in

Астанада ән падишасы «Роза Бағлановаға» арналған мюзикл өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының  Astana Мusical  мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклын қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мюзиклде КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың бала кезі мен жастық шағы, соғыс жылдары, шығармашылық жолы баяндалады. Ән падишасының тағдыры, оның ерлігі мен Отанға деген сүйіспеншілігі қойылымда шебер көрсетілді.

Мюзиклдың әр көрінісі – әнші өмірбаянының тек эпизоды ғана емес, шексіз таланты, мықты рухы және Отанға деген шексіз махаббаты көрініс тапқан шынайы эмоциялар. Көрермен тек әншінің шығармашылық жолының жарқын тұстарын ғана емес, сонымен қатар майдан күндері, шығармашылық жетістіктері мен өнерге деген жанкештілігіне куә болады. Театр әртістері миллиондаған жанның жүрегінен орын тапқан, ең қиын сәттерде үміт сыйлаған әншінің бейнесін әсерлі музыкалық нөмірлер, жүрек тебірентер монологтар мен кербез хореография арқылы жеткізеді.

Роза Бағланова рөлін Зарина Макина, Ыдырысты (Роза Бағланованың інісі) Асхат Байтлеу сомдады. Қоюшы-режиссер –   Astana Musical  мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин. Композиторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері   Артур Оренбургский.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.