in

Астанада Қытайдың Күз ортасы мерекесі мен Тәуелсіздік күнін атап өтті

Астана халықаралық университеті Қытай елшілігінің қолдауымен Күз ортасы мерекесі мен Қытай Халық Республикасының құрылған күніне орай мәдени шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиынға Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлин мен Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев қатысып, мерекенің маңызы мен екі ел арасындағы достық қарым-қатынас жайлы ерекше атап өтті.

– Ертең біз Қытай Халық Республикасының құрылғанына 76 жыл толуын атап өтеміз. Ал екі күннен кейін Қытайдың ең көне дәстүрлі мерекелерінің бірі – Күз ортасы мерекесі келеді. Бұл мереке молшылық пен берекенің, егін маусымының аяқталуы және отбасы бірлігінің нышаны саналады. Ол Қытай мәдениетінде маңызды рухани белгіге айналған. 3000 жылдан астам бұрын, Чжоу әулеті дәуірінде пайда болып, айды дәріптеу мен оған тағзым ету дәстүрлерінен бастау алған. Жаңа Қытай құрылғаннан бергі 76 жыл ішінде партия халықты соңынан ертіп, әлем тарихында сирек кездесетін ұлы жетістікке қол жеткізді – қарқынды экономикалық өрлеу мен ұзамерзімді әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қытай ұлты ұлы серпіліс жасап, қуатты мемлекет дәрежесіне көтерілді, – деді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлин.

Бұл жиын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени диалог пен стратегиялық әріптестікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ол мәдени алмасудың көпіріне айналып, Қытайды абстрактілі ұғым ретінде емес, оның ұлттық тағамдары, музыкасы, қолөнері мен дәстүрлері арқылы тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.

– Қытай халқының ең көне әрі қастерлі мерекелерінің бірі – Күз ортасы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн ежелден бері отбасының бірлігін, жарасымдылық пен берекені білдіріп, нұрлы айдың дөңгеленіп толысуы ұрпақтар сабақтастығы мен жарқын болашаққа деген үміттің айшығына айналған. Сонымен қатар келе жатқан Қытай Халық Республикасының құрылған күнімен қытайлық әріптестерімізді құттықтаймын. Қытай Қазақстанның стратегиялық әріптестері арасында айрықша орын алады. Қытай Халық Республикасына бейбіт өмір, тұрақтылық, өркендеу мен жаңа жетістіктер тілейміз, – деп атап өтті Астана халықаралық университетінің президенті Ирсалиев Серік.

Сондай-ақ студенттер мен оқытушылар үшін көкжиегін кеңейтіп, мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға жағдай жасайды. Халықаралық қатынастар тұрғысынан екі ел халқы арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтады.

Осылайша, аталмыш шара Қазақстан мен Қытайдың серіктестігін одан әрі дамытуға үлес қосып, саясат, экономика, білім және мәдениет салаларында ынтымақтастыққа негіз қалайды.