзиклде біз атқаратын еңбектің қуатын жеткізуге тырыстым, – дейді №4 балқыту цехының шихта беру машинасының машинисі Шымболат Қайратұлы.
Мюзикл металлургтердің жасырын талантын ашып қана қоймай, көрермендердің жүрегіне де жол тапты. Спектакльдің жүрегінде еңбек жолы, достық, сүйіспеншілік және ұжымдық бірлік жатыр.
№2 балқыту цехының металл есебін жүргізетін технигі Дана Иса үшін бұл қойылым – балалық арманның орындалуы болды:
– Мен алғаш рет сахнаға шықтым, бірден басты рөлде. Бұл – ғажап сезім! Өзіме сенуге мүмкіндік берген «Қазхромға» алғысым шексіз. Бұл менің өмірімді өзгертті, – дейді ол.
Ал балқытушы Дастан Қазбек сахнада өзін емес, өзінің қарама-қайшы кейіпкерін ойнағанын айтады. Бұл рөл оған жұмысқа деген махаббаттың арқасында оңай берілген:
– Мен өз ісімді жақсы көремін және мақтан тұтамын. Сол себепті кейіпкердің бейнесіне ену маған жеңіл болды, – дейді ол.
Қойылымның ерекше бөлігі – барлық әндердің қатысушылардың өз дауыстарымен орындалуы. Бұл спектакльге шыншыл атмосфера сыйлап, зауыт өмірінің рухын көрерменге жеткізді.
– Біз өз күнделікті өмірімізді көрсеттік: еңбек, махаббат, достық. Біздің зауытта отбасылар да осында құрылып жатады. Спектакльдің басты ойы – қауіпсіздік техникасын сақтау. Бұл – бәріміздің ортақ үндеуіміз, – дейді кран машинисі Айман Құттымұратова.
«Құрыш білек» мюзиклі – еңбек адамдарына деген құрмет пен мойындаудың символына айналды. Ол еңбек майталмандары тек цехта ғана емес, сахнада да қаһарман бола алатынын дәлелдеді.